Депутат Ринат Зайытовтың Шерзат Болаттың отбасына қатысты оқиғаға пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Өтірік айтпайын, бұл оқиғадан хабарым жоқ. Мен қайдан білемін?! Бейхабармын. Әлеуметтік желіде киноның айналасында да шу болады. Біріншіден, бәрін қарап отыруға міндетті емес шығармын. Екіншіден, егер барлық осы оқиғаның айналасында жүрген журналистер, блогерлер шынымен қазақ қоғамындағы әділетсіздікті, қазақ қоғамындағы кемшіліктерді түзетуге ұмтылған тұлғалар болса, барлығына әділетті қарасын. Ондай оқиға жоқ десе, маған келіңіздер, қай жерде қандай оқиға болып жатқанын қолдарыңызға беремін. Мысалы, Семейде бір кісінің ұлын вахтада болған кезінде өлтіріп кетеді. Соған іс қозғамағанына бір жылдана асты. Бір-ақ кейс қана», — деді ол.
Депутат ауылдарда, аудандарда оқушыларды соққыға жығу бойынша дерек көп екенін жеткізді.
«Кісі өлімі болып жатқан деректер өте көп. Айналасында жүрсеңіздер, мархабат. Бір осындай оқиғаның айналасында барлығы жиналып, оны Мәжіліске дейін алып келіп, қандай да бір әңгіменің жанында от жағу керек болса, күмәнмен қараймын. Иә, қайғылы оқиға. Мен оны резонанс емес деп жатқан жоқпын. Оның айналасына байланып қалудың өзі күмән тудырады», — деді депутат.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал кеше жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бүгін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды.