Батыстың санкция қысымына байланысты Бейжіңнің мұнай өңдеу зауыттары шикізатты басқа елдерден іздеуге көшті. Ресей мұнайынан бас тартқан Yanchang Petroleum компаниясы қаңтардан бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінен тасымалды жолға қояды, деп жазады Ertenmedia.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Қытайдың солтүстігіндегі Шэньси провинциясында орналасқан ірі зауыт айына 348 мың бәррел мұнай өңдейді. Бұған дейін зауыт ай сайын Ресейден бір партия шикізат, негізінен ESPO және Sokol маркаларын тұрақты сатып алып келген.
АҚШ пен Еуроодақтың Ресейдегі ірі мұнай-газ компанияларына салған санкциясы Yanchang Petroleum-ды шикізат жеткізушілерін ауыстыруға мәжбүр еткен.
Осылайша, компания қаңтар айында 3 миллион бәррел мұнай сатып алады: оның 2 миллион бәррелі Абу-Дабиден келетін Murban маркалы өнім болса, қалған 1 миллион бәррел қазақстандық CPC Blend мұнайы.
Reuters ақпаратына қарағанда, Қазақстаннан жеткізілетін 1 миллион бәррел мұнайды сатып алу туралы келісім Yanchang Petroleum мен әлемдік деңгейдегі трейдер Vitol арасында жасалған. Мұнайдың бағасы ашық айтылмаған.
Қытай нарығындағы тағы бір алпауыт Sinopec компаниясы да осыдан бұрын Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатқан болатын.
Сарапшылар соңғы оқиғалар Қазақстан мұнайының Қытай нарығына кіруіне кең мүмкіндік ашады деп отыр. Себебі отандық шикізат сапасы жағынан Ресей мұнайынан кем түспейді. Еске сала кетсек, бұған дейін қазақ мұнайын сатып алатын Бұлғариядағы мұнай өңдеу зауыты «Лукойлға» салынған санкция салдарынан жабылу қаупіне тап болған еді.
Кремльдегі қаралы қараша: «Лукойл» Бұрғас пен Басрадан айырылуда

