ҚР Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы ел қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар ұзақ мерзімді жұмыс ретінде қарастыруда. Таяуда Ұлытау облысында оңтүстіктен орталық өңірге жеткізілмек болған 300 келіден астам марихуананың жолы кесілді. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшісіне ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан мырза есірткі бизнесінің қазіргі сипаты, жастарды қорғау, синтетикалық заттардың қаупі және қылмыстық арналарды түбірімен тоқтату жайын кеңінен айтып берді.
– Данияр Бекболатұлы, Ұлытау облысында ұсталған есірткі арнасы туралы не айтуға болады?
– Мұнда бір көліктен есірткі табылды деп қана қарауға болмайды. Әңгіме ел ішіндегі ірі тасымал жолына тосқауыл қойылды деп нық сеніммен айтуға болады. Ұлытау облысында Жезқазған мен Қарағанды арасындағы тасжолда бес адам ұсталды. Олар қозғалыс бағытын бақылап, жүкті діттеген жеріне жеткізуге тырысқан. Тексеру кезінде 13 бөлек бума шықты. Ішіндегі марихуананың жалпы салмағы 300 келіден асты.
Ең қауіптісі есірткі көшеге тарап кеткенде миллионға жуық бір реттік дозаға айналар еді. Қара нарықтағы құны шамамен 3 млн АҚШ долларына бағаланып отыр.
Мұндай көлем бір-екі адамның әуестігі үшін емес, тұтас қылмыстық айналым үшін дайындалады. Сондықтан біз үшін басты мәселе, сол жүкті тәркілеу ғана емес, оның артында тұрған тізбекті толық анықтау.
– Ұсталғандардың әрекетінен қандай схема байқадыңыздар?
– Есірткі бизнесінде бәрі алдын ала ойластырылып жасалады. Бағыт таңдалады, бақылаушы қойылады, тасымалшы бөлінеді, кейін қабылдап алатын адамдар болады. Ұлытау облысындағы жағдайда да осындай белгілер анық байқалды. Күдіктілер жолды аңдып, жағдайды бақылаған. Демек олар жай ғана кездейсоқ жолаушы емес.
Мұндай істерде бір адамның қолымен бәрі бітпейді. Бірі жеткізуге жауап береді, бірі байланыс ұстайды, бірі ақша жағын реттейді, енді бірі тауарды ұсақтап таратуға дайындайды.
Сол себепті тергеу кезінде есірткі қайдан шықты, кім тапсырыс берді, қай өңірге апарылуы мүмкін еді, қаражат қайдан жүрді деген сұрақтың бәрі қаралады. Қылмыстық жүйенің бір буынын ғана емес, тамырын кесетін боламыз.
– Ішкі істеп министрлігі айтып жүрген «Заң мен Тәртіп» қағидаты есірткіге қарсы күресте қалай көрініс тауып жатыр? Сол жайында баяндай кетсеңіз?
– Есірткі мәселесінде жұмсақтық танытуға болмайды. «Заң мен Тәртіп» дегеніміз қоғамға қауіп төндіретін әрекетке нақты жауап беру.
Есірткіні өсіру, өндіру, сақтау, тасымалдау, сату, жарнамалау бәрі ауыр салдары бар қылмыс. Мұндай істің артында бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас отбасының қайғысы, жас баланың болашағы, қоғамның тыныштығы тұратынын ұмытпауымыз керек.
Біз есірткі дайын күйінде қолға түскен сәтті ғана күтпейміз. Қазір жұмыс әлдеқайда кең, терең.
Қайдан шығады, қалай тасылады, қандай байланыс арқылы тарайды, ақшасы қайда түседі, интернетте қалай жарнамаланады бәрі назарда. Қарапайым тілмен айтқанда, есірткі айналымына жан бітіріп тұрған әр тамырды бөлек-бөлек кесу керек.
Соңғы жылдары есірткі нарығы қатты өзгерді. Бұрын көбіне табиғи есірткі, соның ішінде марихуана мен гашиш туралы көп айтылатын. Қазір синтетикалық заттар алға шықты.
Олар аз көлеммен көп адамға тарайды, тез тәуелді етеді, денсаулыққа ауыр соққы береді. Жасырын зертханалар, интернет арқылы сату, мессенджердегі жабық топтар, жасырын қойып кету тәсілі қылмыстың жаңа бейнесін қалыптастырып отыр.
Жыл басынан бері ел көлемінде үш тоннаға жуық есірткі заңсыз айналымнан алынды. Оның ішінде синтетикалық зат та, табиғи есірткі де бар. Бір қарағанда бұл сандар құр статистика сияқты көрінуі мүмкін.
