Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Ирменов Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақорда таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, бұған дейін комитет тізгінін ұстаған Ермек Сағымбаев қызметінен босатылды. Марат Ирменов жаңа қызметке бекітілуіне байланысты бұрын атқарған лауазымынан босатылды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген ресми Жарлық мәтінінде.
Білімі мен қызмет жолының бастауы
Марат Ғатаұллаұлы Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Ол арнайы қауіпсіздік саласындағы кәсіби білімін 1996 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің институтында шыңдады. Кейін 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясында заңгерлік мамандық алды.
Ол ұлттық қауіпсіздік органдарындағы қызметін 1996 жылы қатардағы жедел қызмет лауазымдарынан бастап, 2000 жылға дейін жедел бөлімшелерде қызмет етті.
Басшылық қызметтер мен тәжірибесі
2000 жылдан бастап Марат Ирменов ұлттық қауіпсіздік органдарында жауапты басшылық қызметтерді атқарды. Ол Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментін басқарды, ал 2022 жылдың қаңтарынан бастап ведомствоның Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы қызметін атқарған болатын.
2025 жылдың қазан айында президент өкімімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына бекітілді. Енді Мемлекет басшысының жаңа шешімімен еліміздің бас қауіпсіздік органының тізгінін толық қолға алып отыр.
Марат Ирменов ұлттық қауіпсіздік құрылымында жедел сатыдан жоғары басшылыққа дейін өткен. 2019 жылы оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілген.
Мемлекеттік марапаттары
Жаңа төраға ұзақ жылғы қызметі мен ел қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталған. Сонымен қатар ведомстволық, мемлекеттік және мерейтойлық медальдармен марапатталған, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері болып табылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







