Павлодар облысының Екібастұз ауданындағы Қарасор ауылында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында жаңа 168-ші құтқару бекеті ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа нысанды Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Арынов іске қосты. «Ауыл құтқарушылары» жобасы қазір еліміздің барлық өңірінде жүзеге асып жатыр. Қарасордағы жаңа бекет республика бойынша 168-ші нысан болса, Павлодар облысында осы бағдарлама аясында ашылған 7-ші пункт саналынған.
Министрлік үшін ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту басым бағыттардың біріне айналдырып отырғанын айта кетуіміз керек. Өйткені ауылдағы төтенше жағдай көбіне қаладағыдай жылдам байқала бермейді, ал құтқарушылардың кешігуі кейде бір үйдің емес, тұтас көшенің, шаруашылығын күйретіп кетуі мүмкін.
Қарасордағы бекет бірден үш елді мекенге қызмет көрсетеді. Қарасор, Құдайкөл және Құлакөл ауылдарында шамамен 900 адам тұрады. Мұндай ауылдар үшін өрт сөндіру көлігі мен дайындалған еріктілердің жақын маңда болуы маңызды. Бұған дейін қандай да бір оқыс жағдай туындаса, көмек аудан орталығындағы бөлімшеден өрт сөндіруелір артынып-тартынып келетін-ді. Жолдың жағдайы, ауа райы, қашықтық секілді факторлар олардың тез жетіне кедерге келтіретін. Енді алғашқы көмек ауылдың өзінен басталады.
Ауылдағы қауіп-қатердің сипаты да бөлек. Қыста пеш жағу көбейеді, электр желілеріне жүктеме артады, кейбір үйлерде ескі сымдар мен тозған жылыту жүйесі қолданылады. Көктемде су тасқыны қаупі, жазда дала өрті мен шөптің тұтануы сияқты тәуекелдер күшейеді.
Ауыл шаруашылығындағы техника, мал қора, жем-шөп жиналған аумақтар да өртке бейім болуы мүмкін. Осындай ортада төтенше жағдайға дайын тұратын жергілікті пункттің болуы қарапайым инфрақұрылым емес, нақты қорғаныс жүйесі.
Бірінші минуттың құны
Жаңа бекет тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Еріктілер автоцистернамен, өрт-техникалық құралдармен, жауынгерлік киіммен және байланыс жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тұрмыстық аймақтар мен демалыс бөлмелері жабдықталған. Мұның өзі ауыл құтқарушыларының жұмысы уақытша бастама емес, тұрақты қызмет үлгісіне жақындап келе жатқанын көрсетеді.
Еріктілердің рөлі мұндайда айрықша. Ауыл адамы өз жерін жақсы біледі. Қай үйде қарт адам тұрады, қай көшеде жол тар, қай тұста су жиналады, қай шаруашылықта өрт қаупі жоғары, мұның бәрін сырттан келген маман бірден біле бермейді.
Ал жергілікті ерікті төтенше жағдай кезінде жылдам әрекет ете алады. Бірақ еріктілік тек ниетпен шектелмеуі керек. Оған дайындық, тәртіп, техникамен жұмыс істеу дағдысы, қауіпсіздік талаптарын сақтау және тұрақты оқыту қажет. Қарасордағы бекеттің жабдықталуы осы бағыттағы жүйелі тәсілдің басталғанын аңғартады.

Төтенше жағдайға қарсы күресте ең маңызды ұғымдардың бірі, уақыт. Өрт шыққанда алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Жалын үй ішіне толық тарамай тұрғанда, мал қораға өтпей тұрғанда, газ баллоны немесе жанғыш материал тұтанбай тұрғанда әрекет ету керек. Құтқарушы көлігі кеш жетсе, шығын ұлғаяды. Ал көмек жақын жерде болса, апаттың ауқымын азайтуға мүмкіндік бар. «Ауыл құтқарушылары» жобасының негізгі артықшылығы да осы жерде.
