Азаматтардың елдік шешімдерге қатысуы жаңа саяси нормаға айналуы тиіс, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстанның күшіне енген жаңа Конституциясы елдің саяси жаңғыруындағы жаңа кезеңді айқындап, мемлекеттік басқарудың ашық әрі теңгерімді жүйесін дамытуға негіз қалайды. Мұндай пікірді Конституциялық комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев айтты.
Оның сөзінше, Конституцияны жалпыұлттық референдум арқылы қабылдау халық егемендігі қағидатын күшейткен маңызды қадам болды. Депутаттың айтуынша, азаматтардың іргелі мемлекеттік шешімдерге тікелей қатысуы ендігі жерде саяси мәдениеттің тұрақты нормасына айналуы қажет.
«Өзгерістерді жалпыұлттық референдум арқылы қабылдау рәсімінің өзі халық егемендігі қағидатының күшейгенін көрсететін маңызды белгі болды. Іргелі шешімдерді қабылдауға азаматтардың қатысуы жаңа саяси нормаға айналуы тиіс. Бұл қоғамның саяси субъектілігін арттырып, халықтың мемлекеттік басқаруға араласу деңгейін күшейтеді», деді Серік Егізбаев.
Мәжіліс депутаты жаңа Конституция саяси бәсекені күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіретінін және азаматтардың ел дамуына ықпал ету мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі заңда өңірлерді дамыту, экологиялық жауапкершілікті нығайту, білім, ғылым және инновацияны қолдау мәселелеріне ерекше мән берілген.
Серік Егізбаев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, жаңа Конституция адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітеді.
«Жаңа Конституция жеке тұлғаның құқықтық қорғалуын күшейтеді, азаматтардың саяси құқықтарын кеңейтеді және олардың бостандықтарына берілетін кепілдіктердің орнықты жүйесін қалыптастырады. Бұл әділетті, ашық әрі адамға бағдарланған мемлекет құруға берік негіз жасайды», деді ол.
Депутаттың пайымынша, жаңа Конституция саяси жүйені одан әрі жетілдіруге де жол ашады. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді нақты ажырату, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлін кеңейту мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, қоғамның билікке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар Серік Егізбаев Конституция мемлекеттің құқықтық негізін ғана емес, оның басты құндылықтық бағдарын да айқындайтынын айтты. Оның сөзінше, жаңа негізгі заңда елдің болашағы үшін бірлік, әлеуметтік әділеттілік, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік және еңбекке құрмет секілді қағидаттар ерекше маңызға ие.
«Менің ойымша, жаңа Конституциядағы бірлік, әлеуметтік әділеттілік, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік және еңбекке құрмет құндылықтарының Қазақстан келешегі үшін маңызы зор. Осы қағидаттар мемлекеттің құқықтық қана емес, моральдық-саяси даму негізін де қалыптастырады», деді Серік Егізбаев.
Депутат жаңа Конституциядағы негізгі құндылықтардың бірі қоғамдық бірлік пен азаматтық ынтымақ екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаһандық тұрақсыздық пен ішкі сын-қатер күшейген кезеңде Конституция Қазақстанды біртұтас мемлекет ретінде бекітіп, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауды басты басымдықтардың қатарына шығарады.
Серік Егізбаев көпэтносты қоғам үшін бірліктің мәні айрықша екенін жеткізді. Оның пікірінше, қоғамдық келісім мен азаматтық солидарлық Қазақстанның орнықты дамуының басты шарты болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







