Журналист Манас Қайыртайұлы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы АҚШ-қа сапары қарсаңында сатып алған Boeing ұшағының кейінгі тағдырын анықтады, деп жазады Ertenmedia.kz.
1994 жылдың басында Назарбаев Америкаға алғаш рет ресми сапармен барар алдында арнайы Boeing ұшағын сатып алған-ды. Бұл шешімнің саяси астары да бар еді. Өйткені, бұрынғы Кеңес Одағы республикалары арасында сатып алынған алғашқы Boeing болатын.
АҚШ президенті Билл Клинтон да кездесуде жаңа ұшақ туралы сұрағанда, Назарбаев америкалық Boeing орыстың «Ильюшиндерден» әлдеқайда сапалы әрі арзанырақ екенін айтып, мақтаған. Алайда бұл ұшақ жаңа емес еді.
Журналист анықтағандай, Boeing ұшағы алғаш 1978 жылы шығарылып, Trans World Airlines атты америкалық компанияның иелігінде болған. Кейін 16 жыл ішінде бірнеше иесін ауыстырып, 1994 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан үкіметінің меншігіне өткен. Оған UN-001 деген борт нөмірі берілген.
Президенттік борт тек Назарбаевтың сапарларына ғана емес, Қазақстанның ұлттық әуе компаниялары Kazakhstan Airlines пен Air Kazakhstan арқылы коммерциялық рейстерге де пайдаланылған.
Екі жыл өткен соң ұшақ Қазақстаннан Англияға сатылып, 2002 жылға дейін пайдаланылды. Сол жылы ұшақ ұшуға жарамсыз деп танылып, қолданыстан шығарылған.
747sp.com порталының мәліметіне сәйкес, ұшақтың кабинасы мен жоғарғы палубасы бұзылмай сақталып, қазір оқу-жаттығу мақсатында қолданылуда.
Осылайша, Назарбаевтың алғашқы Boeing ұшағы бүгінде Германиядағы Фельберт қаласының әуежайында ғұмырын аяқтады.
Айтқандай, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет сағатында Air Astana компаниясына қатысты бар былықты жайып салған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







