Мәжіліс депутаттары аты даудан арылмай келе жатқан RAMS құрылыс компаниясының мәселесін тағы көтерді деп хабарлайды Ertenmedia.
Сергей Пономарёв депутаттық сауалында елдегі құрылыс компанияларының заң бұзуларын жіпке тізді. Соның ішінде көпшіліктің наразылығын тудырған RAMS компаниясы да бар.
«Телефоным осы компания салған тұрғын үй кешендерінің тұрғындарынан түскен шағымға толып қалған. Компания елдегі ең ірі құрылыс салушылардың сегізінші орнында тұр.
Тұрғындар RAMS тұрғызған кешендердің сапасыздығын жиі сынайды. Құрылыс нормасының сақталмауы өз алдына, кейбір нысанда құрылыс жұмысы аяқталмаған күйі қалған.
Соған қарамастан, компания жаңадан алып кешендердің құрылысын бастап жатыр», – деді депутат.
Айтуынша, RAMS компаниясы бастапқыда тұрғындарға ірі жобаны іске асырып, жолды кеңейтіп, трансформаторлық қосалқы станция, мектеп пен емхана салып, жақын маңдағы өзеннің жағалауын абаттандыруға және 6 гектар жерді жасыл аймаққа айналдыруға уәде берген. Бірақ оның бірде-бірі орындалмаған.
«Компания тұрғын үй кешендерін халыққа тапсырғаннан кейін де үлкен мәселе шығып жатыр: егілген ағаш солып қалған, ғимараттың қасбеті құлап, терезе мен қаптамалар сынып түсіп жатыр, шатырдан су ағып, жертөлелердің іші көгеріп кеткен», – дейді депутат.
Сонымен қатар тұрғындар су мен жарықтың жиі өшіп қалатынын, автокөлік қоятын орынның жетіспейтінін айтып, жиі шағымданады екен.
Осындай даулы мәселе шешілмей жатып, RAMS Алматыда тағы бір алып құрылыс 40 қабатты Beyond кешенін сала бастаған.
«Осы жоба да тұрғындардың жаппай наразылығын тудырды. Депутаттардың араласуымен кешеннің құрылысы уақытша тоқтатылып, оның заңдылығы мен қала құрылысына әсері тексеріле бастады. Алматы қаласының экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін осы бейберекет құрылысты тоқтату қажет. Мұндай заңсыздық қаланың өмірін парализдеп, мем.бюджеттің басты доноры саналатын Алматының дамуын тежейді», – деді депутат.
Сергей Пономарёв осыған байланысты RAMS компаниясының барлық нысанына кешенді тексеру жүргізуді және Beyond көпқабатты кешенінің құрылысын мүлдем тоқтатуды талап етті.
Алатауды бөлшектеген әкімдер мен әулеттер: депутат Базарбек маңызды мәлімдеме жасады