Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев өзінің Фейсбуктағы жазбасында Украина мен Ресей арасындағы соғыста энергетикалық инфрақұрылымға соққы беру әскери тактиканың бір бөлігіне айналғанын жазды. «ХХ ғасырдағы соғыстардың көбінде осылай болды. Қазір де үрдіс өзгерген жоқ. Алғаш болып азаматтық нысандарға, соның ішінде энергетика саласына соққы жасаған Ресей болды, кейін Украина Ресейдің осал тұсын іздеді. Сол осал тұс ретінде Ресейдің мұнай-газ инфрақұрылымы таңдалды, себебі ол әскери бюджеттің негізгі қорек көзіне аналғанын білеміз» депті Досым Сәтбаев.
Досым Сәтбаевтың айтуынша, кез келген соғыста тараптар бір-бірінің қорғанысындағы әлсіз жерді іздейді, соған соққы жасайды. Алдағы уақытта зымыран мен дрон арқылы өзара шабуылдар күшейе беретіні сөзсіз. Себебі бұл тек бүгінгі соғыс үшін ғана емес, ертеңгі ықтимал келіссөздер үшін де керек.
– Ресей мұнай-газ нысандарына дронмен және зымыранмен жасалған соққылардың жиілеуі Қазақстанға жанама түрде салқынын тигізіп жатыр. Біздің ел ұзақ жылдар бойы Назарбаев дәуіріндегі шикізаттық саясаттың тұтқыны болып қалды. Бірінші президент кезеңінде Қазақстан әлемдік экономикадағы шикізат қосымшасы ретіндегі рөлін азайтуға тырыспады, керісінше экспорттық мұнайдың бәрін дерлік КТК атты бір ғана дәлізге байлап қойды. Акционерлер үшін бұл өте ыңғайлы, табысты схема болды. Ал мемлекет үшін тәуекел жоғарылағанын бүгінде көріп отырмыз, – дейді Сәтбаев.
Саясаттанушының айтып отырғаны ақиқат. Отыз жылдан астам уақыт ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен басқа балама бағыттарды дамытуға толық мүмкіндік болды. Сонымен қатар экономиканың құрылымын өзгертіп, шикізат экспортына тәуелділікті азайтуға болар еді. Бірақ бұл бағытта кешенді шаралар қолға алынған жоқ.
– Қазір Қазақстан бір құбырдың қолында қалған елге ұқсайды. Бұл тәуелділікті тез арада жоя салу мүмкін емес. «Баку-Тбилиси-Жейхан» бағыты жақын арада толыққанды баламаға айналмайды, Қытайға баратын мұнай құбыры да ұзақ мерзімді шешім емес, өйткені Қытайдың өзі мұнай тұтынуды біртіндеп азайту бағытына бет бұрып отыр. Әлемдік тренд Қазақстан үшін жақын болашақта қауіпті факторға айналуы ықтимал. Сауд Арабиясының бұрынғы мұнай министрі Ахмед Заки Ямани айтқандай, тас дәуірі тастар біткендіктен аяқталған жоқ, мұнай дәуірі де мұнай таусылғаннан емес, жаңа технологиялар келгеннен кейін аяқталады, – дейді саясаттанушы.
Алдағы уақытта сирек кездесетін металдар мен түрлі аса қажет материалдар жаңа мұнайдың рөлін атқаруы мүмкін. Әрі оларды тасымалдау да жеңілірек.
Бірақ Досым Сәтбаевтың ескертуінше, егер саясат өзгермесе, Қазақстан сол жаңа ресурстармен де шикізат беруші ғана болып қалу қаупіне тап болады. Ол Нассим Талебтің «қара аққулар» ұғымын мысалға алып, алдағы уақытта Қазақстан экономиканы неғұрлым берік, күйзеліске төзімді етіп құруы керек екенін ескертеді.
– Қазіргі жағдайға қайта оралсақ, Украина КТК-ның жұмысын толық тоқтатуды көздеп отырған жоқ. Ондай ниет болса, оны ертерек жасар еді. Себебі КТК-ға тікелей соққы Еуропалық одақ елдерінің мүддесіне қарсы. Еуропа Қазақстан экспортының шамамен 45 пайызының негізгі сатып алушысы, ал экспорттың басым бөлігі әлі де шикізат.
Сонымен қатар Киев АҚШ мұнай-газ компанияларының мүддесіне зиян тигізгісі келмейді. Олар Қазақстанда мұнай өндіреді, көбіне сол мұнайды КТК арқылы тасымалдайды, кейбірі КТК-ның өз акционері саналады. Жақында АҚШ КТК-ны ықтимал санкциялар тізімінен шығарып, оны өзінің ұлттық мүддесі үшін маңызды инфрақұрылым деп таныды. Сондықтан КТК-ны толық тоқтатмайды.
Бірақ Новороссийск маңындағы нысандарға жасалатын соққылар жалғаса береді. Ссебебі ол жерге КТК мұнайынан бөлек, Ресейдің басқа кен орындарынан да мұнай келеді. Демек, Қазақстан үшін тәуекел әлі де бар, ал оны азайтудың жалғыз жолы ұзақ жылдар бойы кейінге шегеріліп келген шешімдерді енді созбай қабылдауы керек, – дейді Досым Сәтбаев өз жазбасында.

