Арман Қырықбаевтың Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалуы идеологиялық саясаттың жаңа кезеңге бет алғанын аңғартады. Қарағанды мен Алматыда шыңдалып, дипломатия мектебі мен Ақорданың саяси ұстаханасынан өткен тәжірибелі кадр енді мәдениет, ақпарат және қоғамдық коммуникация саласын басқарады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаевтың 2026 жылғы 3 қыркүйектегі Жарлығымен Арман Оразбайұлы Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалды. Ол Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды.
Кадрлық шешімді жаңа Үкімет құрамындағы саяси сабақтастықтың бір бөлігі ретінде қарастыру қажет.
Жаңа министр мемлекеттік басқарудың бірнеше мектебінен өткен. Оның еңбек жолында дипломатия, өңірлік әкімдік, мәдениет, партиялық менеджмент және Президент Әкімшілігіндегі қызмет тоғысады. Осындай кәсіби тәжірибе Қырықбаевты салалық басшыдан гөрі саяси коммуникацияны тұтас түсінетін аппараттық тұлға ретінде танытты.
Дипломатия мектебінен басталған жол
Арман Қырықбаев 1976 жылы Целиноградта, қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша, кейін Сыртқы істердің Дипломатиялық академиясын халықаралық қатынастар мамандығымен тәмамдаған.
Экономикалық білім мен дипломатиялық дайындық оның кейінгі қызметіндегі прагматикалық ұстанымның өзегіне айналды.
Қырықбаев кәсіби жолын Қазақстан сыртқы саясатының институционалдық негізі қаланып жатқан тұста бастады. 1997-2000 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде атташе және үшінші хатшы болып еңбек етті. Кейін Сыртқы істер министрлігінде жауапты қызмет атқарды.
2000 жылдардың басы Орталық Азия үшін шешуші дипломатиялық кезең болды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер шекара, сауда, су, көлік және қауіпсіздік мәселесін мемлекетаралық келісім арқылы реттеуге кіріскег болатын. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Мәңгілік достық туралы шарт пен мемлекеттік шекара жөніндегі келісім сол кезеңдегі өңірлік саяси архитектураның маңызды тірегіне айналды.
Қырықбаев жас дипломат ретінде мемлекетаралық күн тәртібін сараптамалық және хаттамалық тұрғыдан қамтамасыз еткен аппарат құрамында болды. Сондықтан оның Орталық Азия дипломатиясының қалыптасу кезеңіне институционалдық тұрғыдан қатысы бар деуге негіз жеткілікті.
Сыртқы істер министрлігіндегі жұмыс оған Қапқаз бен ТМД кеңістігіндегі күрделі үдерісті іштен тануға мүмкіндік берді. Сол жылдары Қазақстанның Армения, Әзербайжан және Грузиямен саяси-экономикалық байланысы жанданып, Каспий мен транзиттік дәлізге қатысты жаңа дипбағдар қалыптаса бастаған еді.
Осындай орта жас маманға мүдде қайшылығын жұмсартып, әр тараппен ортақ тіл табысатын келіссөз мәдениетін үйретті. Дипломатиялық мектеп Қырықбаевтың кейінгі саяси мансабына да ықпал етті. Ол көпшілік алдында өткір мәлімдеме жасаудан гөрі институционалдық мәміле мен аппараттық үйлестіруге бейім кадр ретінде танылды.
Қазіргі мәдениет және ақпарат саласына да осындай қасиет қажет. Өйткені қоғамдық келісім ұранмен емес, әртүрлі топпен тіл табыса білумен қалыптасады.
Қарағанды Қырықбаевты өңірлік саясатқа алып келді
Қырықбаевтың саяси-әкімшілік тұрғыдан шыңдалған маңызды кезеңі Қарағанды облысымен байланысты. Ол 2010-2012 жылдары облыс әкімінің орынбасары ретінде ішкі саясат пен мәдени-рухани бағыттағы жұмысқа араласты.
