Көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімі жас сарбаздармен толықты. Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген отан қорғаушылар әскери даярлық курсына кірісіп кетті. Олар алдағы бір жылда әскери тәртіпке, жауапкершілікке және жауынгерлік мамандықтарға бейімделетін болады. Бригада командирінің орынбасары, подполковник Қуаныш Айдынғалиев Ertenmedia.kz сайтына сұхбат беріп, әскерге келген жас буынның алғашқы қадамы жайында айтып берді.
– Қуаныш мырза, көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында 35748 әскери бөліміне келген жас толықтыру туралы айтып өтсеңіз.
– Биылғы көктемгі шақыру аясында біздің әскери бөлімге Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан жас толықтыру командалары келіп жетті. Қазіргі уақытта бөлім қатары шамамен 120 шақырылушымен толықты. Жақын күндері Жамбыл облысынан тағы 55 жас сарбаз келеді деп күтудеміз.
Әр өңірден келген жігіттің мінезі, тәрбиесі, өмірлік тәжірибесі бөлек. Бірақ әскери бөлімге кірген сәттен бастап олардың бәрін бір ортақ ұғым біріктіреді. Ол Отан алдындағы борыш, әскери тәртіп және жауынгерлік бауырластық.
Біз үшін жас толықтыруды қарсы алудың маңызы зор. Сондықтан шақырылушылар бөлімге тәуліктің әртүрлі уақытында келгеніне қарамастан, оларды әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты түрде қарсы аламыз.
Жас сарбазға алғашқы әсер өте маңызды. Ол бөлімге келген сәтте өзін бөтен жерде емес, тәртібі бар, дәстүрі бар, тарихы бар ортаға түскенін сезінуі керек. Командалық құрам таныстырылады, әскери бөлімнің тарихы айтылады, алдағы күн тәртібі түсіндіріледі.
– Алғашқы күндері сарбаздар көбіне өздерін қалай сезінеді?
– Әрине, қобалжу болады. Үйден алғаш рет ұзақ уақытқа шыққан жігіттер бар. Бірі колледжден кейін келді, бірі жұмыс істеп жүрген жерінен келді. Енді бірі отбасынан алыстауға алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. Бұл табиғи жағдай.
Бірақ алғашқы күндердің басты міндеті сол қобалжуды тәртіпке, түсінікке және сенімге айналдыру. Командирлер мен сержанттар жас сарбаздарға бағыт беріп, әскери ортаға бейімдейді. Бірнеше күннен кейін жігіттердің өздері де үйрене бастайды. Әскердің ырғағы бар, сол ырғаққа түскен адам тез жинақталады.
Бірінші кезекте жас сарбаздар төрт аптаға созылатын бастапқы әскери даярлық курсынан өтеді. Осы уақытта олар жалпыәскери пәндердің негізгі бағыттарын меңгереді. Саптық дайындық, дене дайындығы, әскери-медициналық дайындық, жалпыәскери жарғылар, әскери қызмет қауіпсіздігі бойынша сабақтар жүргізіледі. Әскерге келген жас бірден күрделі тапсырмаға кірісіппейтінін айта кетуіміз керек.

Алдымен әскери тәртіптің әліппесін үйренеді. Қалай тұру керек, қалай қозғалу керек, бұйрықты қалай орындау керек, қаруға қалай қарау керек, бөлім ішінде өзін қалай ұстау керек бәрі осы кезеңде қалыптасады.
Алғашқы төрт апта сарбаздың бүкіл қызметіне негіз болады. Егер осы кезеңде тәртіп, жауапкершілік, қауіпсіздік дағдысы дұрыс қалыптасса, кейінгі қызмет те жеңіл өтеді.
Сапта тұру, киімін реттеу, қаруды дұрыс ұстау, команданы дәл орындау, жолдасына көмектесу тәртіптің бөлшегі.
– Қуаныш мырза, сіздерде сарбаздар қандай әскери мамандықтарды меңгереді?
– Алдағы 12 айда бұл әскери бөлім олар үшін екінші үйге айналады. Осы уақыт ішінде олар атқыш, пулеметші, гранатометші сияқты әскери мамандықтарды меңгереді. Әр мамандықтың өз жауапкершілігі бар.
