Президент Тоқаев Петерборда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытынды жиынына қатысып, одақтың алдағы даму бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, одаққа мүше мемлекет басшыларының жыл соңында Санкт-Петербургте жиналу дәстүрге айналғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл кездесу тек жыл қорытындысын шығарудың ғана емес, болашақ стратегиясын айқындаудың да маңызды алаңы.
Тоқаев биылғы жыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін ерекше екенін, ұйым дамуының екінші онжылдығына қадам басқанын еске салды. Әлемдегі күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, одаққа мүше елдер тұрақты өсімді қамтамасыз етіп, өзара сауда-саттық пен өнеркәсіптік кооперацияны арттыра алған.
«Биыл ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі өнімі 2 пайызға өсуі мүмкін, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты сипат алады деп болжап отырмыз. Сонымен қатар, одақ аясындағы өзара инвестиция көлемі 20 млрд доллардан асты. Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі одақ құрылған уақыттан бері жеті есеге жуық өсті», – деді Тоқаев.
Президент цифрландыру мен жасанды интеллект саласына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жасанды интеллект мүмкіндіктерін сауда ағындарын талдаудан бастап, кедендік баждардың тиімділігін бағалауға дейінгі барлық маңызды бағыттарда қолдану қажет. Осы бастаманы келесі жылы Қазақстанда өтетін Еуразиялық экономикалық форумда арнайы декларациямен бекіту ұсынылды.
Тоқаев қандай бастама көтерді?
Сонымен қатар, Тоқаев жаңа өндірістерді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Еліміздің аумағы арқылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі секілді аса маңызды халықаралық маршруттар өтеді. Қазақстан қазір Ресей, Қытай, Әзербайжан және басқа елдерде халықаралық логистикалық орталықтар ашып, Румыния мен Венгрияда терминалдар құруда. Одаққа мүше елдерді осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамыз», – деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымының дамуы да одақ елдері үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Сондықтан ол қатысушыларды кеме қатынасы туралы келісімнің тезірек күшіне енуіне қолдау көрсетуге шақырды.
«Еуразиялық даму банкінің болжамынша, одақ елдерінде өндірістік және экспорттық әлеуетті арттыру арқылы қосымша 67 млрд долларлық тауар шығаруға болады. Егер бұл мүмкіндіктер толық іске асса, жалпы экономикалық тиімділік 500 млрд долларға дейін жетуі ықтимал. Ол үшін өнеркәсіптік кооперацияны дамытып, инновациялық жобаларға инвестиция салу қажет», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар, президент әкімшілік және кедендік кедергілер мәселесіне ерекше тоқталды.
«Тауарлар мен азаматтардың еркін қозғалысына қолдан кедергі жасауға болмайды. Шекарада жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі қалыптасып, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылаулар қысым құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс. ЕАЭО аясында қабылданған келісімдердің нақты әрі толық орындалуы қажет. Кедергілерді уақытылы анықтау үшін жасанды интеллект технологиясын қолдануды да қарастырған жөн. Бұл шаралардың бәрі бизнестің де, азаматтардың да интеграциядан нақты пайда көруіне мүмкіндік береді», – деді мемлекет басшысы.
Одақтың аясы ұлғая ма?
Сонымен қатар, Тоқаев одақтың экономикалық ынтымақтастығының географиялық аясын кеңейтуді ұсынды.
«Биыл Моңғолиямен еркін сауда аймағы туралы келісімге және Біріккен Араб Әмірліктерімен экономикалық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен де осындай келісімге қол қойылмақ. Мұны өте маңызды қадам деп бағалаймыз. Алдағы уақытта да Глобалдық оңтүстік елдерімен, Араб әлемімен, Оңтүстік-шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен байланысты арттыру қажет. ШЫҰ, АСЕАН сияқты ірі ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту де өзекті мәселе», – деді президент.

Жиын соңында Тоқаев 2026 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық Қазақстанға өтетінін айтты.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2026 жылдың 28–29 мамырында Астанада өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, Тоқаев биылғы төрағалығы үшін Беларусь президенті Александр Лукашенкоға алғыс білдірді.
Саммит нәтижесінде ЕАЭО мен Индонезия арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге, сондай-ақ жалпы саны 18 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында:
- Орта мерзімді кезеңге арналған ЕАЭО-ның сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспары;
- 2026 жылғы ЕАЭО бюджеті;
- Одақтың 2026 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары және 2026–2027 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат;
- Өзбекстанмен тауарлар мен көліктер туралы кедендік ақпарат алмасу келіссөздерін бастау;
- Импорттық, арнайы, демпингке қарсы және өтемдік баждарды аудару тәртібі;
- Құрылыс қызметтерін либерализациялау және туризмді дамыту тұжырымдамасы;
- Өнімнің сәйкестігіне қойылатын талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті анықтау;
- Санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды үйлестіру шаралары;
- Ортақ қаржы нарығын құру бойынша заңнамаларды үйлестіру мәселелері бар.
Саммитке Владимир Путин, Александр Лукашенко, Армения премьері Никол Пашинян, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев және Индонезия, Иран мен Кубаның өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қазақстан мен АҚШ арасында 17 миллиард долларлық келісімге қол қойып, Тоқаев алыс құрлықтан қоржыны тоқ оралған.

