Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, экономика, энергетика, атом саласы, көлік-логистика, білім және гуманитарлық байланыс туралы кеңінен пікір білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Владимир Путиннің айтуынша, Ресей мен Қазақстанды ортақ тарих, мәдени байланыс, адам тағдыры мен өзара мүддеге негізделген берік қарым-қатынас біріктіреді. Мәскеу Астанамен арадағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық, қауіпсіздік және әлеуметтік-экономикалық даму үшін маңызды фактор ретінде қарастырады.
Ресей президенті Қазақстанның қазіргі даму бағытына жоғары баға беріп, елдің саяси жүйесі, тұрақты экономикасы және жаңа Конституциясы туралы пікір айтты. Оның сөзінше, қазақстандықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік институттарды күшейту, елді кешенді жаңғырту және орнықты даму бағытын қолдап отыр.
Мызғымас достық
Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен арадағы жеке қарым-қатынастың сенімді әрі ашық сипатта екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел басшыларының кездесулері нақты нәтижеге бағытталып, ең алдымен Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді байланысты кеңейтуге арналады.
Экономикалық бағытта Мәскеу Қазақстанды ірі сауда серіктесі ретінде көреді. Путиннің мәліметінше, екі ел арасындағы экспорт-импорт операциялары бірнеше жыл қатарынан жоғары деңгейде сақталып келеді. Сауданың басым бөлігі ұлттық валюталармен жүргізіледі. Ресейдің Қазақстан экономикасына жинақталған инвестиция көлемі шамамен 30 млрд долларға жеткен. Қазақстандағы шетел капиталы бар заңды тұлғалардың 40 пайыздан астамы Ресей серіктестерімен бірлесіп құрылған компаниялар екені айтылды.
Ресей капиталының қатысуымен Қазақстанда 70-ке жуық ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында автомобиль жасау, ауыр машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да технологиялық бағыттар бар. Путиннің айтуынша, осы жобалар аясында 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
Энергетика екіжақты байланыстың негізгі салаларының бірі ретінде аталды. Ресей президенті Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы әлемдік нарыққа Ресей аумағы арқылы жеткізілетінін еске салды. Газ саласында «Газпромның» қатысуымен Қазақстанның ұлттық газ тасымалдау инфрақұрылымын оңтайландыру және кеңейту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Технологиялық және шикізаттық дербестік
Путин баламалы және таза энергетика саласында да Ресей компаниялары Қазақстанға өз технологияларын ұсынуға дайын екенін жеткізді. Оның сөзінше, ұзақ мерзімді серіктестіктің маңызды бағыты – бейбіт атом. Осы тұрғыда Балқаш маңында «Росатомның» қатысуымен Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы ерекше аталды.
Ресей президенті критикалық маңызды табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу бағытындағы кооперация кеңейіп келе жатқанын да айтты. Оның пікірінше, мұндай байланыс екі елдің ұзақ мерзімді технологиялық және шикізаттық дербестігін нығайтуға ықпал етеді.
Цифрлық сала да Мәскеудің назарында. Путин Қазақстан нарығында ресейлік ірі IT-компаниялардың бағдарламалық өнімдері сұранысқа ие екенін атап өтті. Жасанды интеллектке негізделген цифрлық платформалар мен шешімдерді өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, көлік, мемлекеттік басқару, салық, білім және медицина салаларына енгізу бағытында бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді.
Ғарыш саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ол «Байтерек» кешенінен «Союз-5/Сұңқар» зымыранының алғашқы ұшырылымын маңызды оқиға ретінде сипаттады. Оның айтуынша, мұндай қадам Байқоңырдың тарихи әрі технологиялық маңызын жаңа кезеңде сақтауға мүмкіндік береді.
Көлік-логистика бағыты да екі ел үшін стратегиялық мәнге ие. Путин Ресей мен Қазақстанның географиялық орналасуы үлкен транзиттік әлеует беретінін айтып, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәліздерін дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
Экология және биоалуантүрлілікті сақтау саласында да бірлескен жұмыс бар. Ресей президенті Қазақстанның өтініші бойынша амур жолбарысының популяциясын қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Хабаровск өлкесінде ұсталған ересек жолбарыстар мен жолбарыс күшіктері Қазақстанға жеткізіліп, қазір «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында бейімделу кезеңінен өтіп жатыр.
80-нен астам келісім екі елді байланыстарды
Өңіраралық және шекара маңы байланыстары екіжақты қарым-қатынастың тағы бір маңызды арнасы ретінде аталды. Путиннің мәліметінше, сауда, білім, ғылым және мәдениет салаларында 80-нен астам келісім жұмыс істейді. Аймақтар форумдары, делегация алмасу, бизнес-миссиялар мен көрмелер тұрақты өткізіліп келеді.
Білім және гуманитарлық байланыс туралы айтқанда Ресей президенті екі ел жастарын ортақ жобаларға көбірек тарту қажет екенін жеткізді. Қазір Ресей жоғары оқу орындарында, соның ішінде Қазақстандағы 8 филиалда 60 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Келесі оқу жылына қазақстандықтар үшін бөлінетін үкіметтік квота саны 800 орынға дейін көбейтілген.
Путин Қазақстанда ММУ, МГИМО сияқты жетекші ресейлік университеттердің филиалдары жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар 2025 жылы Ресейде шетелдік жоғары оқу орнының алғашқы филиалы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылғанына назар аударды.
Алматыда «Қазақстан – Сириус» халықаралық мектебі мен дарынды балалар және жастармен жұмыс істейтін орталық құру жоспары да айтылды. Олардың ашылуы 2029 жылға жоспарланған. Осындай екінші кешенді Астанада салу жөнінде де келісім бар екені жеткізілді.
Ортақ тарихи жады мәселесінде Путин Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс тақырыбына ерекше тоқталды. Ол Ресей мен Қазақстан халықтары әке, ата, баба ерлігін қасиетті құндылық ретінде сақтап келе жатқанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі Жеңістің 81 жылдығына арналған іс-шараларға қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Екі елдің достығы тұрақтылық пен қауіпсіздікті маңызды факторы
Саяси және геосаяси тұрғыда Путин екі елдің стратегиялық одақтастығын Еуразиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды факторы ретінде бағалады. Оның сөзінше, Мәскеу мен Астана халықаралық құқық нормаларына, БҰҰ Жарғысына, мемлекеттердің теңдігі мен өркениеттік ерекшелігін құрметтеуге негізделген көпполярлы әлем тәртібін қолдайды.
Ресей президенті қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ЕАЭО, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Ресей – Орталық Азия» форматындағы өңірлік тетіктердің маңызы артқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым жұмысына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Путин сөзінің соңында Ресей Қазақстанмен көпжақты одақтастық қатынасты одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, алдағы мемлекеттік сапар кезіндегі келіссөздер екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге қосымша серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