Өндірістік мінезі басым өңір оны кабинет шеңберінен шығарып, қоғамның әртүрлі әлеуметтік тобымен жұмыс істеуге үйретті.
Қарағандыдағы қызметінің есте қалған тұсының бірі – Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойын ұйымдастыру. Сол кезде ақынға ескерткіш орнатылып, кітаптары мен әндер жинағы жарық көрді. «Қасым» әдеби-мәдени журналын ашу жұмысы қолға алынды.
Мерейтойға әзірлік туралы сұхбатында Қырықбаев атқарылған жұмысты егжей-тегжейлі баяндап, жобаның рухани мазмұнына тікелей араласқанын айтқан еді.
Қасым тойы қалыпты мерейтойлық шара шеңберінен шығып, ауқымды мәдени оқиғаға айналды. Ақын тұлғасы арқылы елдік рух, тарихи жад және ұлттық әдебиеттің мәртебесі жаңғырды. Қырықбаевтың қазақ зиялыларымен тіл табыса білуі де сол кезеңде байқалды.
Он төрт жылдан кейін министрлікке басшы болып оралды
2012 жылы Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалды. Ақпарат, тіл саясаты және ішкі саясат секілді сезімтал бағыттарға жетекшілік ету оны идеологиялық менеджменттің орталық деңгейіне шығарды.
Енді Қырықбаев он төрт жыл бұрын вице-министр ретінде қызмет атқарған ведомствоға бірінші басшы болып оралып отыр.
Сол кезеңде мемлекеттік тілді цифрлық ортаға бейімдеу, терминологияны жүйелеу және қазақтілді ақпарат кеңістігін кеңейту мәселесі көтерілді. Қырықбаев қазақ тілін оқыту орталықтарын аккредиттеу, 31 томдық терминологиялық сөздік әзірлеу және интернеттегі қазақша мазмұнды көбейту жөніндегі жұмысты таныстырған еді.
Арада он жылдан астам уақыт өткенде сол міндеттер жаңа технологиялық сипат алды. Қазір тіл саясаты жасанды интеллект, алгоритм, цифрлық платформа және ақпараттық егемендік ұғымдарымен сабақтасып жатыр.
Жаңа министрге бұрынғы тәжірибесін цифрлық дәуірдің талабына бейімдеуге тура келеді.
Алматыдағы күрделі саяси мектеп
Арман Қырықбаевтың Алматыдағы қызметі қалалық идеологияны басқарудың күрделі мектебі болды. Ол 2015-2019 және 2022-2024 жылдары мегаполис әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Алматының саяси табиғаты өзге өңірден бөлек-тін. Шығармашылық орта, азаматтық қоғам, жастар және әлемжелідегі белсенді аудитория қала өміріне қатар ықпал етеді. Мұндай ортада ішкі саясатты басқару әкімшілік тапсырмамен шектелмей, қоғамдық көңіл күйді дәл сезінуді талап етеді.
Қырықбаевтың негізгі тәжірибесі қоғамдық коммуникацияны мекемелер арасындағы үйлестірумен ұштастыра білуінен көрінді. Ол мәдениет, дін, жастар саясаты және әлеуметтік жоба тоғысқан кеңістікте жұмыс істеді.
Қала кітапханаларынан егде жастағы еріктілерге арнайы алаң ұсыну секілді бастамаларға әкімдік атынан қолдау көрсетуі әлеуметтік саясатты азаматтық белсенділікпен байланыстыруға жасалған қадам еді.
Әрине, оның Алматыдағы қызметі мінсіз әрі дау-дамайсыз өтті деуге келмейді. Мегаполистің ішкі саясаты наразылық, сайлау науқаны, қоғамдық резонанс және мәдени ортадағы пікір қайшылығымен үнемі бетпе-бет келеді.
Осындай кезеңдер Қырықбаевты саяси коммуникацияның дағдарысты жағдайында жұмыс істеуге бейімдеді.
