Қазақстанда ипотека мен автонесие 25 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Ал тұтынушылық несие тіпті 40 пайыздан асып түсуі ғажап емес.
Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтеруі себеп жазады Ertenmedia экономист Алмас Шөкинге сілтеп.
«Меніңше, қазіргі ахуалды «сейсмикалық өзгеріс» деген сипаттаған жөн. Табанымыздың астындағы қара жердің өзі сәт сайын шайқалып тұрғандай әсер қалдырады», — дейді ел экономикасының шатқаяқтап тұрғанын меңзеген Шөкин.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк инфляцияны ауыздықтауға барынша қатал әдіс қолдануды ұйғарған.
Базалық мөлшерлеме 18 пайызға жеткенде банктер ең сенімді клиенттеріне қысқа мерзімді несиені 22 пайызбен ғана бере алады. Ал қарапайым халыққа ипотека мен автокредит кемінде 24-25 пайыз, тұтынушылық несие болса 40 пайызға дейін шарықтайды.
«Мұндайда экономикаға инвестиция тартып, өндірісті қалай дамытуға болатынын түсіну қиын. Ұлттық банктің ақша-несие саясаты құрылыс саласын тығырыққа тірейді. Оның артынан жиһаз жасайтындар, жөндеу жұмысымен күн көретін шағын бизнес те зардап шегеді. Ең өкініштісі пайыздық мөлшерлеме жақын уақытта төмендей қоймайды», – деп болжайды сарапшы.
Экономист Бектенов үкіметінің саясатына сын көзбен қарайды. Ұлттық қордан алынатын трансферттің көлемін ұлғайту мүмкіндігі таусылғандықтан, билік сырттан қарыз алуға көшкен.
Мәселен 8 триллион теңгелік мемлекеттік инвест. бағдарлама «Бәйтерек» арқылы жүзеге аспақ. Ол үшін «Бәйтерекке» 1 триллион теңге бөлінеді де, қалған 7 триллион теңгені ішкі нарықтан қарызға алады.
«Менің түсінбейтінім, ішкі нарықтан мұндай орасан соманы қай пайызбен алмақшы? Бұл да кемі 21-22 пайызбен алынатын несие ғой. Мұндай пайыздық жүктемемен қай жоба өзін ақтай алады? 22 пайыздық несие үш жарым жылда екі еселенеді», – деп атап өтті сарапгы.
Шөкин Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан ауқымды инвестициялық жобалардың нақты өндіріс пен тұтынушы нарығына пайдасы шамалы екенін айтады. Керісінше, мемлекет қолға алған ірі инфрақұрылымдық жобалар импорттық құрал-жабдықтар арқылы теңгеге қысым жасайды.
Оның пікірінше Ұлттық банк осы жолы инфляцияның шарықтауын тым кеш байқап қалған.
«Мүмкін Сүлейменовке базалық мөлшерлемені жазда-ақ көтере түсу керек пе еді? Қазіргі инфляция деңгейін теңгенің бағамына қарап-ақ болжауға болады. Доллар қайда кетсе, инфляция да сол жаққа кетеді. Немесе керісінше инфляция артса, доллар да оның соңынан ереді», – деп түйіндеді сарапшы.