Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында екінші деңгейлі банктерге нақты әрі қатаң ескерту жасады. Мемлекет басшысы қаржы институттарының орасан зор пайдаға кенеліп, бірақ нақты сектор мен өндірісті ұзақмерзімді қаржыландырудан қашып отырған саясатын тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
75 триллиондық актив және тұтынушылық қарыз тұзағы
Бүгінде еліміздің қаржы жүйесі сырт көзге өте орнықты әрі ауқатты көрінеді. Мемлекет басшысы келтірген мәліметке сәйкес, отандық банктердің жалпы активі 75 триллион теңгеден асып, депозиттер көлемі рекордтық 52 триллион теңгеге жеткен. Оның 78 пайызы ұлттық валютада сақтаулы. Сонымен қатар қаржы ұйымдарының қолында 23 триллион теңгеден астам бос өтімділік жинақталып тұр.
Алайда осы алып капиталдың нақты өндіріске тигізер септігі шамалы болып отыр. Қазір банктер қарапайым халыққа 26,5 триллион теңге тұтынушылық несие таратып, жоғары пайыздан оңай пайда тауып жүр. Ал тұтас елдегі бизнеске берілген қарыз көлемі небәрі 16,4 триллион теңгені құрайды. Яғни қаржы алпауыттары зауыт-фабрикалар салып, экономиканы дамытуға емес, халықты қарызға батырып, пайыз жинауға бейімделіп алған.
Тоқаевтың қатаң талабы: «Талқылауға уақыт жоқ»
Мемлекет басшысы бұл теңгерімсіздікті дереу жоюды тапсырды. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік даму институттарының қаржысы жаңа өндірістерді толық қамтуға жетпейді, сондықтан банктер өзінің негізгі миссиясына оралуға міндетті.
«Біздің экономикамыз ұзақмерзімді қаржыландыруды талап етеді, оның ауқымы бюджет пен даму институттарының мүмкіндігінен асып түседі. Банктер бизнесті инвестициялық несиелеуге барынша белсенді қатысуы тиіс. Бұл – олардың негізгі миссиясы. Ол үшін банк жүйесіндегі еркін өтімділікті тиімді басқару арқылы тиісті реттеуші жағдай жасау қажет. Ал бұл өтімділік өте үлкен көлемде бар. Бітпейтін талқылаулар өткізуге уақытымыз жоқ. Елді өркендеу жолына бастайтын шешімдер қажет», – деді Президент Тоқаев.
Президент банктердің, даму институттарының, халықаралық ұйымдардың және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қатысуымен ұзақмерзімді несие берудің жаңа тетіктерін іске қосуды жүктеді.
Қор нарығы мен зейнетақы активтерін тарту
Жолдауда бизнеске қаржы құюдың тек банктермен шектелмейтіні айтылды. Үкіметке әзірленіп жатқан Капитал нарығы туралы жаңа заң аясында жеке кәсіпорындардың биржа құралдарын кеңінен пайдалануына жағдай жасау міндеттелді.
Сондай-ақ Қазақстан қор биржасы (KASE), «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және құрылып жатқан Alatau City кешені бірлесе жұмыс істейтін бірыңғай қаржылық экожүйе құрылуы тиіс. Осы тетіктер арқылы ел ішіндегі және шетелдегі инвестицияларды нақты өндірістік жобаларға тарту көзделген.
Олигополия билік талабына көне ме?
Банк секторының нақты секторға қаржы құюдан қашуы – ондаған жыл бойы шешілмей келе жатқан күрделі дерт. Себебі банктер үшін Ұлттық банктің ноталарына ақша салып, еш тәуекелсіз кепілдендірілген пайыз алу немесе азаматтарға 30-40 пайызбен тұтынушылық несие үлестіру әлдеқайда майлы әрі қауіпсіз. Ал бес-он жылда өзін-өзі ақтайтын зауыт құрылысын қаржыландыру үлкен тәуекелмен байланысты.
Қаржылық олигополия мемлекеттің талабын орындағандай кейіп танытып, нақты істе түрлі сылтаулар ойлап табуы мүмкін. Мәселен, субсидияланған арзан несиелерді тек өздерімен байланысы бар ірі холдингтерге таратып, шағын және орта бизнесті тағы да қағажу қалдыру қаупі бар.
Егер Ұлттық банк пен қаржылық реттеушілер банктердің мемлекеттік бағалы қағаздардан табатын табысына салықты қатаңдатпаса және өтімділікті нақты секторға бағыттауды заңмен міндеттемесе, банкирлердің көлеңкелі қарсылығы тоқтамайды. Президенттің Жолдаудағы өткір мәлімдемесі – қаржы олигархтары мен мемлекеттік мүдде арасындағы шешуші текетірестің басталғанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







