2024 жылдың 26 маусымында Түркістан облысында терроризмді насихаттады деген күдікке ілінген төрт азамат ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Арнайы операцияны Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен және Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ұсталғандардың бірі шетелде ұзақ уақыт тұрып, сол жақта радикалдық діни идеологияның ықпалына түскен болуы ықтимал.
Күдіктілердің мекенжайына жүргізілген тінту кезінде радикалдық мазмұндағы әдебиеттер мен басқа да заттай айғақтар тәркіленген. Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 256-бабы 1 және 2-бөлігі («Терроризмдi насихаттау») бойынша тергеу басталды.
Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сай, іске қатысты басқа мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Шағын анықтама
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасында терроризмді насихаттаған азаматтарға бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар мұндай қылмысқа барған тұлғалардың мүлкі тәркіленуі мүмкін. Терроризм мен экстремизмді насихаттаған материалдарды таратқаны үшін де қатаң жаза қолданылады. Азаматтардың діни радикалды ағымдарға қатысы дәлелденсе, олар діни қызметпен айналысу құқығынан да айырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

