Елімізде қолға алынған «Келешек мектебі» ұлттық жобасы қазіргі заманның ең маңызды әлеуметтік бастамаларының бірі саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан бұл жоба білім беру жүйесін жаңаша деңгейге көтеруге бағытталған кешенді бағдарлама. Жобаның мақсаты ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты жою, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, балаларға лайықты орта қалыптастыру. Енді Қазақстанның әр түкпіріндегі оқушылар бірдей жағдайдағы жаңа мектептерде білім алуға мүмкіндік алады.
2025 жылдың соңына дейін елімізде 217 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл 460 мың балаға жаңа орын ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде олардың басым бөлігі пайдалануға беріліп, заманауи жабдықтармен қамтылған.
Мұндай мектептерде оқу бөлмелері мен зертханалар ғана емес, балалардың шығармашылығын дамытуға арналған кеңістіктер, спорт және өнер залдары, жеке оқу аймақтары қарастырылған. Барлығы оқушының жан-жақты дамуы мен мұғалімнің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін жасалған.
Жобаның үйлестірушісі Оқу-ағарту министрлігі, ал құрылыс жұмыстары Индустрия министрлігі мен «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының бақылауында. Ұлттық жобаны іске асыруға жиырмадан астам мемлекеттік және жергілікті орган қатысып отыр. Мұндай көлемдегі бірлескен жұмыс елімізде алғаш рет қолға алынды.
Әрбір аймақтың климаттық ерекшелігі ескеріліп, жобалау кезінде сол өңірдің қажеттілігіне бейімделген шешімдер қабылданды. Мәселен, оңтүстікте күн көзі мен жылуды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жүйелер орнатылса, солтүстіктегі мектептерде жылу оқшаулау мен энергия үнемдеу технологиялары енгізілген.
Жаңа мектептердің басты ерекшелігі қауіпсіздік пен қолайлылық. Әрбір ғимаратта бейнебақылау, кіруді бақылау жүйесі және оқушылардың қозғалысын реттейтін цифрлық құралдар орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған, бұл балалардың оқу ортасын жеңілдетеді әрі қауіпсіздігін арттырады. Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін арнайы сыныптар мен кең бөлмелер, жеке санитарлық тораптар жасалған. Мұның барлығы – инклюзивті білімнің толық жүзеге асқан көрінісі.
Президент айтқандай, басты мақсат елімізде бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру. Яғни қай аймақта өмір сүрсе де, әр бала бірдей сападағы білім мен мүмкіндікке ие болуы қажет. Бұрын қала мектептері жаңа технологиялар мен зертханаларға толы болса, ауыл балалары көбіне ескі ғимараттарда білім алатын. Енді бұл теңсіздік азайып келеді. Бүгінде жаңа үлгідегі мектептердің 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде салынуда. Бұл ауылдағы өмір сапасының артуына, ұстаздардың ауылға баруға ынтасының көбеюіне де ықпал етуде.
Жобаны жүзеге асыруда отандық кәсіпорындар да белсенді атсалысуда. Мектеп жиһаздары мен оқу жабдықтарының басым бөлігі қазақстандық өндірушілерден сатып алынуда. Бұл өз кезегінде отандық өндіріс пен жаңа жұмыс орындарының көбеюіне жол ашты. Сонымен қатар барлық құрылыс материалдары мен жобалау шешімдері халықаралық стандарттарға сай таңдалып отыр.
Қазіргі таңда ел бойынша 176 жаңа мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 41 нысан есігін ашады. Алматы, Астана, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Әрбір мектеп елдің болашағына салынған инвестиция. Қарапайым кірпіштен басталған нысан, ақыр соңында, мыңдаған баланың арманына айналады.
Бір қарағанда құрылыс жобасы секілді көрінетін бұл бастама, шын мәнінде, елдің рухани жаңғыруының көрінісі. Себебі жаңа мектептер тек қабырғасы қымбат ғимарат қана емес, жаңа ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын орта. Осы жобаның арқасында Қазақстандағы білім кеңістігі теңдестіріліп, әр бала өз болашағына нық қадам жасай алады.

