Әлемжеліде Каспий құбыр консорциумына жасалған дрон шабуылын қолдаған азаматтардың аты-жөні анықталып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәселені алғаш көтерген депутат Сарым стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға шабуыл жасалғасын әлемжеліде соны қолдап пікір жазған қауымға шүйліккен.
«Желіде мемлекет үшін аса маңызды нысанға жасалған шабуылды жақтап-ақтап жатқан азаматтар кездеседі. Мұндай әрекетті сөз бостандығымен бүркемелеуге болмайды, керісінше ұлттық мүддемізге тікелей қауіп төндіреді», – деген болатын Айдос Сарым.
Айтуынша, украин дрондарының шабуылы Қазақстанды ай сайын жарты миллиард доллар табыстан қағып, Ұлттық қорды шығынға батыруда. Осыған байланысты депутат Бас прокурор Берік Асылов пен вице премье, Ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдаған.
Сарым шабуылды құптаған қауымды Қылмыстық кодекстің 256 («Терроризмді насихаттау») және 175 («Мемлекетке опасыздық жасау») бабы бойынша қарауды ұсынған еді.
Балаева не дейді?
Балаеваның айтуынша Астана қаласының Полиция департаменті әлемжеліде мемлекет пен халық үшін аса маңызды инфрақұрылымға жасалған шабуылды ақтаған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Іс Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық алауыздықты қоздыру») бойынша тергеліп жатыр.
Контентке психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалған. Қазір тергеу органдары олардың артында тұрған азаматтардың кім екенін анықтауда.
«Пікір мен постты тексеру барысында азаматтардың әрекетін 175 («Мемлекетке опасыздық жасау») және 256 («Терроризмді насихаттау») бабы бойынша бағалауға негіз жоқ ұйғарымға келдік», – деді осы тұста Балаева.
Қара теңіздегі қақтығыс қазақ мұнайың күретамырын қысып тұрғанын біз осыған дейін де жазғанбыз.
Киевтің шабуылына ашық наразылық білдірген Қазақстан Сыртқы істері Украинадан мұндай әрекетті дереу доғаруды талап еткен. Украин тарапы Астананы «мәскеушіл» ұстанымы үшін сынап, шабуылдың жанама салдарына дайын болуы керектігін ескерткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

