Финполдың экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров 2025 жылдың басынан бері Мәскеуде тұрып жатыр, деп жазады Ertenmedia.
Elmedia-ның дерегінше, соңғы кезде Ресей Қожамжаровқа қолайсыз болып жүр, ескі Қазақстанның белді өкілі басқа елге қоныс аударуды жоспарлап жүр дейді-мыс.
Егер бұл рас болса, демек Қайрекеңнің Мәскеудегі ықпалды достары оған қауіпсіздік кепілдігін бере алмайтынын, тиісінше тергеуден арашалап қала алмайтынын жеткізген.
«Біздегі мәлімет бойынша, Қожамжаров Мәскеуге биылғы жылдың басында көшіп келген. Өзімен бірге Қостанай тумасы, ел ішінде Марго аталып кеткен Мәргәрита Александрова дейтін тоқалын да ертіп алған. Тоқалдан туған екі ұл Мәскеудегі беделді гимназиялардың бірінде оқиды. Қайрат Пернешұлы балаларын мектептен өзі алып кетеді екен. VIP санатындағы фастфудтан тамақ алып, метро арқылы үйге қайтып, көзге түспеуге тырысады», – делінген материалда.
Elmedia Қожамжаровтың Мәскеудегі өмірінен түсірілген суреттерді де жариялапты.
Басылым дерегінше, Қожамжаров Мәскеуде өте сақ жүреді, үнемі айналасына алаңдап, телефонының SIM-картасын жиі ауыстырады. Мұнысы бекер емес. Оның қауіпсіздігіне курстасы, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің өзі кепіл бола алмай отырғанға ұқсайды.
Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетердің алдында Қожамжаровқа «ешкім тиісе алмайтын мандат» сыйлап, сенатор креслосына отырғызған. 2023 жылдың басында Қайрат Пернешұлы сенатор лауазымынан босады. Сол уақыттан бері оның ешкім тиісе алмайтын статусы жоқ.
Соңғы рет Пернешұлы Қазақстанда 2023 жылдың қарашасында, Болат Назарбаевтың асында төбе көрсеткен. Сол кезде өзі туралы «жеке заң компаниясын аштым» деп қысқа жауап бергені есте.
Соған қарағанда үстінен қылмыстық іс қозғалған Қожамжаровты Қазақстанға экстрадициялау шешілген мәселе сынды. Қыркүйектегі жабық келіссөздер нәтиже бергенге ұқсайды. Айтқандай биыл оның командасы толық жойылды. Татубаев-Кексель-Дүйсенов триосы тергеумен шартқа отырып, барынша сырын ақтаратыны анық. Сол кезде Қожамжаровтың сот алды тергеуі өз пазлын толық жинайды.
Жаңа Қазақстан Қожамжаровтың әлсіз тұсын біледі. Ол әулеттің активі мен бизнесі. Ресейге шығарып алған Қожамжаров капиталына қол жеткізе алмаса да, билік соңғы кезде оның отбасының активтерімен айналыса бастады.
Капитал демекші, Elmedia дерегіне қарағанда, Қожамжаров қызметте жүрген кезінде шамамен жарты миллиард доллар көлемінде байлық жиған. Активтер оның інісі, кәсіпкер Дулат Қожамжаровтың, заңды әйелі Салтанат Аханованың және бала-шағасының (Бексұлтан мен Елнар Пернеш, Жанайдар Қайрат пен Жанел Қайрат) атына рәсімделген.
«Бұдан бөлек, әзірге расталмаған ақпарат бойынша, Қожамжаровтың Нью-Йорктің Бруклин ауданында тұтас бір бизнес-орталыққа иелік ететіні айтылып жүр», – деп жазады басылым.
Қазақстан шын саудаласса, Мәскеуде жүрген Қожамжаровқа «питерлік достары» да, Медведев те көмектесе алмайды. Бұған дейін біз Қожамжаровтың оң қолы саналған Мақсат Дүйсеновтің сөйлей бастағанын жазған едік. Толығырақ осы тұста.

