АҚШ-тың Қазақстандағы экс-елшісі Дениел Розенблум Йель университетінде дәріс оқып, Америка дипломатиясының Орта Азиядағы осалдығын ашық мойындады деп жазады Ertenmedia.
Өңірдегі ақпараттық ықпалын жоғалтқан Уашингтонның қателігін жіпке тізген ол, осы майданда Мәскеу мен Бейжіңнің оқ бойы озып озып кеткенін айтып, қынжылды.
Дипломат осы тұста 2023 жылы Қазақстанда орын алған тосын жайтты еске алған екен.
Сол жылдың көктемінде Кремльдің пропаганда құралдары «Алматыда НАТО базасы құрылды» деп, қарапайым конференц-залдың ашылуын саяси скандалға ұластырып жіберген-тұғын.
«Өтірікті шындай етіп ұсынатын мұндай тәсілдің тиімділігі сонда, жалған сөз жүз мәрте қайталанса, көптің санасына орнығып, ақиқатқа айналып шыға келеді», — дейді Розенблум.
Айтуынша, АҚШ билігі Мәскеудің ақпарат диверсиясына мардымды жауап қата алмаған. Трамп келгелі USAID жобалары тоқтап, «Әмерика дауысы», «Азаттық» радиосының тынысы тарылған. Дип.корпустың бір жарым мыңға жуық қызметкері қысқарып, аймақтағы әмерикалық жобалар күресінге тасталған.
«Орта Азиядағы ақпарат майданы аяқталды. Ресей немесе Қытай басым түскен жоқ, АҚШ өзі күресуден бас тартты», – дейді Розенблум. Дипломатиялық беделінен айырылған Әмерика қазір әлсіз әрі шарасыз күйде.
«Биыл жазда Алматыда аймақтағы ең ірі АҚШ консулдығы салтанатты түрде ашылды. Элиталы ауданда аумағы ат шаптырым жер бөлініп, еңселі ғимарат бой көтерді. Лепірме сөзбен қиылған қызыл лентадан кейін, қауырт жұмыс басталуы керек еді. Алайда Уашингтон одан әрі жылжуға құлықсыз. Бос кеңістікті Ресей мен Қытай толтырып жатыр», — дейді экс-елші.
Орта Азия өткеннің елесімен арбайтын Мәскеудің ақпараттық орбитасында өмір кешуде, Бейжің өз кезегінде аймаққа миллиардтаған инвестицияны үйіп-төгуде.
«Қытай мен Ресей аймақты оқ шығындамай-ақ отарлап алды», – деген екен экс-елші осы тұста.
Розенблумның пікірінше Трамптың тұсындағы Әмериканың ішкі ұстанымы айқын емес. Уашингтонға әлемдік процестерден оқшаулануға болмайды. Дипломатия саласында жеңіске жеткісі келген елге қызыл лента емес, табанды әрі жүйелі жұмыс қажет.
Материал: yaledailynews.com ақпараты негізінде әзірленді.
Торонто мен Түркістан арасында: канадалықтар Шу-Сарысудың жер қойнауына кірді