Бектенов үкіметі шетелдіктердің елге кіруі мен құжат рәсімдеу тәртібін қайта қарап, бірқатар талапты жеңілдетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа өзгеріс инвестиция тартуға, білікті кадр әкелуге және экономиканың шешуші салаларын күшейтуге бағытталған.
Жеңілдетілген тәртіп бірнеше санатқа арналған. Атап айтқанда, инвесторлар мен кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне, сұранысқа ие маман иелеріне, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік жобаларға қатысатын шетел азаматтарына жаңа мүмкіндік берілмек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өзгерістер инвестициялық және жеңілдетілген режим аясында іске асырылады. Яғни мемлекет сырттан келетін капитал мен кадрды бұрынғыдан да нысаналы түрде тартуға көшіп отыр.
Не белгілі?
Жаңа тәртіп аясында қарастырылған басымдық та аз емес. Олардың қатарында арнайы виза режимі, өтінімді жедел қарау және инвестициялық жобаларды мемлекет тарапынан сүйемелдеу тетігі бар. Ресми органның өтінішхаты болған жағдайда, Қазақстанға жұмыс істеуге келетін мамандар да осындай жеңіл жолмен кіре алады.
Елдің негізгі үміті қай салаларға түсіп отырғаны да айқын көрінеді. ІТ секторында жасанды интеллект инженері, ақпараттық жүйе архитекторы, қосымша әзірлеуші және киберқауіпсіздік маманына сұраныс жоғары.
Медицинада да кадр тапшылығы сезіліп тұр. Қазақстанға нейрохирург, гематолог, онколог және сәулелік диагностика дәрігерлері қажет.
Бұдан бөлек, креатив индустриядағы дизайнер, аниматор, дыбыс режиссері секілді мамандарға, инженерия мен өнеркәсіп саласына, жаратылыстану бағытына да басымдық беріліп отыр.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтары үшін еңбекке орналасу тәртібі бұрынғысынша анағұрлым қолайлы болып қала береді. Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей азаматтарына кей жағдайда қосымша рұқсатсыз жұмыс істеуге мүмкіндік сақталған.
Ал ЕАЭО құрамына кірмейтін елдерден келетін азаматтарға квота жүйесі жүреді. Мұндай тәсіл еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сүйеніп жасалады. Мақсат кадр тапшылығын жабу, ішкі еңбек нарығын қорғау және экономика мүддесі мен жергілікті жұмыс күшінің тепе-теңдігін сақтау.
Дерек пен дәйек
Ведомство дерегіне қарағанда, жыл басынан бері сұранысқа ие мамандықтар бойынша шамамен 5,1 мың жұмыс рұқсаты берілген. Ал еңбек иммигранттарына рәсімделген рұқсат саны 75 мыңға жуықтаған.
2026 жылға арналған квота да бекітілген. Соған сай, шетелдік жұмыс күшін тартуға 23,6 мың орын, ал еңбек иммигранттарын тартуға 221,8 мың орын қарастырылған.
Жаңа тәртіптің астары түсінікті: Қазақстан енді шекараны жай ашып қоймай, елге кімнің келуі керегін нақтылап, соған сай іріктеп шақыруға көшіп отыр. Яғни басымдық кездейсоқ келушіге емес, ақша, жоба, білім және тапшы мамандық алып келетін адамға беріліп жатыр.
Айта кетелік, бұған дейін танымал кәсіпкер «Қазақстан Ресейдің тауар сататын базарына айналып кеткенін» айтып, дабыл қаққан болатын. Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







