ҚР Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитеті Қызылордаға келіп, облыс әкімдігінде көшпелі отырыс өткізді. Жиында жаңартылған заңнамаға сай бюджет процесін қалай жүргізу керектігі талқыланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтқан талаптарды алға тартып, бюджет қаржысын әр тиынына дейін бақылаудың маңызын атап өтті. Соңғы жылдары Қызылордада артық шығынға жол бермеу жұмысы күшейіп, 100 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемделген. Бұл – құр сөз емес, нақты есеп. Оның ішінде білім саласынан 58 миллиард, «Арт спорт» бағдарламасынан 13 миллиард, әлеуметтік қорғаудан 8 миллиард қаржы қазынада қалып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қоғам мүддесіне жұмсалатын қаражаттың сапалы игерілуі Жолдауда жиі айтылатын басым бағыттың бірі. Президент бюджет жүйесін қайта қарап, жұмсалатын қаржының тиімділігін арттыруды тапсырған.
Соған сәйкес өңірде жаңа тәсілдер қолға алынды. Мәселен, инвестициялық жобалардың құжаттамасын әзірлеуге бюджеттен ақша шығарылмай, демеушілер есебінен 7 миллиард теңге бөлінген.
Бұл тәсіл облыстың өзіне сену екенін көрсетті. Бір ғана жобаны қаржыландыру емес, әкімдік 7 ауданда «Руханият орталықтарын» салып, әр мекемені бір ғимаратқа біріктіріп, ұстау шығынын қысқартуға қол жеткізген. Осы қадамның өзі Тоқаев Жолдауында айтылған мемлекеттік аппаратты ықшамдау мен үнемдеу жүйесіне сай келді.
Білім саласында да көзге көрінбей келетін үлкен мәселе шешілді. Жаңа мектеп салуға асықпай, бар мектептің ішіне қосымша ғимарат салып, үш ауысымдық оқуды тоқтатуға болатыны дәлелденді. Әрі құрылысқа кететін ірі шығыннан аман қалды.
Осы әдіспен бюджетке түсетін салмақ азайып, 13 миллиард теңге үнемделген. Бұл жерде асығыс шешім емес, есеппен жасалған жұмыс бар. Президент айтқандай, өңірлер иррационалды шығыннан арылып, көзқарасын өзгерткен кезде ғана жаңа экономикалық модель қалыптаспақ. Қызылорда осы жолға бетбұрғанын аңғартты.
Комитет өкілдерінің айтуынша, алдағы үш жылдық бюджетте трансферт жүйесі де өзгереді. Мақсат өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін теңестіру, инфрақұрылымдағы алшақтықты азайту.
Бұл Президент Жолдауында нақты қойылған талап. Қоғамның сенімін қалпына келтіру үшін бюджет тек қағазда емес, нақты өмірде жұмыс істеуі тиіс. Отырыста осы мәселелер талқыланып, мамандар сұрақтарына толық жауап алды.
Қазіргі кезеңде үнемдеу деген қатаң қысым емес, дамуға мүмкіндік бере алатын тәсілге айналып келеді. Президенттің Жолдауында айтылған мақсаттың рухы да осыған саяды. Жұмсалатын қаржыны қадағалауға, өңірдің өз ішінен күш табуына, халыққа қызмет ететін жобалардың сапасын арттыруға жетелеп отыр.
Қызылордада басталған жүйелі жұмыс егер жалғасын тапса, өңір өз қаржысын өзі бақылап, қажет жерден үнемдеп, болашақ жобаларды өз қаржысына жоспарлай алатын деңгейге көтерілуі мүмкін. Сыр өңірінің тәжірибесі Қазақстандағы жаңа басқару мектебінің бір сынағы. Оны уақыт өзі бағаламақ.

