Бүгінде балаларға арналған сапалы контент әзірлеудің маңызы зор. Өйткені қазіргі бала экранмен ерте танысады, ақпаратты тез қабылдайды. Сонымен қатар көрген дүниесін күнделікті мінезіне, тіліне, ойлау жүйесіне сіңіріп алады. Сондықтан балаларға арналған әр бағдарлама, әр мультфильм, әр шағын ролик тәрбие мен танымның бір бөлігіне айналуы тиіс, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір қарағанда балалар контентін жасау жеңіл көрінуі мүмкін. Ашық түсті студия, көңілді жүргізуші, ойын, ән, күлкі, қолөнер, қызықты тапсырма. Бірақ соның артында үлкен жауапкершілік бар. Ересек көрермен ақпаратты салыстырып, сүзгіден өткізе алады. Ал бала экрандағы дүниені көбіне сол күйінде қабылдайды. Сондықтан балаларға арналған контент тек көңіл көтеріп қана қоймай, тілін байытып, қиялын дамытып, еңбекке баулып, ұлттық танымға жақындатуы қажет.
Қазақстанда осы бағыттағы ең танымал алаңның бірі «Balapan» арнасы. Мұндай арнаның болуының өзі маңызды. Себебі балаға арналған отандық контент болмаса, оның орнын шетелдік ролик тез басады. Қазір баланың қолындағы телефон кәдімгі шағын телеарнаға айналған. Бірақ ол арнада контенттің мазмұнын сүзгіден өткізетін жауапты маман жоқ.
Халықаралық тәжірибе осы мәселенің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп отыр. Ұлыбританияның Ofcom зерттеуі балалар мен жасөспірімдердің медианы пайдалану әдеті қатты өзгергенін, 3 пен 17 жас аралығындағы балалардың қандай платформаға қарайтынын, ата-аналардың бақылау тәсілін және балалардың цифрлық ортадағы мінез-құлқын тұрақты зерттеп отыратынын көрсетеді. Бұл елде балалар контенті тек ойын-сауық саласы ретінде емес, қоғамдық маңызы бар медиа кеңістік ретінде қаралады.
Қазақстанға да осындай көзқарас керек. Балалар контентін тек эфир толтыратын өнім деп қарасақ, ұтамыз деу қиын. Оны тіл саясатының, тәрбие жүйесінің, цифрлық қауіпсіздіктің, мәдени иммунитеттің және шығармашылық индустрияның бір бағыты ретінде дамыту қажет.
Себебі бүгін қазақша дұрыс сөйлейтін, ұлттық мерекенің мәнін түсінетін, ата-анаға құрмет көрсетуді үйренетін, табиғатты аялауға бейімделетін, еңбекке қызығатын бала ертең қоғамның сапалы мүшесіне айналады.
Ұрпақ санасын қалай өзгеріп жатыр
Балаларға арналған контентте ең бірінші талап жас ерекшелігін түсіну. 4 жастағы балаға арналған бағдарлама мен 10 жастағы оқушыға арналған жобаның тілі, ырғағы, тапсырмасы, кадр динамикасы, әзіл деңгейі, ақпарат мөлшері бөлек болуы керек. Балаға ауыр терминді үйіп-төгу қажеті жоқ. Бірақ оны тым жеңіл, мәнсіз мазмұнға да үйретуге болмайды. Дұрыс контент баланың деңгейіне түсіп сөйлейді, бірақ оны сол деңгейде қалдырмайды.
Шетелде осы қағида жақсы қалыптасқан. Мысалы, Sesame Workshop ондаған жыл бойы балаларға арналған танымдық өнімді зерттеуге сүйеніп жасап келеді. Ұйым өз жұмысында медиа баланы оқыта алатынын, танымдық дағды қалыптастыра алатынын және әр елдің мәдени ортасына бейімделген жергілікті нұсқалар тиімді болатынын көрсетеді.
Қазақстан үшін осы тұс өте маңызды. Біз балаларға шетелдік форматтың көшірмесін емес, қазақы ортаға сіңетін, баланың өміріне жақын, тілі табиғи, мазмұны түсінікті жобалар ұсынуымыз керек. Қазақ баласы экраннан өзіне ұқсайтын кейіпкерді, өз үйіне ұқсайтын ортаны, өз мерекесін, өз тілін, өз әжесінің сөзін, өз ауылы мен қаласының тынысын сезінуі шарт. Ұлттық контент деген тек ою-өрнек көрсету емес. Ол баланың күнделікті өмірін қазақ тілінде, қазақы түсінікпен, заманауи форматта сөйлету.
Қазіргі балалардың медиа әлемі бұрынғыдан мүлде бөлек. Бұрын бала белгілі бір уақытта теледидар қосып, белгілі бір бағдарламаны күтетін. Қазір бала өзі таңдайды, өзі іздейді, алгоритм ұсынған келесі видеоны бірден ашады. Бір ролик ұнамаса, бірнеше секундта ауыстырады. Осындай ортада дәстүрлі телеарна да өзгеруге мәжбүр. Балалар контенті теледидарда ғана емес, YouTube, мобильді қосымша, әлеуметтік желі, қысқа видео форматы, интерактивті ойын, подкаст, анимация арқылы тарауы керек.
