Үкімет отырысында QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов елді мекендерді газдандыру жұмыстары бойынша есеп берді деп жазады Ertenmedia.kz.
Алайда оның баяндамасында тек атқарылған табысты жұмыстар айтылып, ешқандай күрделі мәселе көтерілген жоқ.
Премьер-министр Олжас Бектенов баяндаманың тым бірсыдырғы болып кеткеніне назар аударып, компания басшысына сын-ескертпе жасады.
«Жұмыста ешқандай күрделі мәселе жоқ па сонда? Сіз тек жетістікті, табысты көрсетіп отырсыз. Мәселе болмаса, бәрі жақсы болса, неге халық газдандыруға қатысты жиі шағымданады? Проблемалық мәселелерді де айтқан дұрыс. Жасырып-жаппай, ашық талқылап, шешім іздеу керек», – деп атап өтті премьер-министр.
Санжар Жаркешов өз кезегінде Қашағандағы газ өңдеу зауытында құрылыс жұмыстарының баяу жүргенін есіне түсірді. Бірақ оның айтуынша, бұл мәселе қазір шешілген.
«Қашағандағы зауытта құрылыс жұмыстарының қарқыны төмен болған еді. Қазір жағдай түзелді. Мердігер компанияны ауыстырдық. Қажетті құрал-жабдық Қытайдан жеткізілді. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталады», – деп сендірді QazaqGaz басшысы.