Алматыда бопсалау күдігімен ұсталған екі блогер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Алматы прокуратурасының Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабында қазір қалалық полиция департаменті ҚР ҚК 194-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша соталды тергеу жүргізіп жатқаны айтылған.
Айта кетейік, бұл баптың санкциясы бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Полицияның мәлімдемесі
23 қаңтарда полиция қызметкерлері жәбірленушінің арызы бойынша Алматыда кәсіпкер мен екі блогерді ұстады.
«Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп жазылған хабарламада.
Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ұсталғандар кімдер?
ҚазТАГ мәліметіне сүйенсек, ұсталған блогерлер – Дамир Көшеев пен Руслан Кәрімов.
«Көшеев бұған дейін Алматы прокуратурасының ғимаратында қоғамдық тәртіпті бұзу туралы іс бойынша 15 тәулікке қамауға алынған болатын», — деп жазылған ақпаратта.