Қазақстанда жылыту маусымы ресми түрде басталғанымен, барлық өңір бірдей қысқа дайын болып шықпады: Абай облысы жылу желілерін белгіленген мерзімде тапсыра алмай, Үкіметтен сөгіс естіді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, еліміз бойынша барлық жылу көздері мен инженерлік желілер 1 қазанға дейін толық дайын болуға тиіс еді. Алайда Абай облысы осы қатаң талапты бұзып, бекітілген кестеге сыймай қалған.
Әкім орынбасары тәртіптік жазаға тартылмақ
Семейдегі жылу желілерін жөндеу және жаңғырту жұмыстарының дер кезінде аяқталмауы салдарынан Үкімет басшысы облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Ашық дереккөздер мен облыстық әкімдіктің құрылымына көз жүгіртсек, бұл өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика мәселелерін әкімнің орынбасары Бекжан Бапышев қадағалайды. Демек, негізгі жауапкершілік те тікелей осы шенеуніктің мойнына ілінбек.
Айта кетелік, Семейдің жылу жүйесі соңғы жылдары еліміздегі ең осал әрі проблемалы нүктелердің бірі болып қалып отыр.
Біздіңше, тәртіптік жаза әрі кетсе, сөгіс қана. Бірақ қыстың қақаған аязында тоңып отыратын қарапайым тұрғындар үшін әкім орынбасарының сөгіс алғанынан үйі жылып кетпейді. Мәселе — нақты нәтижеде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