Қарасордағы бекеттің ашылуы ауылдағы өмір сапасына да әсер етеді. Қауіпсіздік инфрақұрылымы бар жерде тұрғын өзін сенімді сезінеді. Әсіресе балалы отбасылар, қарт адамдар, жалғыз тұратын тұрғындар үшін мұндай пункттің маңызы зор.
Ауылда құтқарушы бекеті бар деген сөз, қиын сәтте көмек шақырғанда біреу міндетті түрде жетеді деген сенім. Мемлекеттің ауылдағы көрінісі кейде дәл осындай шағын, бірақ өмірлік маңызы бар нысандар арқылы байқалады.
Жоба жергілікті билік, төтенше жағдайлар қызметі және тұрғындар арасындағы байланысты да күшейтеді. Қауіпсіздік тек министрлікке немесе құтқарушыға ғана жүктелетін міндет емес. Әкімдік инфрақұрылымды қолдауы керек, тұрғындар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы тиіс, еріктілер дайын болуы қажет, ал құзырлы орган осының бәрін үйлестіріп отыруы керек. Осындай байланыс қалыптасқанда ғана ауылдағы қауіпсіздік мәдениеті орнығады.
Қауіпсіздік нүктесі
Шыңғыс Арыновтың Қарасорға арнайы барып, 168-ші бекетті ашуы осы жобаның министрлік деңгейінде маңызды екенін көрсетеді. Бұл жерде тек жаңа нысанның есігін ашу рәсімі емес, ауылдағы төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету жүйесін өзгерту туралы сөз болып отыр. Бұрын қауіп туындағаннан кейін әрекет ету басым болса, енді алдын алу, дайындық және жедел көмек көрсету тетігі күшейіп келеді.
Алдағы кезеңде осындай бекеттердің тиімділігі бірнеше өлшеммен бағалануы керек. Біріншісі, төтенше жағдайға жету уақыты қаншалықты қысқарды. Екіншісі, ауылдардағы өрт пен апат салдарынан келетін шығын азайды ма. Үшіншісі, еріктілердің дайындығы мен техниканың жарамдылығы тұрақты бақылауда ма. Төртіншісі, тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр ма. Егер осы бағыттар қатар жүрсе, «Ауыл құтқарушылары» нақты нәтиже беретін жүйеге айналады.
Ауылдағы қауіпсіздік туралы сөз болғанда, көбіне үлкен қалалардағы күрделі техника, заманауи орталықтар, цифрлық жүйелер еске түседі. Бірақ ауыл үшін ең қажет нәрсе кейде қарапайым көрінеді: дайын автоцистерна, байланыс құралы, қорғаныш киімі, жолды білетін ерікті және тәулік бойы кезекшілік. Қарасордағы жаңа бекет дәл осы қарапайым, бірақ аса қажет жүйені қалыптастырып отыр.
Қарасор, Құдайкөл және Құлакөл тұрғындары үшін жаңа пункт өртке қарсы ғана емес, жалпы қауіпсіздікке деген сенімнің белгісі. Ауылдағы адам өз үйінің, баласының, мал-мүлкінің қорғалғанын сезінуі керек. Сол сенім ауылдың әлеуметтік тұрақтылығына да әсер етеді. Себебі қауіпсіздік бар жерде ғана адам ертеңгі күнін жоспарлап, шаруасын дамытып, туған жерінде қалуға ниеттенеді.
Қарасордағы 168-ші «Ауыл құтқарушылары» бекеті ауыл қауіпсіздігін күшейту бағытындағы нақты қадам болды. Ендігі міндет, осындай пункттердің жұмысын қағаздағы есеппен емес, өмірдегі нәтижемен дәлелдеу. Техникасы дайын, еріктісі оқытылған, тұрғынмен байланысы бар, алдын алу жұмысы үзілмейтін бекет қана шын мәнінде ауылдың қорғанына айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







