2026 жылдан бастап ел тұрғындарының әрбір ірі шығыны (қымбат техникадан бастап шетелдегі демалысқа дейін) салық органдарының назарында болады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қаржы министрлігі алдағы жылдан бастап табысты ғана емес, әр азаматтың шығындарын да жіті бақылауға көшеді.
Осыған байланысты танымал экономист, Uchet.kz компаниясының негізін қалаушы Мәксим Бәрішев қазақстандықтарға барлық ірі шығыстарды мұқият жазып, түбіртек мен чектерді сақтауға кеңес берді.
«Егер азаматтың шығыны оның ресми табысынан асып кетсе, салық қызметі міндетті түрде түсініктеме талап етеді. Сондықтан шетелге саяхаттап немесе қымбат тауар сатып алған жағдайда, шығысыңыздың кірісіңізден асып кетпеуін қадағалаңыз», – дейді Бәрішев.
Қаржы министрлігі кіріс пен шығысты салыстыру арқылы азаматтардың жасырылған, декларацияланбаған табысын анықтайтын жаңа ереже енгізбек. Әдіс «салық салынатын объектілерді жанама анықтау» деп аталады.
Ведомствоның дерегінше, жаңа әдіс бастапқы құжаттар жоғалғанда, бұрмаланғанда немесе мүлде жүргізілмеген жағдайда қолданылады. Сондай-ақ, салық органдары азаматтардың активтері, берешегі, айналымдағы қаражаты, кірісі мен шығысын бағалауда «балама ақпарат көздерін» пайдаланатын болады. Нақты қандай деректер «балама ақпарат көзі» болып саналатыны әзірге ашық айтылған жоқ.
Мәксим Бәрішевтің айтуынша, салық органдары осы тәсілді әуелі блогерлерден бастап сынап көрген.
Биыл ақпанда Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің кірісі мен шығысын салыстырып, ресми табыстан 53 млрд теңгеге артық ақша анықтаған еді. Осыдан кейін көп блогер салық органдарының назарына ілігіп, кейбірі сотқа да шағымданған болатын.
Енді бұл әдіс барлық қазақстандықтарға қолданылады. Адамдардың қымбат медициналық қызмет, саяхат, зергерлік бұйым мен мейрамханадағы есеп айырысуы бақылауға алынып, жасанды интеллект пен суперкомпьютерлер арқылы талданады.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин де осы өзгерісті растап, журналистерге берген сұхбатында: «Біз енді азаматтардың ел ішінде немесе шетелде қанша рет демалатынын бақылаймыз. Былтыр ішкі туризмдегі барыс-келістің көрсеткіші 10,5 млн адамды құрады. Кедей адамдар демалуға бармайтыны, тіпті ішкі туризмді де қалтасы көтермейтіні түсінікті», – деген еді.
Сарапшылар қазақстандықтарды жеке бюджетін бақылауда ұстауға шақырып отыр. Шығыны кірісінен асып кеткен азамат салық органына қосымша есеп беруге мәжбүр болуы мүмкін.