Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абу-Дабидің орнықты даму апталығының» (ADSW) ашылуына және Zayed Sustainability Prize марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл сапар оның 2025 жылғы шетелге алғашқы сапары болды. Сапар барысында Қазақстан Президенті Әзербайжан президентімен де тілдесті, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Іс-шара аясында Мемлекет басшысы тұрақты даму және климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелері бойынша елдің стратегиялық көзқарасын білдіретін сөз сөйледі.
Саммит басталар алдында Тоқаев әлемдік көшбасшылармен бірқатар кездесу өткізді. Соның ішінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен жеке әңгімелесті.
Олардың әңгімелесіп тұрған суретін Ақорда жариялады.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Оқиғадан кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына кінәлі адамдарды жазалауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
«Қылмыстық істің барлық материалын әзірге ашқым келмейді, алдын ала тергеу, оның нәтижелері маған баяндалды. Бірақ бұл апаттағы Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сенімді түрде айта аламын. Әділдікті, кінәлілерді жазалауды, толық ашықтықты және адамгершілікті талап етеміз», — делінген Әзербайжан президентінің мәлімдемесінде.