Бірақ әр келінің артында жүздеген, кейде мыңдаған адамның тағдыры тұр.
– Синтетикалық есірткінің қаупін қарапайым тілмен қалай түсіндірер едіңіз?
– Синтетикалық есірткі көзге шағын көрінгенімен, зардабы ауыр у. Оның бір грамының өзі бірнеше адамға жетуі мүмкін. Құрамы тұрақты емес, қылмыскерлер оны үнемі өзгертіп отырады.
Соның кесірінен адам ағзасына әсері де болжап болмайтын деңгейге жетеді. Бір адамда психика бұзылады, біреуінде жүрекке салмақ түседі, енді бірінде агрессия күшейеді. Кей жағдайда алғашқы қолданудың өзі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Тағы бір қатері, жастарға интернет арқылы жақын барады. Әдемі атау қояды, зиянын жасырады, жеңіл нәрсе сияқты көрсетеді. Шын мәнінде, синтетика адамды тез тұзаққа түсіреді. Одан шығу оңай емес. Сондықтан біз мұндай затқа қарсы күресте зертханаға да, химиялық шикізатқа да, интернеттегі жарнамаға да, ақша айналымына да қатар соққы береміз.
– Данияр Бекболатұлы, жасырын зертханаларды анықтау неге қиын?
– Қазір жасырын зертхана сыртынан қарағанда қарапайым пәтер, үй, қойма немесе шаруашылық нысаны сияқты көрінуі мүмкін. Ішінде химиялық қоспа, арнайы ыдыс, кептіру құралы, орау материалы тұрады.
Қылмыскерлер көрші-көлемнің назарын аудармауға тырысады. Кейде жалған құжатпен үй жалдайды, кейде басқа адамның атына телефон мен банк картасын рәсімдейді.
Бірақ мұндай істің ізі бәрібір қалады. Күмәнді иіс, жиі кіріп-шығатын бөгде адамдар, түсініксіз жүк, химиялық зат алу, интернеттегі тапсырыс, ақша қозғалысы – бәрі бір-бірімен байланысады.
Біздің қызметкерлер осы белгілерді жинап, толық картина жасайды. Жасырын зертхананы жабу – тек дайын есірткіні алу емес, жаңа партияның пайда болуына жол бермеу.
– Прекурсор дегенді көп адам түсіне бермейді, оның есірткі өндірісіндегі орны қандай?
– Прекурсор есірткі дайындауға қолданылатын химиялық шикізат. Оны қарапайым тілмен айтсақ, заңсыз өндірістің «қаны» деуге болады. Шикізат болмаса, зертхана толық жұмыс істей алмайды. Сондықтан дайын есірткіні іздеумен қатар, оған қажетті заттардың қайдан келетінін бақылау өте маңызды.
Егер прекурсордың жолы кесілсе, қылмыскердің жоспары бұзылады. Ол жаңа өнім шығара алмайды, зертхананы ұстап тұра алмайды.
Сол себепті бұл бағытта кәсіпорындармен, жеткізушілермен, бақылаушы органдармен байланыс күшейтіледі. Қауіпті зат заңды айналымнан заңсыз ортаға өтіп кетпеуі керек.
Есірткі бизнесі бірінші кезекте ақша үшін жасалады. Ақша жүрсе, тасымал да, зертхана да, жарнама да, делдал да қайта пайда болады. Сондықтан қаржы арнасын тоқтату өте маңызды. Қазіргі қылмыскер бұрынғыдай қолма-қол ақшамен ғана жұмыс істемейді. Банк картасы, электронды төлем, криптовалюта, жалған есепшот, басқа адамның атына ашылған карта – түрлі амал қолданады.
Біз қаржы ізін мұқият қараймыз. Күмәнді аударым, бір күнде бірнеше ұсақ төлем, белгісіз тұлғалар арасындағы ақша қозғалысы, шетелдік карталардың қатысуы бәрі тексеріледі. Қылмыстың қалтасы жабылса, оның тынысы тарылады. Ақшасыз есірткі желісі ұзақ өмір сүрмейді.
– Интернет арқылы есірткі сатуға қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
– Қазір есірткі саудасының бір бөлігі көшеден телефонға көшті. Қылмыскерлер Telegram, жабық чат, DarkNet, жалған аккаунт, QR-код, қабырғадағы жазу, жарнама сілтемесі арқылы адам тартады.
Олар сатып алушымен тікелей кездеспей, «жасырын орын» тәсілін қолдануға тырысады. Өздерін көрінбейтіндей сезінуі мүмкін. Бірақ цифрлық кеңістікте із қалмайды деген түсінік қате.
Әр жазба, әр төлем, әр байланыс, әр аккаунттың артында дерек қалады. Біз кибербақылау, жедел ақпарат, қаржы мониторингі және жергілікті полицияның жұмысын біріктіріп отырмыз.
Интернет қылмыскер үшін қолайлы алаңға айналмауы керек. Қай жерде заңсыз жарнама шықса, сол жерден бастап қылмыстық тізбекке шығуға болады.
– Жастардың есірткі тасушы болып кету қаупі туралы не айтасыз?
– Ең өкініштісі қылмыскерлер жастарды оңай ақшаға қызықтырады. «Курьер боласың», «зат апарып келесің», «ешкім білмейді», «бір күнде ақша табасың» деп алдайды. Кей бала оның есірткі екенін біледі, бірақ салдарын түсінбейді. Кейбірі «мен сатпадым, тек жеткіздім» деп ойлайды. Заң алдында мұндай уәж құтқармайды.
Есірткі тасу ауыр қылмыс. Бірнеше пакет үшін жас адамның өмірі күрт өзгеруі мүмкін. Түрме, соттылық, отбасының күйзелісі, болашақтың бұзылуы бір сәттік аңғалдықтан басталады. Сондықтан ата-ана баласының кіммен сөйлесетінін, қандай табыс тауып жүргенін, неге кенет ақша пайда болғанын байқап отыруы керек. Балаға сену керек, бірақ қараусыз қалдыруға болмайды.
– Ата-аналар мен мұғалімдер қандай белгілерге мән беруі қажет?
– Ең алдымен баланың мінезіндегі күрт өзгеріске назар аудару керек. Бұрын ашық жүрген бала тұйықталып қалса, түнде көп оянса, телефонын ешкімге көрсетпесе, белгісіз адамдармен жиі сөйлессе, түсініксіз ақша пайда болса, мектепке баруы сиресе мұның бәрі жай нәрсе болмауы мүмкін. Әрине, бір белгі көрінді екен деп бірден айыптауға болмайды. Бірақ сөйлесу, сұрау, түсіну, қажет болса маманға жүгіну керек.
Мектеп те сырт қалмауы тиіс. Мұғалім баланың сабақтағы көңіл күйін, достар ортасын, тәртібін көреді. Егер отбасы мен мектеп бір-бірімен байланыста болса, қауіп ертерек байқалады. Ең бастысы – баланы қорқытып емес, сенім арқылы қорғау.
– Қарапайым тұрғындар есірткіге қарсы күреске қалай көмектесе алады?
– Азаматтардың сергектігі көп нәрсені шешеді. Подъезд қабырғасындағы күмәнді жазу, аулада біреудің зат жасыруы, бейтаныс адамның жиі келуі, пәтерден химиялық иістің шығуы, жасөспірімдердің түсініксіз орынға қайта-қайта баруы мұндай жағдайды елеусіз қалдырмау керек. Полицияға хабарлау біреуді қаралау емес, қауіптің алдын алу.
Кейде адамдар «менің шаруам емес» деп өтеді. Бірақ есірткі бір үйдің, бір көшенің, бір мектептің ғана мәселесі емес. Бүгін бір подъезде пайда болған жарнама ертең бір баланың тағдырын бұзуы мүмкін. Сондықтан қоғам бейжай қарамауы қажет.
Есірткі тасымалы әлі де ірі арналар арқылы жүруге тырысады. Полиция ондай арналарды анықтап, жолын кесуге қауқарлы. Үшінші қорытынды – күрес бір өңірмен шектелмейді. Оңтүстік, орталық, солтүстік, батыс бәрі бір жүйеде қаралады. Қылмыскер облыс шекарасын ауыстырғанымен, жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды.
– Алдағы кезеңде ІІМ қандай бағытқа басымдық береді?
– Біздің бағытымыз айқын. Ірі жеткізу арналарын жабу, жасырын зертханаларды анықтау, синтетикалық есірткіге тосқауыл қою, прекурсор айналымын бақылау, интернеттегі сауданы тоқтату және жастар арасында түсіндіру жұмысын күшейту негізгі міндет болады. Есірткімен күрес тек полицияның күшімен ғана бітпейді. Мұнда отбасы, мектеп, қоғам, жергілікті билік, медицина, білім саласы бәрі бірге қимылдауы керек.
Біз үшін ең маңыздысы есірткі көшеге жетпей тоқтауы, бала қылмыстың құрығына түспеуі, отбасы қайғыға ұрынбауы. Ішкі істер министрлігі заңсыз есірткі өндірісі мен таратуға қарсы жұмысты жалғастыра береді. Заң бар жерде тәртіп болуы керек, ал тәртіп бар жерде қоғам өзін қауіпсіз сезінеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







