Президент Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берді. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың беталысына баға берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың негізі терең достық пен көршілікке құрылғанын ерекше атап өтті.
«Қытай төрағасы, құрметті Си Цзиньпиннің былтыр қыркүйекте Қазақстанға жасаған сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығын» бастады. Пандемиядан кейінгі алғашқы сапарын Бейжің басшысының Қазақстанға жасағаны біздің елдер арасындағы байланыстың маңызын көрсетеді», – деді президент.
Президенттің Қытайда өткізген сегіз жылы
Тоқаев өз сөзінде Қытаймен жеке байланысы туралы да айтты.
«Төраға Си Цзиньпинмен кездесулерімді ерекше жылылықпен еске аламын. Біз әрдайым ашық және сенімді әңгіме барысында маңызды мәселелерді, әлемдік жағдайларды және екі елдің жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайту жолдарын талқылаймыз. Кейде әңгіме барысында маңызды ойларды нақты жеткізу үшін қытайша сөйлейтін сәттерім де болады. Жалпы, студенттік шағымның жарқын сәттері мен дипломатиялық мансабымның алғашқы кезеңдері Қытаймен тікелей байланысты. Қытайда өткізген 8 жыл ішінде осы елдің мәдениетін, тарихын, дәстүрі мен тілін терең зерттедім», – деді президент.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастың негізгі бес бағытын атап көрсетті.
«Қазақстан Қытаймен өзара ынтымақтастықты инвестициялық салада одан әрі тереңдетуге дайын. Әсіресе ауыл шаруашылығы, жаңа энергетика, автомобиль өндірісі сияқты секторларға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ, екі ел арасындағы көлік-логистика бағыттарын кеңейту қажет. Қазірдің өзінде Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жол салынып жатыр. Жақын арада ортақ шекарамызда үшінші теміржол бекетінің құрылысы басталады», – деді ол.
Гуманитарлық байланысқа екпін беріледі
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстардың да жанданатынын атап өтті.
«Мәдени орталықтар, Лу Бань шеберханалары, университет филиалдары ашылып, визасыз режим енгізіліп, әуе қатынасының жиілігі артуда. Бұл қадамдар екі халықтың бір-бірін терең түсініп, достығының нығаюына оң әсер етеді», – деді президент.
Мемлекет басшысы сөз соңында екі елді алдағы уақытта үлкен жетістіктер мен ортақ жеңістер күтіп тұрғанына сенімді екенін айтты.
Айта кетейік, 2-4 шілде күндері Қытай төрағасы Си Цзиньпин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