Бірақ платформа өзгерді екен деп мазмұнның сапасын төмендетуге болмайды. Керісінше, қысқа форматтың өзіне тәрбие мен танымды сыйғызу керек. Бір минуттық ролик баланың бір жаңа сөз үйренуіне, бір қауіпсіздік ережесін есте сақтауына, бір пайдалы дағдыны көруіне көмектесе алады. Қысқа видео жеңіл көрінгенімен, оның сценарийі, тілі, ырғағы, визуалдық шешімі өте мұқият жасалуы қажет.
Осы ретет ата-ананың рөлі де бөлек. Баланың не көріп отырғанын тексермей, телефон ұстата салу оңай. Бірақ экрандағы әр бейне баланың санасында із қалдырады. Кей ролик баланы дөрекі сөйлеуге үйретуі мүмкін. Кей контент тұтынушылық мінезді күшейтеді. Кей видео балаға шынайы өмір мен жасанды көріністің айырмасын түсіндірмейді. Сондықтан ата-анаға да медиасауат керек. Ол тек «көрме» деп тыйым салмай, «нені көріп отырсың, не түсіндің, неге ұнады? » деп әңгімелесуі тиіс.
Қазақстанға қандай стратегия қажет?
Қазақстандағы балалар контентін дамытқанда үш бағытқа мән берген жөн. Біріншісі, қазақ тіліндегі сапалы өнімді көбейту. Баланың тілі экран арқылы да қалыптасады. Егер бала күн сайын қазақша таза, әдемі, жеңіл әрі табиғи сөйлейтін кейіпкерді көрсе, оның сөздік қоры кеңейеді.
Екіншісі, танымдық мазмұнды күшейту. Ғылым, табиғат, техника, тарих, спорт, қауіпсіздік, қаржы сауаты, экология сияқты тақырыптар балаға лайық тілмен берілуі керек.
Үшіншісі, шығармашылық индустрияны дамыту. Балаларға арналған сценарист, режиссер, аниматор, редактор, педагог-кеңесші, психолог, дыбыс маманы, иллюстратор мектебі қалыптасуы қажет.
Балалар контентінің сапасын өлшейтін өз өлшеміміз болуы қажет. Қаралым көп пе, лайк көп пе деген сұрақ жеткіліксіз. Бағдарлама баланың тілін дамытты ма? Қауіпсіз мінез қалыптастырды ма? Ұлттық танымға жақындатты ма? Ойлау қабілетін күшейтті ме? Қол еңбегіне, кітапқа, ғылымға, спортқа қызықтырды ма? Ата-анамен бірге көруге ыңғайлы ма? Осындай сұрақтар алдыңғы қатарда тұруы тиіс.
Шетел тәжірибесінен алатын тағы бір сабақ балалар контенті зерттеусіз жасалмайды. Баланың не көргісі келетінін, қай жаста қандай тақырыпты қабылдайтынын, қандай кейіпкерге сенетінін, қандай сөзді түсінетінін, қандай форматтан тез жалығатынын зерттеу қажет. Бізде көбіне «балаға қызық болады» деген болжаммен өнім жасалады. Ал қазіргі медиа нарығында болжам аздық етеді. Балалар аудиториясын ғылыми, педагогикалық және психологиялық тұрғыдан зерттеу керек.
«Balapan» сияқты арналардың миссиясы осы жерде кеңейеді. Ол тек хабар тарататын телеарна емес, балаларға арналған ұлттық медиа зертханаға айнала алауы тиіс. Мұнда жаңа формат сыналады, қазақша кейіпкерлер жасалады, ұлттық ойын мен цифрлық технология ұштасады, балаларға арналған қауіпсіз медиакеңістік қалыптасады.
Егер осындай арналар YouTube пен әлеуметтік желіге бейімделген қысқа, сапалы, тұрақты өнім шығарса, қазақтілді балалар контентінің ықпалы арта түсер еді.
Балаларға арналған контентке қаржы құю шығын емес, адами капиталға салынған инвестиция. Мектепке дейінгі және бастауыш жастағы балаға дұрыс медиа ұсыну оның тілін, мінезін, танымын, зейінін және құндылық жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді. Ертеңгі оқырман, көрермен, азамат бүгінгі балалар бағдарламасынан басталады. Сондықтан балалар контентіне салғырт қарау – болашақ аудиторияны кездейсоқ алгоритмнің қолына беру деген сөз.
Әлем балалар назарын ұстап қалу үшін бәсекеге түсіп жатыр. Бір жағында ойын платформалары, қысқа видеолар, шетелдік мультфильмдер, блогерлер тұр. Екінші жағында ұлттық тіл, тәрбие, білім, отандық шығармашылық орта бар. Осы бәсекеде жеңу үшін тыйым ғана көмектеспейді. Баланың өзі көргісі келетін, ата-ана сенетін, педагог қолдайтын, ұлттық ортаға үйлесетін сапалы контент жасау керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







