Күні кеше ғана Мәскеудің төрінде Владимир Путинмен кездескен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары қоғамда қызу талқыға түсті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Саяси сарапшы Нұрлан Жұмахан бұл кездесуді «қырық жылдан кейін төркіндеп барған кәрі кемпірдің әрекетіне» теңепті. Оның айтуынша, Назарбаевтың Кремльге қайта-қайта барып, Путиннің маңайынан алыстамауы билікке ұмтылудың ескі әрі тиімсіз әдісі деп санайды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Путин мен Назарбаев гүлмен безендірілген үстел басында емін-еркін әңгімелесіп отыр. Сарапшының пікірінше, Назарбаевтың Мәскеуге жиі сапарлауы халық арасында түрлі қауесеттерге жол ашатыны белгілі. Әсіресе, желтоқсан айында оның саяси белсенділігі ерекше күшейіп кетеді. Себебі қазақ қоғамында осы ай саяси өзгерістердің символы.
– Кезінде Назарбаев Мәскеуге арқа сүйеп, билікке келген адам. Қазір де Кремль арқылы саяси ғұмырын ұзартқысы келеді. Бұл әрекеттің тамыры тереңде жатыр. Мәскеуге иіліп, Кремльдің қолтығына су бүрку оның қанына сіңген әдет.
Бірақ ескі әдіс қазіргі саяси жағдайда нәтиже бере ме, жоқ па – бұл бөлек мәселе. Өйткені бүгінгі Кремль де бұрынғы Кремль емес, қазір Путиннің өзі Украинаның мәселесімен бас қатырып жүр, – дейді Нұрлан Жұмахан.
Сарапшының айтуынша, Путин Назарбаевтың қазіргі Қазақстанда саяси ықпалының жоққа жуық екенін жақсы біледі. Бірақ Ресей басшысы бұрынғы одақтас елдің экс-президентін маңайынан ұзатпай, «ұзын арқан, кең тұсаумен» ұстағанды жөн санайды.
Оның бұл әрекетін зейнеткер саясаткерге деген дипломатиялық құрмет деп түсінуге болады. Назарбаевтың Мәскеуге осы сапары, сарапшы сөзімен айтсақ, «қырық жылдан кейін төркінін іздеген кәрі кемпірдің қылығы» сияқты әсер қалдырады.
– Қанша мәрте барып қайтса да, бұл кездесулер Назарбаевтың Қазақстандағы саяси беделін қайта тірілте алмайды. Себебі оның заманы өтіп кеткен, – дейді сарапшы.
Путиннің де Қазақстанның қазіргі билігімен арада ешқандай жаңа шиеленіс тудырғысы келмейтіні анық. Осы тұрғыда Назарбаевтың сапарлары саяси мағынасы жоқ, таза символикалық сипаттағы әрекет қана болып отыр. Сарапшының пікірінше, бұл кездесудің нақты саяси нәтижеге жеткізуі екіталай.
Осыған дейін экономист Нұрлан Жұмағұлов Ресей Назарбаевты араға салып Қазақстанға «Росатомды» тықпалап отырғанын айтқан еді.

