Посткеңестік кеңістікте Ресейдің ықпалы саяси риторикада ғана емес, нақты экономикалық шешімдерде де әлсірей бастағаны анық аңғарылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеше ғана Мәскеудің «тұрақты серіктесі» саналған елдер енді балама бағыт іздеп, стратегиялық жобаларды Ресейсіз жүзеге асыруға ден қоя бастады. Соңғы оқиғалар Қазақстан мен Арменияның қадамы арқылы осы үрдісті бұрынғыдан да айқын көрсетіп отыр.
Соңғы күндері медиада Армения премьер-министрі Никол Пашинянның армян темір жолын басқарудағы ресейлік концессияның болашағына қатысты мәлімдемесі қызу талқыланды. Ереван жаңа энергоблок салуда да Ресейге тәуелділіктен шығуды көздеп отырғанын аңғартты.
Сол мезетте Қазақстан да Мәскеуді ірі энергетикалық жобалардан шетке ысырып, үш бірдей жылу электр станциясын салу ісінде өзге жолды таңдады.
The Moscow Times жазуынша, Қазақстан Семей, Көкшетау және Өскемендегі жылу электр станцияларын салуға ресейлік компанияларды қатыстырмайтын болды. Үкіметтің жуырдағы отырысында Көкшетау станциясын Қазақстанның өзі салатыны, ал қалған екі нысанды «Самұрық-Энерго» қатысатын қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асыратыны жарияланды.
Көкшетауда жобалау жұмысы басталып кеткен
Станция қуаты 820 Гкал-ға дейін жеткізілмек, пайдалануға беру мерзімі 2029 жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған. Жобаның құны шамамен 300 миллиард теңге немесе 643 миллион доллардан асады. Семей мен Өскемендегі нысандар одан да қымбатқа түсуі мүмкін. Әрқайсысы шамамен 400 миллиард теңге, яғни 857 миллион доллардан жоғары бағаланып отыр.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов журналистерге жаңа станцияларда қытайлық заманауи технология қолданылатынын, оның экологиялық талапқа сай келетінін айтқан. Жобаларда көмірді экологиялық тұрғыдан тиімді пайдалану мен жасанды интеллект элементтері қарастырылғаны да хабарланды.
Негізгі сауал да осы тұстан туады
Астана неге бастапқыда көзделген ресейлік серіктестіктен бас тартты? Әуелгі жоспар бойынша бас мердігер ретінде «Интер РАО» қарастырылған еді. Алайда «Курсив» дерегіне сүйенсек, Мәскеу тарапынан жеңілдетілген қаржыландыру жөнінде нақты растау болмаған. Соның салдарынан біздің ел не өз күшімен, не балама серіктеспен жүруге шешім қабылдаған. Алғашқы бағалау бойынша осы үш жобаның жалпы құны 2,7 миллиард долларға жеткен. Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері арасындағы меморандум 2023 жылғы қарашада Владимир Путиннің Қазақстанға сапары кезінде жасалған болатын.
Бастапқы уағдаластықта ресейлік банктер құрылысты 15 жылға дейінгі несиемен қаржыландырады делінген. Кейін жабдық алуға қажет қаржыны субсидиялау мен арзан несие тетігінде түйткіл туындап, жоба басқа арнаға ауысқан.
Қазақстанның ұзақ мерзімді жоспары одан да ауқымды
Еліміз 2030 жылға дейін жаңа сегіз электр станциясын салып, тағы он бір нысанды жаңғырту арқылы қуатты 7,8 гигаваттқа арттырмақ. 2026–2030 жылдарға арналған көмір энергетикасын дамыту бағдарламасы аясында жалпы қуаты 5,3 гигаватт болатын жаңа құрылыс көзделген. Оның ішінде Курчатовтағы 700 мегаватттық конденсациялық станция, 2640 мегаватттық Екібастұз ГРЭС-3, Қарағанды мен Екібастұздағы жылу электр станциялары, сондай-ақ Жезқазған, Көкшетау, Семей мен Өскемендегі жаңа нысандар бар.
Ресеймен арадағы экономикалық салқындық тек энергетикамен шектеліп тұрған жоқ. Наурызда Қазақстан ресейлік астық импортына уақытша шектеу қойып, мәселе тағы ушықты. 21 наурызда бидай, қарабидай, арпа, сұлы, жүгері, соя, кебек және өзге де жемдік өнімдерді әкелуге тыйым салынғаны айтылды. Шекарада Ресей өнімін тиеген вагондардың тоқтатылғаны жөнінде де ақпарат тарады.
24 наурызда осы шектеу туралы Қазақстанның Астық одағы өкілі Евгений Карабанов Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы мемлекеттік инспекциялық комитеттің хатына сілтеме жасап мәлімдеді. Шешімге Ресейдің бірнеше өңірінде малдың жаппай қырылуына әкелген пастереллез індеті себеп болғаны көрсетілген.
Дегенмен ресейлік медиа Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында ресми хабарлама жоқ екенін жазды. Екі тараптың шенеуніктері ашық пікір айтудан бас тартқанымен, шектеу ресейлік экспорттаушыға қолайсыздық туғызғаны жасырылмайды. Ресей тарапы өз кезегінде Қазақстан нарығынан айырылу аса ауыр соққы болмайтынын, өзге аймақта сұраныс жоғары екенін алға тартқан.
Тағы бір назар аудартқан бағыт….
атом энергетикасы. Қазақстан ресейлік астық пен «Интер РАО» қызметінен бас тартқан соң, сарапшылар енді «Росатоммен» әріптестік қайта қарала ма деген сауал қоя бастады. Өткен жылдың тамызында Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында алғашқы атом электр станциясын салуға дайындық басталған еді. 2024 жылғы жалпыхалықтық дауыс беруде ел азаматтары атом станциясын салуды қолдап, бас мердігер ретінде «Росатом» таңдалған. Нысанды 2035–2036 жылдары іске қосу жоспарланған.
Соған қарамастан, Ақорда ядролық секторда Қытаймен де ықпалды әріптестік орнатуға бет бұрғаны байқалады. Еліміздегі екінші және үшінші атом электр станцияларын China National Nuclear Corporation, яғни CNNC салуы мүмкін деген болжам күшейді. Сарапшылар Қазақстанның үш жобаның біреуін ғана Ресейге беруін кездейсоқ шешім деп қарамайды. Көпшілігі мұны стратегиялық ықыластан гөрі, сол сәттегі қажеттіліктің жемісі болуы ықтимал деген бағамен байланыстырады.
Ұқсас көрініс Арменияда да байқалады. Онда да «Росатоммен» ынтымақтастық төңірегінде пікірталас жүріп жатыр. Ереван біртіндеп америкалық мердігерлермен жұмыс істеу нұсқасына назар аудара бастағаны айтылады.
Жалпы көрініс бір нәрсені меңзейді: посткеңестік кеңістіктегі елдер енді Мәскеумен бұрынғы инерция бойынша ғана байланыс орнатпайды. Қаржы, технология, қауіпсіздік және геосаяси маневр тұрғысынан өзіне тиімді бағытты таңдауға көшті. Қазақстанның энергетикадағы, саудадағы және атом саласындағы соңғы қадамдары соның жарқын мысалына айналды. Егер Кремль бұрынғы серіктестеріне тең деңгейдегі ойыншы ретінде қарамаса, Еуразиядағы ықпал картасы алдағы жылдары одан әрі өзгеруі мүмкін.
Нұрлан Жұмахан, саясаттанушы
Арнайы Ertenmedia.kz порталы үшін
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







