Қазақстандағы саяси элита мен олардың ет жақындары Дубайдан пәтер алуға әуес болып шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құмнан көтерілген қала қазақ шенеуніктері үшін жай ғана демалыс орны емес, капиталын сақтап, көбейтетін стратегиялық мекенге айналған. Қызметінен кетсе де, байлығын шетелде «қауіпсіз жерге» орналастыруды көздеген тұлғалар үшін Дубайдағы жылжымайтын мүлік символдық мәнге ие.
«Азаттықтың» зерттеуі бойынша, Қазақстанның экс-премьерлері мен бұрынғы министрлері ғана емес, орта деңгейлі басшылардың туыстары да осы тізімде жүр. Мұндай дерек шенеуніктердің қаржылық жауапкершілігі жайлы күмәнді одан әрі тереңдете түседі.
C4ADS ұйымы 2020-2022 жылдар аралығында жинаған ақпаратқа сенсек, Қазақстаннан 1550 адам Дубайда жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын 2700-дей жылжымайтын мүлікке ие болған.
Мұнда жоғары лауазымды тұлғалардың өздері де, отбасы мүшелері де бар. Олардың активтерді қандай қаржыға алғаны және ресми декларацияланғаны күмәнді.
Шалқып өмір сүретін Серік Ахметовтың ұлы
Мысалы, Palm Jumeirah аралында орналасқан 400 миллион теңгелік пәтерге иелік етушілердің бірі бұрынғы премьер Серік Ахметовтің ұлы Данияр Ахметов. Әкесі жемқорлық ісі бойынша сотталғанына қарамастан, бұл жағдай отбасының шетелде қомақты қаржы жұмсауына бөгет болмаған сыңайлы.
Асқар Маминнің інісі Марат Маминнің Дубайда құны жарты миллиард теңгелік пәтері және оған қосымша үш көлік тұрағы бар.
Бұрынғы премьердің бауыры осыншама қаражатты қайдан тапқаны қоғам үшін жауапсыз қалған сұрақ.
Қазақстанда жалпыға ортақ декларациялау басталғалы бері Мемлекеттік кірістер комитеті Дубайда жылжымайтын мүлкі бар небәрі 40 адамды тіркеген. Ал C4ADS деректері шын мәніндегі сан әлдеқайда жоғары деп көрсетеді. Көптеген шенеуніктер мен олардың туыстары активтерін декларациялаудан жалтарып, қаржыны оффшор және басқа да құпия тәсілдер арқылы шетелде сақтайды.
Саудабаевтардың сән-салтанаты
Бұл тізімде бұрынғы сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың жұбайы Күллихан Саудабаева да бар. Оның Дубайдың элиталық ауданында орналасқан пәтері 260 миллион теңгеге бағаланып отыр. Осыған ұқсас актив сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысовтың қызы Әйгерім Ыдырысованың иелігінде де кездеседі. Ол 180 миллион теңгелік пәтерге ие. Мұндай деректер де қазақстандық декларация жүйесіне ілінбеген.
«Жалпы, бюджеттік қызмет атқаратын азаматтардың шетелден миллиондаған долларлық мүліктер алуы елдегі әділетсіздік пен әлеуметтік теңсіздіктің айқын көрінісі. Қоғам үшін басты мәселе байлықтың қандай жолмен келгені және кімнің есебінен жасалғаны. Халықтың көз алдында бюджет есебінен қызмет істейтін шенеуніктердің осындай көлемді капиталға қол жеткізуі жемқорлықтың ауқымы мен оны халықаралық аренада жасырудың күрделі жүйесін көрсетеді», — дейді осы тұста қаржы сарапшысы Айбар Олжай.
Оның пікірінше бұл тек Қазақстанға ғана тән жағдай емес, жемқорлықтың жаһандық сипатының бір көрінісі. Шетелдегі жылжымайтын мүлік арқылы жасырылған қаржының ізін ашу және оның түп төркінін анықтау бүгінгі қоғамның маңызды міндеті болып тұр.
«Шенеуніктердің мұндай іс-әрекеті халық пен билік арасындағы сенім дағдарысын одан әрі тереңдетуі мүмкін. Сондықтан Қазақстандағы саяси және қаржылық реформалардың сәттілігі осы мәселенің ашық әрі әділ шешімін табуына тікелей байланысты. Шетелде жиналған шенеуніктер байлығының есебі жай ғана экономикалық мәселе емес, елдегі әділдік пен заң үстемдігінің айқын индикаторы. Мемлекет қоғамның талабына құлақ аспаса, сенім дағдарысының ушығуы уақыт еншісіндегі жағдай», — дейді осы ретте C4ADS ұйымы.

