Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі еліміздегі түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ермек Шұрманов пен тамақтандыру басқармасының басшысы Фуркат Худайбергеновті тұтқындады. Түрмедегі тар қапаста отырғандардың ас-ауқатынан жымқырып, мемлекет қаржысын талан-таражға салған шенеуніктер қызметтік кабинеттерінде қолға түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қызметтік кабинеттегі құрықтау
Арнайы қызмет өкілдері кәсіпорын кеңсесіне кіріп, қос басшыны жұмыс орнында ұстаған. Оларға түзеу мекемелеріне азық-түлік сатып алу және жеткізу саласында ірі көлемде сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылып отыр.
Ермек Шұрманов аталған лауазымға Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тұсында тағайындалған болатын. Қауіпсіздік органдарының назарын кәсіпорынға жаңа басшылық келгеннен кейін басталған түсініксіз өзгерістер мен түрмелерден үздіксіз түскен арыз-шағымдар аударған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, бюджет қаржысын жымқырудың нақты көлемі анықталуда.
Сегіз жеткізушіден бір монополиске дейін
Тергеу материалдары көрсеткендей, жаңа басшылық тағайындалғаннан кейін колонияларды азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесі күрт өзгерген. Бұған дейін түзеу мекемелеріне тамақ өнімдерін өңірлер бойынша сегіз түрлі тәуелсіз жеткізуші тасымалдап, нарықта белгілі бір бәсекелестік пен бақылау сақталып келген еді.
Алайда «Еңбек» кәсіпорнының басшылығы күмәнді схема құрып, миллиардтаған теңгенің азық-түлік тасымалын бір ғана компанияның қолына шоғырландырып берген.
Осы жасанды монополияның кесірінен еліміздің түзеу мекемелерінде сотталғандарды сапалы тамақпен қамту деңгейі күрт нашарлап, нағыз тапшылық басталған. Абақтыларда сапасыз, шіріген өнімдердің берілуі және белгіленген калориялық нормалардың сақталмауы арнайы қызметтің жедел тексеру жүргізуіне түрткі болды.
Түрме асханасындағы қорлық
Темір тордың арғы жағында, шарасыз күйде отырған адамдардың аузындағы асын талау – моральдық тұрғыдан да, заң тұрғысынан да шектен шыққан жауыздық. Сотталғандар дүкен аралап, өз тамағын өзі таңдай алмайды, олар толықтай мемлекеттің қарауында.
Осындай қорғансыз жандардың күнкөрісіне бөлінген бюджеттік қаржыны жеке қалтаға басып, сапасыз суррогатпен тамақтандыру – түрмелердегі онсыз да күрделі ахуалды ушықтырып, қарсылықтар мен бүліктердің туындауына тікелей қатер төндірді. Мәселені Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік қызметі емес, ҰҚК-нің арнайы басқармасы келіп әшкерелеуі – полицияның ішкі бақылау жүйесінің шіріп кеткенін аңғартады.
Ertenmedia ракурсы: ІІМ басшылығына тиген ауыр соққы
«Еңбек» РМК басшыларының жемқорлықпен ұсталуы – Ішкі істер министрлігі мен оның бірінші басшысы Ержан Сәденовтің беделіне тиген ауыр соққы. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұған дейін де заңсыздықтар, азаптаулар мен бопсалау фактілерімен ел назарына жиі ілігіп жүрген еді. Енді бұл тізімге тұтқындардың азығынан ақша жасаған қарауылдардың былығы қосылды.
Өз жүйесіндегі кадрлардың осындай ашық тонауға барғаны министрлік басшылығының жауапкершілігін қатаң күн тәртібіне қояды. Өйткені ведомство қарамағындағы стратегиялық кәсіпорынның барлық жеткізушілерді ысырып тастап, бір ғана фирмаға монополия жасап бергенін жоғары басшылық көрмей қалды дегенге сену қиын.
Ақорда мемлекеттік органдардағы жемқорлықпен ымырасыз күрес жариялаған шақта, тікелей ІІМ-нің қарамағындағы мекемеде орын алған бұл масқара оқиға жай ғана қылмыстық іспен бітпеуі тиіс.
Бұл жағдай Ішкі істер министрлігінің кадр саясатын түбегейлі қайта қарап, жабық колониялардағы қаржылық жымқыруларға көз жұмған жоғары лауазымды шенділердің саяси жауапкершілігін талап етеді. Егер түрмедегі адамдардың тамағын талауға жол берілсе, құқық қорғау саласының қоғам алдындағы қандай да бір сенімі туралы айтудың өзі артық.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






