АҚШ пен Иран төңірегіндегі соңғы оқиғалар жаһандық нарықтың логикасымен жүрмейтінін тағы бір рет көрсетті. Саясаттанушы Тимур Сейітмұратовтың айтуынша, Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталып, соғыс жалғасса, инвесторлардың мінез-құлқы классикалық қауіп сценарийіне сай өрбімей отырғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пайымынша, қалыпты жағдайда мұнай бағасын күрт өсіп, қор нарығын құлап, капиталды алтын секілді қорғаныс активтеріне айналуы тиіс еді. Алайда шынайы көрініс мүлде басқаша қалыптасқан. Тимур Сейітмұратовтың сөзінше, алтын 2026 жылғы 28 қаңтарда шарықтау шегіне жеткеннен кейін наурыздан бастап төмендеп, содан бері 4 500 доллар маңында құбылып тұр. Яғни соғыс жалғасып жатса да, алтын бұрынғыдай дүрбелең активі ретінде әрекет етпеген.
Саясаттанушының мәліметінше, қор индекстері керісінше өсім көрсеткен. S&P 500 индексі 6967,38 пунктке жетіп, соңғы 52 аптадағы максимумынан 1 пайызға да жетпейтін қашықтықта қалған. Dow Jones 317,74 пункт қосып, 48 535,99 деңгейінде жабылған. Nasdaq Composite те жоғарылап, 23 639,08 пунктке жеткен. Тимур Сейітмұратовтың ойынша, мұндай серпін инвесторлардың АҚШ пен Иран арасындағы мәміле мүмкіндігін әлі де толық жоққа шығармағанын аңғартады.
Ол мұнай нарығындағы жағдайды да ерекше атап өтеді. Айтуынша, АҚШ флоты Иран порттарын бұғаттауға кіріскеніне қарамастан, мұнай бағасы жоғарылаудың орнына төмен кеткен. West Texas Intermediate маркалы мұнай фьючерстері 7,87 пайызға арзандап, баррелі 91,28 долларға түскен. Brent бағасы да 4,6 пайыз жоғалтып, 94,79 доллар деңгейінде тоқтаған. Сейітмұратов мұны нарық қатысушыларының бүгінгі шиеленістен гөрі ертеңгі ықтимал саяси шешімге көбірек мән беріп отырғанымен байланыстырады.
Оның пікірінше, америкалық экономикада да әзірге үрейлі сценарий іске аспай тұр. АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы жариялаған мәлімет бойынша, өндірушілер бағасының индексі бір айда небәрі 0,5 пайызға өскен. Бұл Dow Jones болжаған 1,1 пайыздық күтілімнен айтарлықтай төмен. Осы көрсеткіш Ирандағы соғысқа қарамастан энергия тасымалдаушылары арқылы келетін инфляциялық қысым күткендегідей қатты болмағанын көрсетеді.
Саясаттанушы осыдан бір маңызды қорытынды шығарады. Оның айтуынша, АҚШ Қаржы министрлігінің ішкі өндірушілерге салықтық жеңілдік беру арқылы сыртқы шоктардың салмағын жұмсарту есебі шындықтан тым алыс болмауы мүмкін. Яғни тариф, соғыс, жеткізу тізбегіндегі қысым секілді факторлар бар болғанымен, ішкі экономикалық тірек әзірге жүйені ұстап тұр.
Тимур Сейітмұратовтың ойынша, инвесторлар теңіз блокадасын соғыстың ұзаққа созылуы деп емес, кейінгі деэскалацияға алып келуі мүмкін. Оның пайымдауынша, мұндай нұсқа ауыр әуе шабуылдары мен Иранның энергетикалық инфрақұрылымын толық талқандаудан гөрі әлдеқайда қолайлы. Нарық та дәл осы логиканы бағалап отырған сияқты.
Ол инвестициялық стратег Росс Мейфилдтің пікірін де келтіреді. Сарапшының сөзінше, нарық Иранға байланысты белгілі бір деңгейдегі тәуекелдерді әлдеқашан сіңіріп қойған. Қазір тарихи максимумдарға қайта жақындау жүріп жатыр, ал оған корпоративтік есеп беру маусымы мен қолайлы нарықтық фон қосымша күш беріп отыр.
Контекст
Саясаттанушының тұжырымы бойынша, Дональд Трамптың қолында әлі де жеткілікті саяси және экономикалық құрал бар. Сондықтан Ақ үй басталған процесті соңына дейін жеткізуге тырысуы мүмкін. Дегенмен мамырдың соңына дейін Вашингтон соғысты тежеп, жағдайды басқа форматқа көшіруге ұмтылады деген болжануда.
Оның айтуынша, блокаданың өзі сақталуы мүмкін. Өйткені блокада әрдайым толыққанды соғыс дегенді білдірмейді. Тіпті ол Иран порттарына өтуді де тарифтік негізге көшіру ықтималдығын жоққа шығармайды. Саясаттанушы мұны қазір әлемде күш, экономика және геосаясаттың бұрынғыдан да батыл араласып кеткенінің көрінісі ретінде бағалайды.
Қысқасы, Тимур Сейітмұратовтың ойынша, нарықтар бүгінгі әлемде оқиғаның өзіне емес, оның ар жағындағы ықтимал финалға ақша тігіп отыр. Ал сол финалдың қандай боларын уақыт көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







