Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы Ресейде шығатын «Известия» газетіне жарияланды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
- Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы туралы
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі екенін айтты.
«Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ, қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген.
Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отыр», — деді Президент.
- Путин туралы не деді?
Тоқаев Путин туралы да сөз қозғады.
«Ресей Президенті Владимир Владимирович Путин екеуміз үнемі хабарласып отырамыз. Бір-бірімізге деген құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз емен-жарқындығымен және іскерлік сипатымен ерекшеленеді. Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді. Соңғы бір жылдың өзінде Ресей Президенті екеуіміз толыққанды форматта төрт келіссөз жүргіздік. Халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше мәрте кездестік, телефонмен де жиі сөйлестік», — деді Президент.
- Экономикада қандай байланыс бар?
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
«Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы соңғы бір жылдың ішінде құрылды. Біздің ынтымақтастығымыздың қарқыны жоғары екені осыдан-ақ айқын көрінеді.
Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғая түсті. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Елдеріміз бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отыр.
Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев осы жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанына және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарына тоқталды.
«Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар.
Астана мен Мәскеу Еуразия экономикалық одағы аясында табысты жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл құрылым Еуразия кеңістігіндегі экономикалық ықпалдастықтың маңызды тетігіне айналды және халықаралық деңгейде абырой-беделге ие болды», — деді Президент.
Биыл Еуразия экономикалық одағын құру туралы шартқа 10 жыл толып отыр.
«Қазақстан мен Ресей жаһандық бәсекеге қабілетін арттыру үшін әуел бастан жан-жақты ықпалдастық пен байланысты дәйекті түрде нығайтуға ұмтылды. Сол себепті, бірлестік құру туралы бастама көтеріп, осы ұйымның негізін қалады. Содан бері Еуразия экономикалық одағы оған мүше мемлекеттердің экономикалық саясатын интеграциялау және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асып жатқан аса маңызды платформа ретінде өзінің тиімділігін көрсетті», — деді Тоқаев бұл туралы.
- Путиннің сапары туралы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Ресей Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға болмақ.
«Жоғары мемлекетаралық мәртебесі бар бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді. Астанада өтетін кездесуде Ресей Президентімен бірге сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылаймыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастық барысын пысықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қазір, өкінішке қарай, қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасамыз.
Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан мемлекет басшыларының Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына бірге қатысуы осы сапар барысындағы маңызды шара болмақ», — деді Президент.
- Келер жылы қандай өзгеріс болмақ?
Президент 2025 жылы көптеген бірлескен бастама мен ортақ жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік барын мәлімдеді.
«Қазақстан мен Ресей тату көршілік пен одақтастық рухына негізделген риясыз достықты нығайтты және ең бастысы, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Біз елдеріміздің басты мүддесіне сай келетін ең батыл идеяларды бірге жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Ал, Қазақстанға келер болсақ, біз тарихтың қақтығысқа және апатқа толы күрделі кезеңінде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береміз», — деп түйіндеді Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Ресей президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді.