Қызылорда облысында азаматтық қоғам институттарының рөлі халықпен ашық диалог тұрғысынан ерекше маңызға ие болып отыр. Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер қозғалысы мен азаматтық бастамашыл топтар мемлекеттік саясаттың халыққа жақын болуына ықпал етіп келеді. Осы ретте Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетпен болған сұхбатта Ertenmedia.kz азаматтық сектордың бүгінгі салмағын саралауға күш салды.
– Мейрамбек Зинабдинұлы, қазіргі кезеңде азаматтық қоғамның рөлі неге ерекше айтыла бастады?
– Бүгінгі қоғам бұрынғыдан әлдеқайда сергек. Адамдар өз ауылсы мен отбасындағы мәселеге бей-жай қарағысы келмейді. Бұл дұрыс құбылыс. Азаматтық қоғам ел ішіндегі жауапкершілік сезімі. Бір адам ауылдағы ауызсу мәселесін көтерсе, бір ұйым мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығын қорғауды жөн көреді. Ал бір топ жас еріктілікпен айналысса, мұның бәрі күнделікті өіміріміздегі азаматтық қоғамның нақты көрінісі.
Мемлекет үшін мұндай бастамалар өте маңызды. Себебі халықтың шынайы сұранысы көбіне осындай орта арқылы анық көрінеді.
Үкіметтік емес ұйымдар халыққа жақын жұмыс істейді. Олар нақты өмірдің ортасында жүріп мәселе көтеретінін білеміз. Көпбалалы отбасының жағдайын да, жастардың алаңын да, ерекше қажеттілігі бар азаматтың күнделікті қиындығын да осы ұйымдар жақсы біледі.
Сондықтан олардың тәжірибесі мемлекеттік органдар үшін құнды. Қағаздағы есеп пен өмірдегі жағдай кейде бірдей болмауы мүмкін. Азаматтық сектор осы екі араны жалғап, мәселені нақты адам тағдыры арқылы көрсетеді.
– Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы өңірде қалай жүзеге асуы керек?
– Бұл қағида мемлекеттік органның халықпен сөйлесу мәдениетін өзгертуді талап етеді. Тыңдау дегеніміз жиын өткізіп, есеп беру ғана емес. Тыңдау адамның мәселесін түсіну, оны шешудің жолын іздеу, жауапты нақты беру.
Мемлекет басшысы қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысуына ерекше мән беріп келеді. Қоғамдық ұйымдар осы жерде маңызды рөл атқарады. Өйткені олар ел ішіндегі көңіл күйді, әлеуметтік сұранысты, кейде ресми статистикадан көрінбей қалатын түйткілді ерте байқайды.
Қоғамдық келісім тек заңмен немесе әкімшілік шешіммен сақталмайды. Ол күнделікті қарым-қатынастан, өзара құрметтен, сенімнен қалыптасады.
Қызылорда облысында түрлі әлеуметтік топ, түрлі буын, түрлі көзқарастағы адамдар өмір сүреді. Оларды ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін ашық диалог қажет. Бұл істе қоғамдық ұйымдар, ақсақалдар, жастар көшбасшылары үлкен қызмет атқарады. Олар кей мәселені ушықтырмай жұртты сабырға шақырып, ортақ шешімге жақындата алады.
– Бүгінгі үкіметтік емес ұйымдар бұрынғыдан қалай өзгерді?
– Бұрын қоғамдық ұйымдар көбіне қайырымдылық немесе әлеуметтік көмекпен байланыстырылатын. Қазір олардың қызметі әлдеқайда кеңейгенін байқауға болады.
Олар қоғамдық бақылау жүргізеді, заң жобаларына ұсыныс береді, жергілікті бюджет мәселесін талқылайды, мемлекеттік қызмет сапасына баға береді, әлеуметтік зерттеу жасайды, жастарды оқытады, инклюзия мен экология бағытында нақты бастама көтереді. Бұл азаматтық сектордың кәсіби деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет осы әлеуетті жүйелі пайдалану.
– Бұл саланың қандай қиындықтары бар?
– Қиындық жоқ емес. Үкіметтік емес ұйымдарға тұрақты қаржыландыру, кәсіби кадр, ұзақ мерзімді жоба, ашық конкурс және қоғаммен үздіксіз байланыс керек. Кейде жақсы бастама бір гранттың мерзімімен ғана шектеліп қалады.
Ал әлеуметтік жұмыс қысқа уақытта толық нәтиже бере салмайды. Сенім қалыптастыру, адаммен жұмыс істеу, мінез-құлықты өзгерту, қоғамдық мәдениет қалыптастыру уақыт сұрайды. Сондықтан азаматтық қоғамды қолдау науқан ретінде емес, тұрақты саясат ретінде жүргізілуі тиіс.
Қызылорда облысында Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен өңірде азаматтық бастамаларды қолдау, үкіметтік емес ұйымдармен байланысты нығайту бағытында жүйелі шаралар атқарылып келеді.
Біз бұл жұмысты облыс орталығымен ғана шектемейміз. Азаматтық қоғамның тірі тамыры аудан мен ауылда жатыр. Ауылдағы белсенді азамат, мектептегі ерікті, аудандық қоғамдық кеңес, әлеуметтік жобаға қатысқан жас отбасы бәрі осы кеңістіктің бір бөлігі. Сондықтан бастамалар ауыл деңгейіне дейін жетуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







