Қазақстан уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы саналатынын осыған дейін ақпарат көздерінен оқып немесе естіген шағарсыз. Дәл осы бағыт ел экономикасында жетекші орынға шығып келеді. Сол секілді цифрландыру, астық өндірісі, мыс өндірісі де заманға қарай алдыңғы қатарға шығып келеді.
Уран бойынша әлемдік өндірістің 39% бізге тиесілі
Мақаланы ураннан бастаған соң, алдымен сол жайында айтайық. 2024 жылы елде 23 270 тонна табиғи уран өндіріліп, бұл әлемдік өндірістің шамамен 39% құраған. Елдің жетекші ұлттық компаниясы «Kazatomprom» Лондон және Астана биржаларында листингтелген.
Бұл саланың ашықтығын, корпоративтік басқару сапасын және инвесторлардың сенімін арттырады. Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының аға сарапшы Рамазан Есенғазиевтың айтуынша кейінгі жылдары ғаламдық деңгейде атом энергетикасына сұраныстың өсуі декарбонизация үрдістеріне байланысты болып отыр.
Сондықтан уран нарығы ұзақ мерзімді перспективада өсім көрсетеді деп күтіледі. Қазақстан Қытай, Еуропалық одақ, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяға уран экспорттай отырып, жеткізілім бағыттарын әртараптандырған. Бұл фактор елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, халықаралық аренадағы стратегиялық салмағын да арттырмақ.
Цифрландырудағы жетістіктер
Қазақстан цифрландыру және электронды үкіметті дамыту бойынша аймақтағы жетекші елдердің бірі саналады. БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту жөніндегі 2024 жылғы жаһандық есебінде Қазақстан электронды үкіметті дамыту индексі (EGDI) бойынша 193 елдің арасында 24-орынға ие болып, «өте жоғары деңгей» санатына кірген. Бұл туралы сарапшы Рамазан Есенғазиев былай деді:
«Онлайн қызметтер индексінде (OSI) еліміз әлемнің үздік он мемлекетінің қатарына кіріп, Оңтүстік Корея, Дания және Эстония сияқты цифрлық көшбасшылармен деңгейлес бағаланған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылып, eGov.kz және eGov Mobile платформалары арқылы 1200-ден астам цифрлық қызмет көрсетіледі. Бұл азаматтар мен бизнеске уақытты үнемдеп, шығындарын азайтуға көмектеседі»,– дейді Р. Есенғазиев.
Шын мәнінді цифрлық инфрақұрылымның дамуы экономиканың өнімділігін күшейтеді және финтех пен электрондық қызметтер арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға үлес қосады. Сол үшін де бұл бағытты экономиканың негізгі 5 бағыты тізімінде сарапшы екінші орынға қойып отыр. Бұдан кейінгі қатарға астық өнімдерін қосыпты. Бұған Trade Map (2023) мәліметтері бойынша Қазақстан әлемдегі негізгі бидай және меслин экспорттаушы ондыққа кіріп, жалпы әлемдік экспорттағы үлесі 3,01% деңгейінде бағаланғаны да себеп болған шығар деп түсіндік. Бүгінде бидай экспорттың айтарлықтай бөлігі көрші мемлекеттерге кетеді. Бұл Қазақстанның аймақтық деңгейде азық‑түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі маңызды екенін көрсетеді.
Адам басына шаққандағы ЖІӨ
Қазақстан адам басына шаққандағы ЖІӨ бойынша ортадан жоғары елдер тобына кіреді. 2025 жылғы Халықаралық валюта қоры (IMF) мәліметтері бойынша, адам басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 14 770 АҚШ доллары деңгейінде бағаланды. Бұл Ресей (шамамен 14 260 АҚШ доллары) және Қытай (шамамен 13 690 АҚШ доллары) көрсеткіштерінен жоғары. Рамазан Есенғазиев айтқандай, адам басына шаққандағы табыстың өсуі халықтың сатып алу қабілетін қолдайды және ішкі сұраныстың тұрақты деңгейін сақтауға ықпал етеді. Сондықтан жалпы ішкі өнімнің экономикадағы үлесін сарапшы төртінші қатарға қойып, бестікке мыс өндірісін қосып отыр.
– Қазақстан әлемдегі ірі мыс өндірушілердің бірі. 2023 жылы елде мыс өндірісі шамамен 600 мың тоннаға жетіп, бұл дүниежүзілік өндірістің шамамен 4% құрады. Елде өндірілетін мыс көлемінің едәуір бөлігі экспортқа шығарылады. Бұл халықаралық нарықта Қазақстанның металл жеткізушісі ретіндегі маңызын арттырады. Сонымен қатар, мыс өндіру экономикалық өсімге, валюталық түсімдерді арттыруға және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға үлес қосады.
Болашақта әлемдік деңгейде мысқа сұраныстың тұрақты өсуі әсіресе, электр энергетикасы, электроника және электромобильдер салаларында өндірісті ұлғайтуға және елдің металл нарығындағы стратегиялық рөлін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сарапшы Рамазан Есентав.

