Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мен суару маусымы жоспарға сай жүріп жатыр. Өңірде жаздық дақыл егу, шаруаларды жеңілдетілген жанар-жағармаймен қамту, тыңайтқыш жеткізу, су үнемдеу технологиясын енгізу және ағын суды әділ бөлу мәселесі тұрақты бақылауда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ertenmedia.kz сайтына берген сұхбатында көктемгі науқанның қазіргі барысы, су тапшылығына қарсы амал, шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдау жайында кеңінен айтып берді.
– Нұрбол Әбдісаттарұлы, Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары қазір қандай деңгейде жүріп жатыр?
– Биылғы көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығының салмағы үлкен өңір. Сондықтан әр маусым біз үшін мыңдаған шаруаның табысына, ауылдағы еңбек ырғағына, өңірдің азық-түлік қорына әсер ететін жауапты кезең екенін жақсы түсінеміз.
Қазіргі таңда жаздық дақылдар 316 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 72 мың гектар, майлы дақылдар – 72 мың гектар, жоңышқа – 51 мың гектар, көкөніс – 31 мың гектар, бақша дақылдары – 38 мың гектар, мақта алқабы 52 мың гектарды құрап отыр.
Шаруаның жұмысы дер кезінде қолдау көрсе ғана өнімге үміт артуға болады. Көктемде ең алдымен жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, техника және қаржы мәселесі алға шығады.
Облыста жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыш өтінімдерге сәйкес жеткізіліп жатыр. Бұл бағытта жауапты басқарма мен аудан әкімдіктері тығыз қарым-қатанаста жұмыс істеуде.
Бұдан бөлек, «Кең Дала» бағдарламасы аясында бүгінге дейін 1196 жоба қаржыландырылды. Мұндай қаржы шаруаларға айналым қаражатын толықтыруға, егіс жұмысына қажетті шығынды жабуға, маусымды созбай бастауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында уақыт өте қымбат. Бір апта кешіккен жұмыс кейде бүкіл өнімге әсер етеді.
– Суару маусымы Түркістан облысы үшін неге ерекше маңызға ие?
– Біздің өңірде егіншіліктің тағдыры көбіне суға тіреледі. Түркістанның климаты жылы, өнім алуға мүмкіндік көп. Бірақ ағын суды дұрыс бөлмесек, сол мүмкіндікті жіберіп алуымыз мүмкін.
Әсіресе мақта, көкөніс, бақша, жоңышқа сияқты дақылдар суды уақытында сұрайды. Сондықтан биыл су қоймаларындағы жағдай, каналдардың дайындығы, лимиттің сақталуы, су кезектілігі бәрі күнделікті бақылауда. Әр ауданға, әр су тұтынушыға бекітілген тәртіп бар. Су ортақ ресурс. Оны бір ауылға мол беріп, екінші ауылды күттіріп қоюға болмайды.
Бекітілген лимиттен шықпай, суды дақыл ерекшелігіне қарай берудің жүйесін қалыптастырдық. Бір дақыл суды ерте кезеңде қажет етеді, екіншісі кейінірек сұрайды. Сондықтан ағын судың кезектілігі шаруалармен келісе отырып реттеледі.
Біз жауапты мекемелерге су ресурсын қатаң бақылауда ұстауды тапсырдық. Әрбір текше метр судың есебі болуы керек. Бұрынғыдай «су бар кезде ала берейік» деген көзқарас қазіргі жағдайға сай келмейді. Климат өзгеріп жатыр, суға сұраныс көбейіп келеді.
– Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Бұл бағытта жақсы нәтижелер бар. Қазір 34 мың гектардан астам алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Тамшылатып суару, жаңбырлатып суару, су жеткізуді дұрыс жоспарлау сияқты тәсілдер шаруаның шығынын азайтып, өнімді тұрақтандыруға көмектеседі.
Ең бастысы, су ысырабын төмендетеді. Біз су үнемдеу жабдықтарын өндіруші кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп, шаруаларға қажетті техниканы лизинг арқылы ұсыну тетігін қарастырып отырмыз. Себебі әр шаруа бірден қымбат жабдық сатып ала алмайды. Ал лизинг арқылы алса, технологияға біртіндеп көшеді.
Бір шаруа су үнемдеудің пайдасын түсініп, ерте көшіп жатыр. Енді бірі шығынынан қорқады, кейбірі бұрынғы тәсілге үйренген. Бірақ өмірдің өзі өзгерісті жеделдетіп жатыр.
Егер су азайса, бұрынғы әдіспен мол өнім алу қиындайды. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын тоқтатпай жүргізіп жатқан жайымыз бар. Шаруаға құр талап қою жеткіліксіз. Оған технологияның пайдасын көрсету, қаржы тетігін түсіндіру, жабдықты алу жолын жеңілдету қажет. Біз осы бағытта аудан әкімдіктерімен, басқармалармен және қаржы ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.
– Биылғы вегетациялық кезең бойынша жалпы болжам қандай?
– Қазіргі жағдай қалыпты деп айтуға негіз бар. Вегетациялық кезең жоспарлы түрде өтіп жатыр. Дегенмен біз босаңсуға болмайтынын түсінеміз. Су қоймасындағы ахуал, каналдардағы жағдай, егістің нақты көлемі, шаруалардың өтініші күн сайын назарда болады. Әр аудан өзіне бекітілген міндетті нақты орындауы керек. Су бөлуде тәртіп болса, агротехникалық талап сақталса, қолдау шарасы уақытында жетсе, биылғы маусымды тұрақты өткізуге мүмкіндік бар.
Әр шаруа өз алқабындағы судың есебін білуі керек. Екіншіден, дақыл құрылымын ойластырып еккен дұрыс. Су аз жерде суды көп қажет ететін дақылды көбейте беру тиімсіз. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау құралдарын белсенді пайдалану керек.
«Кең Дала» сияқты бағдарламалар, жеңілдетілген жанар-жағармай, тыңайтқыш, лизинг тетіктері бәрі шаруаның жұмысына көмектесу үшін беріліп отыр. Төртіншіден, аудан әкімдігімен, су шаруашылығы мекемелерімен тұрақты байланыста болу маңызды. Ортақ мәселе ашық айтылса, шешім де тез табылады.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы елдің несібесі, ауылдың тірегі. Әр гектар жердің артында еңбек, әр өнімнің артында отбасының табысы тұр. Сондықтан біз көктемгі дала жұмыстары мен суару науқанын толық бақылауда ұстаймыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







