2026 жылдың алғашқы екі айында мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін қаражат 597, 4 мың адамды қамтыды. Мұның ішінде жаңа туған сәби, бала күтіміне шыққан ана, жұмысынан уақытша қол үзген ата-ана, отбасының күнделікті шығынын жоспарлап отырған азаматтар бар. Сондықтан әлеуметтік қорғау жүйесі елдегі демографиялық саясаттың да, отбасылық тұрақтылықтың маңызды құралына айналған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бала дүниеге келген кезде берілетін жәрдемақы мемлекеттің отбасына алғашқы қаржылық қолдауы. Жыл басынан бері республикалық бюджеттен осы бағытқа 10, 1 млрд теңге бөлініп, 50, 9 мың адам қамтыған. Ақпан айының өзінде 22, 4 мың адамға 4, 5 млрд теңге төленді. Мұндай қолдау бала туған, асырап алған немесе қамқорлыққа алған азаматтарға, қандастарға, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктерге берілетіні белгілі.
2026 жылы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 164 350 теңге болып белгіленді. Төртінші және одан кейінгі балаға 63 АЕК немесе 272 475 теңге төленеді.
Мұндай айырмашылық көпбалалы отбасыларға түсетін қосымша шығынды ескеруге бағытталған. Баланың дүниеге келуі әр отбасында қуаныш болғанымен, бір мезетте үлкен материалдық жауапкершілікті аталап етеді. Киім-кешек, дәрі-дәрмек, күтім құралдары, медициналық қызмет, тұрмыстық қажеттілік – бәрі қосымша шығын. Осы тұста біржолғы жәрдемақы отбасының алғашқы кезеңдегі қаржылық жүгін жеңілдетеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған азаматтар үшін бала 1, 5 жасқа толғанға дейін төленетін мемлекеттік жәрдемақы негізгі әлеуметтік сүйеніштің бірі болып отыр. Есепті кезеңде бұл бағыт бойынша 129, 8 мың адам 8, 3 млрд теңге көлемінде төлем алды. Ақпан айында 129, 5 мың адамға 4, 2 млрд теңге төленген. Бірінші балаға ай сайын 24 912 теңге, екінші балаға 29 454 теңге, үшінші балаға 33 952 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 38 493 теңге қарастырылған.
Осы қаражат отбасының барлық шығынын толық жабады деу қиын. Алайда әлеуметтік қорғау жүйесінің мәні бір ғана төлемнің көлемімен өлшенбейді. Маңыздысы мемлекет баланың алғашқы өмір кезеңінде ата-ананы жалғыз қалдырмайды. Әсіресе тұрақты табысы жоқ, еңбек нарығына толық қосылмаған азаматтар үшін бұл төлем күнделікті қажеттіліктің бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.
Жұмыс істейтін азаматтар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленетін төлемдердің рөлі бөлек. Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылған жағдайда берілетін біржолғы әлеуметтік төлем еңбек демалысының барлық күніне тағайындалады.
Оның мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріс пен еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты есептеледі. Жыл басынан бері бұл төлемді 30, 8 мың адам алып, жалпы сома 29, 7 млрд теңгеге жетті. Ақпан айында ғана 13, 8 мың адамға 12, 9 млрд теңге төленді. Есепті кезеңде тағайындалған орташа төлем мөлшері 1 158 107 теңгені құрады.
Әлеуметтік әділеттілікті де сақтаудың маңызы
Бұл көрсеткіш әлеуметтік сақтандырудың еңбек адамы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Азамат жұмыс істеп, әлеуметтік аударым жасаса, өміріндегі маңызды кезеңде табысынан толық айырылып қалмайды. Жүктілік және босану демалысына шыққан әйел үшін мұндай төлем еңбек құқығының қорғалғанын білдіретін нақты механизм. Ол ана мен баланың денсаулығына, отбасының психологиялық тыныштығына және тұрмыстық тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем де маңызды құралға айналды. Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады.
Мөлшері соңғы екі жылда әлеуметтік аударым жүргізілген орташа айлық кірістің 40 пайызына тең. Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке беріледі. 2026 жылдың екі айында мұндай төлем 385, 9 мың адамға тағайындалып, оның көлемі 64, 1 млрд теңгені құрады. Есепті кезеңде ай сайынғы орташа төлем 78 394 теңге болды.
Осы деректерден бір нәрсе анық байқаймз. Әлеуметтік қорғау жүйесі бюджеттен берілетін жәрдемақымен ғана шектелмейді. Ол еңбек нарығы, сақтандыру жүйесі, отбасы саясаты және демографиялық даму сияқты бірнеше бағытты біріктіреді.
Бір жағында мемлекет кепілдік беретін базалық төлемдер бар. Екінші жағында жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік аударымдары арқылы қалыптасатын сақтандыру төлемдері тұр. Осындай аралас жүйе азаматтың еңбек белсенділігін де ынталандырады, әлеуметтік әділеттілікті де сақтауға тырысады.
2026 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың 10 пайызға индекстелуі де маңызды шешім. Инфляция, азық-түлік бағасы, тұрмыстық шығын, балаларға арналған тауарлар құны өскен кезде әлеуметтік төлемдердің өзгеріссіз қалуы отбасыларға салмақ түсірер еді. Индекстеу осы қысымды белгілі бір деңгейде жұмсартуға бағытталған.
Әлеуметтік қорғаудың маңызын түсіндіру үшін оны тек «жәрдемақы беру» деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл елдегі тұрақтылықтың жұмсақ инфрақұрылымы. Отбасы бала дүниеге келген кезде белгілі бір қаржылық кепілдікке сүйенсе, қоғамда сенім артады.
Қазақстан үшін мұндай саясаттың демографиялық мәні де бар. Бала туу көрсеткіші тек отбасының жеке шешімімен ғана емес, әлеуметтік ортадағы сеніммен де байланысты. Адам ертеңгі күніне сенсе, тұрақты табысқа, медициналық көмекке, білімге және әлеуметтік қолдауға үміт артса, отбасы құру мен бала тәрбиелеу туралы шешімді еркін қабылдайды. Сондықтан бала тууға және бала күтіміне берілетін төлемдер елдің демографиялық қауіпсіздігімен тікелей сабақтас.
Сонымен бірге әлеуметтік қорғау жүйесі қоғамдағы теңсіздікті азайтуға ықпал етеді. Табысы жоғары отбасы баланың алғашқы кезеңіндегі шығынды өз күшімен көтеруі мүмкін. Ал табысы төмен немесе тұрақсыз жұмыста жүрген азаматтар үшін мемлекеттік қолдау шешуші мәнге ие. Әсіресе ауылдағы, шағын қаладағы, жалғызбасты немесе көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы күнделікті өмірдің нақты тірегіне айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







