Бұрын діни түсіндіру жұмысы көбіне мешіт мінберіндегі уағыз, жамағатпен кездесу немесе діни сұраққа жауап беру шеңберінде болғаны жасырын емес. Қазір жағдай өзгерді. Жастардың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Діни сұрақтың жауабын да алдымен интернеттен іздейді. Ал интернетте сенімді біліммен қатар күмәнді уағыз, эмоцияға құрылған насихат өте көп. Осындай ортада имамның да, теологтың да жауапкершілігі артады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Имам қоғаммен күн сайын бетпе-бет жұмыс істейді. Ол адамдардың қуанышы мен қайғыға батқанда қасынан табылады. Жұма намазындан кецінгі уағыз, мешіттегі кездесубәрі имамның тікелей алаңы. Ал теолог діни ағымдарды, идеялық тәуекелді, радикалдану белгілерін, мәтін мен контекст арасындағы айырманы ғылыми тұрғыдан талдайды. Осы екі бағыт қатар жүрмесе, діни түсіндіру жұмысы ақсайтыны жасырын емес.
Қазіргі таңда халыққа құр эмоция емес, дәлелді әрі түсінікті жауап керек. Жас адам «неге бұлай? » деп сұрағанда оған тек тыйым айту жеткіліксіз. Неге болмайды деген сұраққа құқықтық, қазақ қоғамының дәстүрлі діни танымымен қай тұсы үйлеспейтінін ашып айтатын маман болуы маңызды. Осындай диалог орын алғанда имамның өмірлік тәжірибесі мен теологтың ғылыми талдауы бір арнаға тоғысуы тиіс.
Қазақстан сияқты елде дін мен мемлекеттің арақатынасы өте нәзік мәселе. Дін адамның жүрегінде, отбасында, мешітте, рухани тәрбиеде өз орнын табады. Ал мемлекет баршаға ортақ заңды сақтайды. Осы тепе-теңдікті дұрыс түсіндіру үшін тек діни мәтінді білу жеткіліксіз.
Қоғамдық қатынас, құқықтық тәртіп, білім жүйесі, ұлттық дәстүр, жастар психологиясы қатар ескерілуі керек. Сондықтан соңғы кездері діни түсіндіру жұмыстары көпсалалы сипат алғанын мойындауымыз керек.
Бүгінде жастар сұрақтарын тура қойып, жылдам жауап күтеді. Мұндайда ұзақ әрі ауыр тілмен айтылған түсіндірмені олар қабылдай алмайды.
Егер маман жастардың тілін білмесе, олардың алаңын түсінбесе, TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардағы ақпараттық күресті ұтылып қалуы мүмкін. Ал күмәнді уағызшылар дәл осы кеңістікте қысқа, эмоциялық, жеңіл әрі әсерлі контент арқылы ықпал етіп жүр.
Сондықтан қазіргі имам мен теолог әлеуметтік желіні тек жарнама құралы ретінде емес, ағартушылық алаң ретінде қарауы керек. Қысқа видео, түсінікті мәтін, нақты сұраққа жауап, жалған ақпаратты талдау, радикалды риториканың белгілерін түсіндіру, діни терминді қарапайым тілмен ашу осының бәрі күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналуы тиіс.
Жалған уағыз, шынайы қауіп
Мектеп пен университеттегі жұмыс та осы жүйенің маңызды тармағына айналуы керек. Мектепте баланы белгілі бір діни рәсімге үйрету емес, діни мәдениетті түсіндіру маңызды. Әртүрлі сенімге құрмет, зайырлы мемлекет басты қағидасы екенін жастарға жеткізудің маңызы зор.
Осы жерде теологтың рөлі күшейеді. Ол діни ағымдардың айырмашылығын, экстремистік идеологияның қалай тарайтынын, радикалдану процесінің психологиялық және әлеуметтік себептерін түсіндіре алады. Ал имам дәстүрлі діни таным, рухани тәрбие, жамағатпен байланыс және өмірлік мысал арқылы сол білімді жұмсақ әрі сенімді жеткізеді.
Отбасы да діни қауіпсіздіктің алғашқы ортасы. Жас адам үйде сұрағын қоя алмаса, жауабын сырттан іздейді. Ал сырттағы жауап әрдайым сенімді бола бермейді. Ата-ана баласының дінге қызыға бастағанын көрсе, бірден үрейленіп, тыйым салуға асықпауы керек. Тыйым кейде баланы ашық әңгімеден алыстатып, күмәнді ортаға жақындатуы мүмкін. Дұрыс жол сенімді имамға, білімді теологқа, мектеп психологына немесе дінтанушы маманға жүгіну.
Дінге қызығу қауіп емес. Қауіп сол қызығудың бұрмаланған ақпаратқа, жабық топтарға, қоғамнан оқшаулайтын идеологияға түсіп кетуі. Мұны дер кезінде байқау үшін отбасы, мектеп, мешіт, теолог және мемлекет арасындағы байланыс үзілмеуі керек. Әр тарап өз орнында әрекет етсе, жас адамға дұрыс бағыт беру жеңілдейді.
Имам мен теологтың бірлескен жұмысы радикализмнің алдын алуда да шешуші мәнге ие. Радикалды көзқарас көбіне адамның жалғыздығын, әлеуметтік ренішін, әділетсіздік сезімін пайдаланады.
Мұндай жағдайда тек уағыз айту аздық етеді. Адамның психологиялық күйін, әлеуметтік ортасын, интернеттегі байланысын бірге талдау қажет. Сондықтан имам, теолог, психолог, педагог және құқық қорғау маманы бір-бірінен бөлек емес, ортақ жүйеде жұмыс істегені дұрыс.
Қазақстанда діни түсіндіру ісін жаңартудың бір бағыты ғылыми негізді күшейту. Сырттан келген әрбір пікірге, дау-дамайға немесе діни сұраққа сыртқы дерекпен ғана жауап іздеу жеткіліксіз. Елдің өз ғылыми, діни, тарихи және мәдени түсіндірме базасы болуы тиіс. Қазақ даласындағы діни дәстүр, ханафи мәзһабы, матуриди сенім мектебі, зайырлы құқықтық жүйе және ұлттық тәрбие арасындағы байланысты түсіндіру маңызды.
Алдағы кезеңде діни ағартушылықтың сапасы мамандардың бір-бірімен қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтініне байланысты болады. Имам мінберден айтып, теолог кабинетте талдап қана отырса нәтиже әлсірейді. Ал бәрі бір мақсатқа жұмылса, жас адамның сұрағына да, ата-ананың алаңына да, қоғамдағы күмәнге де нақты жауап беріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







