Каспийдегі Қашаган кенішін игеріп жатқан NCOC консорциумы еліміздегі әлеуметтік жобаларға шамамен миллиард долларға жуық қаражат бөлген.
Консорциумның «әлеуметтік жауапкершілігі» туралы айтқанда сіз бен біз ескере бермейтін кілтипан бар деп жазады деп жазады Ertenmedia.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың атап өткеніндей NCOC-тың «әлеуметтік көмекке» бөлдік деген 920 млн доллары шын мәнінде тегін емес.
Компания жұмсаған әрбір теңгесін өндірілген мұнай есебінен артығымен қайтарып алады.
«Мұндай шығын әуелі доллармен есептеледі, бірақ теңгемен өтеледі. Жұмсалған қаржыға орташа 5-6 пайыздық аплифт үстемесі қосылады. Айталық, егер 10 жыл бұрын NCOC бір мектеп салуға 5 миллиард теңге жұмсаса, бүгінде девальвация мен пайыздық өсімді есептегенде мемлекет консорциумға шамамен 10 миллиард теңге қайтарып беруге міндетті. Егер консорциум қоршаған ортаға тигізген зияны үшін әлгі ақшаны қайтарымсыз қайырымдылық ретінде бөлсе, әңгіме басқа болар еді», – дейді Жұмағұлов.
Оның пікірінше консорциум осы арқылы билікке ескерту жасап отырған сыңайы бар. «Біз миллиондап ақша құйып жатырмыз, ал сендер оны жергілікті жұртпен санаспай, қажетсіз, тиімсіз жобаларға шаштыңдар» деген ишара жатыр.
Себебі мұндай жобаларды әкімдіктер мақұлдап, мердігерді де өздері таңдайды. Олардың таңдауына келгенде күмән туғызатын сауал көп. Шешім көбіне-көп шикі, ашық әрі әділ емес.
Сарапшы бұл ретте BI Group-тың Атырауда NCOC ақшасына тез арада тұрғызған, бірақ бағасы негізсіз қымбат модульді ауруханасын мысалға келтіреді.
Айтуынша, Қашаганның акционерлері жаңа әлеуметтік жобаларға тағы да ақша бөлу туралы ұсыныс жасаған. Есесіне түнеукүнгі 4,5 миллиард доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлдың күшін жоюды талап етіпті.
«PSA (инвестор мен мемлекеттің өзара табыс бөлісетін басты құжаты, ред.) ондай қулыққа көне қоймас…», – дейді сарапшы.
Жұмағұлов сонымен қатар осы күнге дейін әлеуметтік жобаға кеткен жүздеген миллион доллардың нақты қайда, қалай жұмсалғаны туралы елге бірде-бір рет егжей-тегжейлі есеп берілмегенін де еске салыпты.
«Мектеп, аурухана және әлеуметтік нысандарды салу мемлекеттің тікелей міндеті. Мұнай компанияларының басты шаруасы мұнай өндіріп, қоршаған ортаға келтірген залал үшін рента төлеу. Әлеуметтік жобаға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын мәслихаттар, қоғамдық кеңестер мен азаматтық белсенділер бақылауы керек. Осы уақыт ішінде бірде-бір әкімдік жер қойнауын пайдаланушылардың жүздеген миллион доллары қайда кеткені жайында толық есеп берген жоқ», – дейді сарапшы.
Айта кетейік NCOC (North Caspian Operating Company) Қашаган кенішін игеріп жатқан халықаралық консорциум. Бұған дейін шетелдік инвесторлар мен Қазақстан билігі арасында 4 миллиард доллар көлеміндегі экологиялық дау тұтанған болатын.