Ақорданың негізгі коммуникациялық буыны
2024 жылы Қырықбаев Президент әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысты. 2025 жылғы ақпанда Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Алматыдағы саяси тәжірибе осылайша Ақорданың стратегиялық коммуникация жүйесіне ұласты. Президент көмекшісінің міндеті ресми мәлімдеме дайындаумен шектелмейді. Қоғамдық көңіл күйді саралау, саяси реформалардың мәнін түсіндіру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысын үйлестіру және идеологиялық тәуекелді алдын ала бағалау да осы қызметтің маңызды бөлігі.
Қырықбаев елдің ішкі саяси архитектурасы жаңарған кезеңде орталық аппараттың негізгі коммуникаторының біріне айналды.
2025 жылғы 8 қазанда құрылған Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобында ол жетекшінің орынбасары болды. Топты сол кездегі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин басқарды. Арман Қырықбаев пен Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев оның орынбасары қызметін атқарды.
2026 жылы жұмыс тобының қызметі Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысына ұласты. Қырықбаев комиссия құрамына Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі ретінде енді.
Осы қызмет оның саяси реформаларды қоғамға түсіндірумен ғана шектелмей, өзгерістердің мазмұнын әзірлеуге де араласқанын көрсетеді.
Қариннен Балаеваға, Балаевадан Қырықбаевқа
Қазақстанның кейінгі идеологиялық саясатында Ерлан Қарин саяси тұжырым мен стратегиялық мағына қалыптастыратын интеллектуалдық орталықтың өкілі ретінде танылды.
Аида Балаева сол идеяларды нақты институт пен салалық саясат деңгейінде жүзеге асырған тәжірибелі басқарушы ретінде көрінді.
Арман Қырықбаев осы екі бағыттың арасын жалғайтын кадр саналады. Оның басты ерекшелігі – дипломатиялық мәмілені, өңірлік тәжірибені және аппараттық коммуникацияны бір арнаға тоғыстыра алуында.
Сондықтан оның тағайындалуы идеологиялық саясаттағы сабақтастықты сақтай отырып, жұмыс тәсілін жаңартуға жасалған қадам ретінде қабылданады.
Жаңа министрдің алдындағы төрт міндет
Арман Қырықбаевтың алдында күрделі міндет тұр. Ақпараттық кеңістікті сыртқы ықпалдан қорғау, мемлекеттік тілдің цифрлық әлеуетін арттыру, шығармашылық индустрияны қолдау және қоғаммен кері байланысты күшейту қатар жүргізілуі керек.
Мәдениет саласына әкімшілік ресурс қана жеткіліксіз. Шығармашылық еркіндік пен ұлттық мазмұн арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау қажет.
Қазіргі идеология жоғарыдан төмен қарай таратылатын дайын ұран жүйесі болудан қалды. Әлеуметтік желі, жасанды интеллект және жаңа медиа әр азаматты ақпарат өндірушіге айналдырды.
Сондықтан министрлікке қоғамдық пікірді бақылаушы мекемеден сенім мен мағына қалыптастыратын коммуникациялық институтқа айналу міндеті жүктеліп отыр.
Арман Қырықбаевтың Үкіметке келуін тосын кадрлық шешім деу қиын. Дипломатиядан басталған жолы өңірлік әкімдік пен Ақордаға ұласты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тізгінін ұстауы – осы кәсіби траекторияның заңды жалғасы. Ендігі баға оның бұрынғы қызметіне емес, министр ретінде қалыптастыратын жаңа мазмұнға байланысты болмақ. Жинаған тәжірибесін мәдениет қайраткерімен, журналистермен, жастармен және азаматтық қоғаммен ашық диалог орнатуға жұмсай алса, ведомствоның қоғамдық салмағы да артады.
Сонда тағайындау кезекті аппараттық ауыс-түйіс болып қалмай, Қазақстанның идеологиялық саясатын жаңа сапалық кезеңге бастайтын шешімге айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