Атқышқа дәлдік керек, пулеметшіге төзім мен салмақ керек, гранатометшіге есеп пен сабыр керек. Бірақ қай мамандық болса да, ең алдымен жауынгер тәртіпті, сергек және сенімді болуы тиіс. Әскерде бір адамның дайындығы бөлімшенің жалпы қабілетіне әсер етеді.
Әскер жігітті тез есейтеді. Мұнда адам уақыттың қадірін, тәртіптің мәнін, жауапкершіліктің салмағын сезінеді. Үйде ата-ана ескертіп отыруы мүмкін, ал әскерде өзің жинақы болуың керек.
Ерте тұру, жаттығу жасау, тапсырманы уақытында орындау, ұжыммен өмір сүру, үлкенді сыйлау, командирдің бұйрығын тыңдаудың маңызы зор. Бір жыл аз уақыт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ сол бір жыл ішінде жас адам өмір бойына керек дағды алады.
– Қазір кей жастар әскерден қорқуы мүмкін, оларға не айтар едіңіз?
– Қорқыныш көбіне білмесітктен туындайды. Әскер туралы сырттан айтылатын әртүрлі әңгіме бар. Бірақ бүгінгі әскери бөлімдерде жас сарбазды қабылдау, орналастыру, медициналық бақылау, тамақтандыру, оқыту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тәртіп бар.
Біз әр сарбаздың бейімделуін бақылап отырамыз. Тәжірибелі офицерлер мен сержанттардан құралған оқу-жиын әкімшілігі тағайындалған. Олар жас сарбаздарға әскери істің қыр-сырын үйретеді. Әскерден қорқудың қажеті жоқ. Әскерге дайындықпен, жауапкершілікпен және дұрыс ниетпен келу керек.
Біздің бөлімше медициналық пункт қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Сарбаздардың орналасуы, күн тәртібі, тамақтануы, медициналық тексеруі, оқу кестесі жоспарға сай жүзеге асды. Мақсатымыз жас сарбаздың әскери ортаға мүмкіндігінше дұрыс бейімделуі.
– Сарбаздардың қауіпсіздігі қалай қадағаланады?
– Әскери қызметте қауіпсіздік бірінші орында. Сабақ кезінде де, қару ұстағанда да, полигонға шыққанда да, күнделікті тұрмыста да қауіпсіздік ережесі қатаң сақталады. Жас сарбазға кез келген әрекеттің тәртібі түсіндіріледі.
Қаруды қалай ұстау керек, сапта қалай қозғалу керек, техника маңында қалай жүру керек, медициналық көмекке қашан жүгінуі керек екенін меңгереді. Әскердегі тәртіптің бір мақсаты адамды шыңдау болса, екінші мақсаты оның амандығын сақтау.

Бастапқы даярлық курсы полигонға шығумен және атыс қаруынан оқу-жаттығу атыстарын орындаумен аяқталады. Бұл жас сарбаз үшін ерекше кезең. Себебі ол бір ай бойы үйренген тәртіп пен дағдыны тәжірибеде көреді. Қару ұстау үлкен жауапкершілік. Әр оқ, әр қозғалыс, әр пәрмен нақты тәртіпке бағынады. Полигон жас сарбаздың өзіне деген сенімін арттырады, бірақ сонымен қатар әскери қызметтің салмағын да сездіреді.
– Әскерге шақырылған жастарға қандай басты кеңес берер едіңіз?
– Ең басты кеңес тәртіптен қашпау. Әскерге келген адам алдымен тыңдап, үйренуге күш салуы керек. Екіншіден, дене дайындығына мән беру қажет. Үшіншіден, жолдасымен дұрыс қарым-қатынас орнатуы керек. Төртіншіден, қиындықты уақытша сынақ деп қабылдаған жөн.
Әскерде алғашқы күндер ауыр көрінуі мүмкін, бірақ адам үйренеді. Бір жылдан кейін көп сарбаз осы кезеңнің өзіне қаншалықты пайдалы болғанын түсінеді.
Әскерден өткен адам өмірге басқаша қарайды. Ол уақытты бағалайды, тәртіптің мәнін түсінеді, қиындықтан қашпайды. Біздің бөлімге келген әр сарбаздың Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шығуына барлық жағдай жасалған. Алдағы 12 ай олар үшін үлкен мектеп болады. Осы мектептен шыңдалып шыққан жігіт ертең өз отбасына да, қоғамға да, елге де пайдалы азамат болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







