Ұлттық компаниялардың екінші тоқсандағы қаржылық көрсеткіштері қоғамда үлкен талқылау туғызуда. 2025 жылдың II тоқсанында ұлттық компаниялардың жиынтық табысы 1,22 трлн теңгеден 1,53 трлн теңгеге өсіп, 25 пайыздық өсім көрсеткен. Бірақ бұл өсімнің астарында халыққа түсінікті қарапайым шындық бар – компаниялар көп сатқанымен, табысы мардымсыз болып тұр. Табыстың мардымсыз болуына шығындардың да өскені әсер еткен.
Өндірістік шығындар бір тоқсанда 1,27 трлн теңгеге жетіп, 12 пайызға көбейген. Ал рентабельділік көрсеткіші 58,1 пайыздан 39,2 пайызға құлдырап, салыққа дейінгі пайда 28 пайызға азайып, небәрі 677 млрд теңгені құраған. Демек, статаистика миллиондап бонус алатын менеджерлерің жұмысы тиімсіздігін көрсетіп отыр.
Отандық компаниялар сырттай ірі болып көрінгенімен, ішкі құрылымы әлсіз екенін байқауға болады. Дебиторлық берешек көлемі аздап қысқарғанымен – (3 трлн теңге), кредиторлық қарыздар 11,8 трлн теңгеден 12,6 трлн теңгеге дейін өсіп кеткне. Оның ішінде 5,4 трлн теңгесі әртүрлі қарыздар болса, тағы 2,2 трлн теңгесі тікелей банктік несиелер. Осы қарыздардың түпкілікті салмағы мемлекет пен халықтың мойнына түсетіні анық.
Компаниялардағы еңбекақы қоры тоқсан бойы өзгермеген. Ал тек қана амортизацияға – яғни техниканың, ғимараттардың тозуына кететін шығын 60 млрд теңгеден асқан. Бұл – жұмысшылардың еңбегін бағалаудан гөрі, құрал-жабдықты ұстап тұруға көбірек қаржы кетіп жатқанын көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық компаниялар айналымды көбейткенмен, тиімділікті арттырмаған.
Жүйе өздігінен емес, инерциямен, автопилотта қозғалғанын көруге болады. Бұл мемлекет үшін қосымша тәуекелдер, себебі стратегиялық салалардағы ұлттық компаниялардың денсаулығы елдің жалпы экономикасына тікелей әсер етеді. Егер тиімділік төмендесе, онда ұлттық компаниялар мемлекеттің қаржылық ресурстарын жұтып, реформаларға да кедергі келтіретіні белгілі.
Бүгінгі жағдай ұлттық компаниялардың шынайы реформалауды қажет ететінін көрсетіп отыр. Инфрақұрылымдық модернизация, қаржы басқарудағы ашықтық, қарызға тәуелділікті азайту – міне, осы бағыттарда нақты шаралар қажет. Әйтпесе, қағаз жүзінде көрсетілген «өсімнің» көлеңкесінде мемлекеттің мойнына ілінген қарыз бен шығындар ғана қалады.
Тағы оқыңыз:
Атом станциясына атау беру – ұлттық идеологияның жаңа қадамы