«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Алматы қаласы мен Алматы облысын электр қуатымен қамтамасыз ететін еншілес кәсіпорны – «Алатау Жарық Компаниясы» (АЖК) акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Абай Асыловты «Құрмет» орденімен марапаттады. Жарықтың жиі сөнуінен, желідегі кернеудің ойнауынан және қосалқы станциялардағы апаттардан көз ашпаған жұртшылық мұндай марапатты нағыз мазақ пен көзбояушылық ретінде қабылдап, наразылық танытуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кім кімді марапаттады: «Анасының» «қызына» тартуы
Нұрлан Жақыпов басқаратын бас холдинг пен оның энергетикалық құрылымы мереке қарсаңында өз қызметкерлерін марапаттау салтанатын өткізді. Осы жиында Алматы өңірінің электр желілерін басқарып отырған Абай Асыловқа жоғары мемлекеттік награда табысталды.
Қызығы сол, бұл марапаттау шарасы Асыловтың 22 қазанда атап өткен туған күнімен және Республика күнімен тұспа-тұс келді. Қоғам белсенділері мен тұрғындар «ұлттық холдинг жекеменшік мекеме басшысының туған күніне орай орден тағатын деңгейге жетті ме?» деп ашынуда. «Анасы» өзінің еншілес «қызын» марапаттағанда, саладағы нақты жұмыстың нәтижесі мүлде ескерусіз қалғандай.
Өртенген станциялар мен Шіліктен Талғарға дейінгі тоқырау
Орден иеленген басшының нақты нәтижесіне қарасақ, мақтанатын дәнеңе жоқ. Мегаполис пен оның маңындағы аудандарда электр қуатының тұрақсыздығы созылмалы дертке айналған:
Алматының шағынаудандары мен қала маңындағы ауылдарда жарық апта сайын себепсіз сөнеді;
Желідегі кернеу 220 вольтқа жетпей, 140–160 вольтке дейін құлдырап, қарапайым тұрғындардың қымбат тұрмыстық техникалары жаппай күйіп жатыр;
Қағаз жүзінде жүздеген миллион теңгеге «жаңғыртылды» деп есеп берілген қосалқы станциялар іс жүзінде жарылып, өртке орануда;
Шіліктен Талғарға дейінгі алып аумақта кернеудің түсіп кету мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді.
Электр желілерін заманауи талапқа сай түбегейлі жаңартудың орнына, облыс аумағындағы шенеуніктердің бар бітіргені – сымдарға тиген «тал-теректерді бұтаумен» ғана шектеліп отыр. Қағазда бәрі мінсіз, ал іс жүзінде халықтың шамы әрең жылтырайды.
Тоқаевтың сыны және жазасыздық мәдениеті
Осыдан санаулы күндер бұрын ғана Президент Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында энергетика саласындағы былықты жеріне жеткізе сынаған болатын. Мемлекет басшысы елде жаңа қуат көздері салынбай, электр тапшылығы ушығып тұрғанда салада бос сөз бен шоудың көбейіп кеткенін ашық айтты. Тіпті дәл осы мәселелерге байланысты «Самұрық-Энерго» басшысы қызметінен шұғыл қуылып жатқан тұста, Алматыны жарықсыз қалдырған АЖК жетекшісіне салтанатты түрде орден тағу – биліктің өз сөзіне өзі қарсы шығуымен тең.
Егер Президенттің энергетикалық қауіпсіздік туралы қатаң талабы орындалатын болса, марапат үлестірген «аналық» холдингті де баласын дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапқа тарту қажет.
Орден емес, энергетика оқулығын сыйлау керек
Абай Асыловқа сәнді медаль таққанша, оған KEGOC желісінен келетін қуатты қалыпты 220 вольтке қалай түсіру керектігі жазылған қарапайым энергетика оқулығын сыйлаған әлдеқайда пайдалы болар еді. Сала басшылары жоғары класты трансформаторларды орнатуды тек презентацияларда жоспарлап, нақты жұмысты ұмытқан.
Алматылықтардың үйіндегі тоңазытқыш пен теледидар күйіп, қыс ортасында балалар бүрсеңдеп отырғанда тағылған «Құрмет» ордені – марапаттың емес, саладағы жауапсыздықтың символы болып қалмақ.
Халықтың қалтасынан жылына миллиардтаған теңге тариф төлемін жинап отырған монополистер өздерінің міндетін орындай алмаған кезде жаза тартудың орнына, бір-біріне марапат үлестіріп отырғаны қоғамның ашу-ызасын туғызбай қоймайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







