Ресейге жұмыс істеу мақсатында барып, кейін майдан шебіне аттану қаупіне тап болған он тоғыз жастағы қазақстандық Қайсар Алмаз әлеуметтік желіде мемлекет басшылығы мен құзырлы органдардан араша сұрап, шұғыл бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жас жігіт көрші елдің аумағында өзі секілді өзге де отандастарымен бірге алданып қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақстандық азаматтарды мәжбүрлі түрде әскери келісімшарттарға қол қойғызып, соғыс қимылдары жүріп жатқан өңірге аттандыруға әзірлеп жатыр.
«Күштеп қол қойдырды»
Қайсар Алмаз алғашында өздерімен бірге он бес шақты азаматтың болғанын, алайда күн өткен сайын қатарлары сиреп бара жатқанын жеткізді. Ол ешкімнің өз еркімен қару асынып, қақтығысқа қатысуға ниет білдірмегенін ашық айтты.
«Біз алданып қалдық. Ешқайсымыз өз еркімізбен майданға баруды қалаған жоқпыз. Бізді мәжбүрлеп, күштеп құжаттарға қол қойғызды. Бізбен бірге келген он бес шақты адам бар еді, қазір он шақтысы ғана қалды. Күн сайын жігіттерді өз еркінен тыс соғысқа алып кетіп жатыр», – деді Қайсар Алмаз.
«Үш-ақ күн уақыт қалды»
Қазақстандық жастар бұл тығырық бойынша ресми дипломатиялық өкілдікке және жергілікті заңгерлерге он күннен астам уақыт бұрын хабарласқан. Алайда күтіп отырған нақты шешімнің орнына оларға тек сабыр сақтау жөнінде ғана жауап берілген.
Смотреть в Threads
Уақыттың тым аз қалғанын және жағдайдың өте қауіпті екенін ескерткен азамат құтқару шараларын жеделдетуді сұрады.
«Бізді соғысқа аттандыруына небәрі үш-ақ күн қалды. Елшілік пен тиісті мамандар он күннен бері тек жауапты күтіңдер, аман-есен алып кетеміз деп сендіріп келеді. Бірақ біз әлі нақты жауап алған жоқпыз. Бір-екі күнде алып кетеді деп айтқанына да он күннен асып кетті. Біз нақты нәтиже көре алмай отырмыз», – деп мәлімдеді ол.
«Өз жерімізде өлгеніміз артық»
Қайсар Алмаз жат елдің мүддесі үшін соғысқысы келмейтінін, Отанына қайтарған жағдайда кез келген заңды жауапкершілік пен тексеруге де көнуге дайын екенін білдірді.
«Біз басқа жерде соғысып өлгенше, өз жерімізде өлгеніміз артық. Егер елге жеткізіп, уақытша ұстау изоляторына апарса да, сол жақта отырып шешімді күтуге бармыз. Тек майданға аттандырмаса екен. Егер мемлекет тезірек әрекет етпесе, бізді де алып кетуі әбден мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Сөзінің түйінінде ол құзырлы мекемелерге және Президент Тоқаевқа тікелей үндеу тастады.
«Барша қазақ елінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасынан, Сыртқы істер министрлігінен, елшіліктен және Президент Тоқаевтан көмек сұраймыз. Бізді аман-есен елге қайтару үшін шұғыл араласуларыңызды өтінемін», – деді Қайсар Алмаз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







