Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қолдау білдіру, нақты міндеттер мен алдағы жоспарларды талқылау бойынша жиын өтті.
Жиынға облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Алмас Салимов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев және облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ, барлық аудан, қалалық мәслихат төрағалары бейне-конференц байланыс арқылы қатысты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздегі маңызды құжаттардың бірі. Жолдау жасанды интеллект және цифрлық даму, инвестиция тарту, туризмді дамыту, су және инфрақұрылым, спорт және тағы басқа салаларды қамтып отыр. Маңызды құжатта көтерілген бұл мәселелердің барлығы қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ, Президент елімізге инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғыртып, әсіресе өңдеу саласына көбірек қаражат тарту қажеттілігіне тоқталды. Инвестиция тарту қашан да маңызды мәселе. Сондықтан, инвестициялар тарту ісінде белсенді түрде әрекет етіп, инвесторлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға әрдайым ұмтыла беруіміз керек деп ойлаймын. Жолдауда айтылған жұмыстарды еңсеру арқылы мемлекетіміз өз дамудың жаңа деңгейіне көтерілетіні сөзсіз. Сондықтан, баршамыз Президентіміздің бастамаларын қолдап, бірлігіміз бен ынтымағымызды бекемдеп, жұмыла жұмыс істесек алға қойған мерейлі мақсаттарға қол жеткізетініміз анық — деді, Нұралы Әлмаханұлы.
Сонымен қатар, барлық депутаттарды ауыл аймақтардағы тұрғындармен кездесу кезінде Жолдауды насихаттап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысуға шақырды.
Жиынның күн тәртібінде жеке меншік медициналық қызмет көрсететін процедуралық кабинеттердің жұмысы туралы да айтылды. Бұл бағытта өңірде уақытша депутаттық комиссия құрылып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу және аталған бөлімшелердің қызметімен танысу ұсынылды.
Себебі, халықтың саулығы мен келеңсіз жағдайлардың алдын алу маңызды. Нұралы Әлмаханұлы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев бұл бағытта өңірдің барлық депутаттары белсенділік танытатынына сенім білдірді. Мемлекет басшысының Жолдауында да медицина саласына және салауатты ұлт қалыптастыруға қатысты нақты бағыттар айқындалған болатын.
Сондай-ақ, жиында облыстағы барлық мәслихаттар арасында кіші футболдан турнир өткізу туралы талқыланды. Бұл сайыс депутаттар арасында дәстүрге айналған. Халық қалаулылары салауатты өмір салтын насихаттап, өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін жобаларды барынша қолдап келеді.
Түркістан облыстық мәслихаты