Келесі жылы доллар бағамы 600 теңгеден асып түсуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia Halyk Finance сарапшыларына сілтеп.
Қыркүйектің соңында доллардың бағамы 549 теңге болған. Бір айдың ішінде ұлттық валюта шамамен екі пайызға құлдырады. Соңғы күндері теңге сәл-пәл нығайғанымен, сарапшылар қуануға әлі ерте деп отыр.
«Теңгенің әлсіреуіне сыртқы себеп жоқ еді. Мұнай бағасы 69 доллар шамасында тұрақтады, экспорт көлемі де өсті, доллар индексі төмен күйде қалды. Бірақ соған қарамастан ұлттық валюта тәлтіректеп тұр», – дейді қаржыгерлер.
Доллар бағамы 530 теңгеден сәл төмендегенімен, жыл соңына қарай қайта көтеріліп, 550-560 теңге аралығында тұрақтайды. Ал 2026 жылы теңгенің жағдайы қиындауы мүмкін.
«2026 жылы доллар бағамы 600-610 теңгеге жетеді деген болжам бар. Негізгі себеп мұнайдың арзандауы, экспорт түсімінің төмендеуі және Ұлттық қордан валюта сату көлемінің қысқаруы. Бұл ішкі нарықтағы доллар тапшылығын күшейтіп, теңгеге қосымша қысым түсіреді», – дейді сарапшылар.
Қазақстан экономикасының өсу қарқыны да бәсеңдей бастаған.
Биыл тоғыз айда ЖІӨ өсімі 6,3%-ға төмендеді. Әзірге негізгі өсімді Теңіз кенішін кеңейту жобасы қамтамасыз етіп отыр. Басқа салалар да өсіп жатыр, бірақ алдыңғы қарқыннан айырылған.
Экономикаға инфрақұрылымға салынған инвестицияның азаюы, базалық мөлшерлеменің 18%-ға дейін көтерілуі соққы болып тиген. Бұған қоса, 2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексі, халық табысының баяу өсуі, мұнай өндірісінің қысқаруы жағдайды ушықтыруы мүмкін.
«2026 жылы экономиканың өсім темпі 4,5%-ға дейін төмендейді деп топшылаймыз. Мұнай бағасының 64 долларға дейін арзандауы экспорттық түсім мен бюджетке түсетін қаржыны кемітеді. Биыл Теңіздегі кеңейту жобасы аяқталған соң, келер жылы мұнай өндірісі бұлайша қарқынды өспейді», – деп есептейді сарапшылар.
Биыл бюджет салық түсімдерінің есебінен ғана толып отыр.
Корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және кеден төлемдері бюджет түсімдерін 15,8%-ға өсірген. Ал салықтық емес түсімдер, керісінше, 28,4%-ға құлаған.
Осы тұста үкіметтің келесі жылы бюджет тапшылығын қалай шешетіні белгісіз күйінде тұр. Алыс-салықты көбейте ме, әлде Ұлттық қорға қол сала ма?
«Ұлттық қор активтері қыркүйектің соңында 35,8 трлн теңгеге жеткенімен, қорға түсетін қаржы 4%-ға кеміді. Бұған себеп мұнай секторынан түсетін салықтың төмендеуі. Соған қарамастан, Ұлттық қордан алынған ақша 4,1%-ға көбейіп, 4,2 трлн теңгеге жеткен», – дейді Halyk Finance.
Сарапшылар инфляция мәселесіне де ерекше назар аударған.
Қазір инфляция 12,9%-ға жетті. Бұған азық-түлік (12,7%) пен коммуналдық төлемдердің (15,3%) қымбаттауы айтарлықтай әсер еткен. Ұлттық қордан көп қаржы алу, теңгенің тұрақсыздығы және Ресей рублінің күшеюі де баға өсімін жылдамдатқан.
Ұлттық банк осы жағдайға базалық мөлшерлемені 18%-ға көтерумен жауап қатты. Сарапшылардың пікірінше, бұл тым қатал шешім болған.
«Қазіргі инфляцияның басты себебі фискалды саясат пен тарифтердің өсуі. Оны пайыздық мөлшерлемемен реттеу қиын. Басқа жолдарды қарастырған жөн еді», – дейді қаржыгерлер.
Сарапшылар жыл соңына қарай инфляция өздігінен тежеледі деп отыр. Биыл инфляция 11,5–12,5%, ал келесі жылы шамамен 11%-ға дейін баяулауы мүмкін.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

