Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қаңғыбас жануарларға эвтаназия жасау туралы заң жобасына қарсы шыққан зооқорғаушылардың ұстанымы қоғамдағы тартысты одан әрі күшейтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жиынға Аружан Саин бастаған белсенділер қатысып, қараусыз жануар санын азайтудың ең дұрыс жолы ретінде бұрынғыдай стерилизацияны алға тартты. Алайда баспасөз отырысындағы ең өткір сәт заң жобасының өзінен емес, бала өмірі мен көше иттерінің қаупі жөніндегі тікелей сауалдан туындады.
Журналист спикерлерге қоғамда жиі қойылып жүрген ауыр сұрақты төтесінен қойды:
Қаңғыбас иттің өмірі маңызды ма, әлде баланың амандығы ма? Мысал ретінде 2022 жылы Ақтөбе облысында ит талауынан қаза тапқан бала оқиғасы еске салынды. Осы тұста жұрт күткен жауаптың орнына Аружан Саин мәселені кеңірек аяда түсіндіруге тырысты.
Ол өз сөзінде балалар тек қаңғыбас иттен емес, өмірдегі сан түрлі қатерден зардап шегетінін айтты. Аружан Саиннің сөзінше: «Қараңыздаршы. Өкінішке қарай, бүкіл әлемде адамдар мен балалар әртүрлі жағдайда зардап шегеді. Өкінішке қарай. Балалар соғыс қақтығыстарында зардап шегеді, терезеден құлап жатады. Иә, қылмыскерлердің, зорлықшылардың қолынан да жапа шегеді. Осындай сұмдық жағдай Қазақстанда ғана емес, басқа жерде де болады. Бір-бірімізді де, балаларымызды да толық қорғағымыз келеді, бірақ бәрінен бірдей қорғай алу әрдайым мүмкін емес».
Осы пікірдің өзі қоғамдағы көңіл күйді тіпті қатайта түсті. Себебі бір тарап мұны мәселені жұмсартуға ұмтылған жауап деп қабылдаса, екінші тарап бала өліміне қатысты ауыр сұрақтың салмағы бәсеңдетіліп кетті деп бағалады.
Даулы тұс мұнымен бітпеді
Аружан Саин кейінірек кішкентай баланы қауіпті ортада қараусыз қалдырмау жауапкершілігін де алға тартты. Оның айтуынша, балаға төнетін қатер жануардан ғана емес, оны бақыламай жіберген ересектен де туындайды. Ол ойын былай жеткізді: «Иә, балаларға қатысты айтсам, мен балаларды қараусыз қалдырмағанды қалар едім. Олар біреуден зардап шегуі мүмкін жағдайда жалғыз жүрмеуі керек. Түсінесіз бе? Әсіресе кішкентай бала өзіне әлдене теріс әсер етуі ықтимал жерде болмауы керек. Жауапкершілік тек жануарға ғана емес, ересектерге де жүктеледі».
Дәл осы сөз жиындағы ең даулы мәлімдемеге айналды. Өйткені кей тыңдарман мұны ата-ана жауапкершілігін еске салу деп ұқса, енді бір бөлігі қайғылы оқиғаның салмағын ересекке аударып жібергендей қабылдады.
Зооқорғаушылар соған қарамастан эвтаназия тәсіліне қарсы ұстанымынан айнымаған. Олардың пікірінше, қаңғыбас жануар санын реттеудің жолы жаппай стерилизация. Яғни ит көше ішінде қала береді, бірақ көбею тізбегі үзіледі. Қарсы тарап дәл осы тәсілдің әлсіз тұсын айтып отыр: стерилизация жануар санын ұзақ мерзімде азайтуы мүмкін, бірақ көшедегі агрессия қаупін сол сәтте жоя алмайды.
Сондықтан тартыстың өзегі жануарға жанашырлық пен адам қауіпсіздігін бір-біріне қарсы қоюда емес, қайсы тәсіл нақты нәтиже береді деген сауалға тіреліп тұр. Алматыдағы баспасөз жиыны осы шындықты тағы ашып берді: қаңғыбас ит мәселесі енді тек жануар құқығының ғана емес, қоғамдық қауіпсіздік пен моральдық жауапкершіліктің де қақ ортасындағы түйінге айналған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







