Жетісу облысы қазір бір мезетте бірнеше бағытта өркендетіп келе жатқан өңірдің бірі. Бір жағында шекаралық сауда мен логистика тұрса, екінші жағында аграрлық өндіріс, үшінші жағында туризм мен инфрақұрылым қатар ілгерілеп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдауы осы қозғалыстың нәтижесі жайында айтып берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспары таныстырылды. Әкімнің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі мақсатты индикаторлардың бәріне қол жеткізілген. Қағаз жүзіндегі есептің өзі бір бөлек, оның артында нақты экономика тұр. Соның бір дәлелі, облысқа 610 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары. Мұндай өсім сырт көзге жай статистика болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде инвестиция дегеніміз жаңа цех, жаңа ферма, жаңа жол, жаңа жұмыс орны деген сөз.
Жетісуда қазір агроөнеркәсіп кешеніне айрықша мән беріліп отыр. Өңірдің табиғи мүмкіндігіне қарасақ, мұның жөні бар. Әсіресе қант қызылшасы бағытындағы тірлік қайта жанданып келеді. Егіс алқабы кеңейіп жатыр. Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуатын екі есе арттырып, 950 мың тоннаға жеткізу жұмысы жүріп жатыр.
Қант тақырыбы Қазақстан үшін жай ауыл шаруашылығының бір тармағы емес. Ол азық-түлік қауіпсіздігіне, ішкі нарықтың тұрақтылығына, импортқа тәуелділікті азайтуға тікелей қатысты мәселе. Сондықтан Жетісудағы қант өндірісінің күшеюі бір облыстың шеңберінде қалатын жаңалық емес.
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір маңызды бағыт, алдағы екі жылда жүзеге асатын инвестициялық жобалар. 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 жоба іске асырылмақ. Олардың ішінде құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтары бар. Мұндай жобалар ауыл экономикасын бір ғана шикізатпен шектемейді.
Қайта өңдеу, азық-түлік өндіру, ішкі нарықты қамту, жергілікті кәсіпкерлікті күшейту секілді бірнеше тізбекті қатар қозғайды. Яғни Жетісу ауыл шаруашылығын тек өнім өсіретін сала ретінде емес, табыс пен тұрақтылық әкелетін жүйе ретінде қалыптастыруға бет алғаны байқалады.
Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіш те назар аударарлық. Соңғы үш жылда 29 жаңа нысан іске қосылып, 7 кәсіпорын кеңейтілген. Соның нәтижесінде 1841 жұмыс орны ашылған. Өңір үшін мұның салмағы бөлек. Себебі өндіріс орындарының көбеюі салық базасын ұлғайтады, халықтың тұрақты табысын арттырады, ішкі көші-қонды тежейді. Ең маңыздысы, облыс экономикасы тек бюджетке қарап отыратын жүйеден біртіндеп нақты өндіріс пен айналымға сүйенетін модельге ауысады.
Жетісу өңірі 650 мың тұрғыны бар 210 ауылды көгілдір отынмен қамтыды
Инфрақұрылым мәселесі де кездесуде кеңінен қозғалды. Жетісуда газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жеткен. «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры тартылып, 650 мыңнан астам тұрғыны бар 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізбек. Ауылдағы адам үшін газ деген жай тұрмыстық қолайлылық емес. Ол көмір тасу машақатын азайтады, шығынды қысқартады, экологияға салмақты жеңілдетеді. Әсіресе қысы қатты өңірлер үшін осындай инфрақұрылымдық жобалардың әлеуметтік мәні жоғары.
Жетісудың келесі тірегі, туризм. Алакөл мен Балқаш жағалауы бұрыннан белгілі бағыттар. Қазір сол аумақтарда туристік нысандарға апаратын жол салынып, ауыз су, электр желісі, кәріз жүйесі тартылған. Жағалауды бекіту жұмысы қолға алынған.
Демек, туризм тек жарнама мен маусымдық ағымға сүйенбей, инженерлік инфрақұрылыммен бірге дамып келеді. Бұрқанбұлақ сарқырамасына баратын 31 шақырым жолдың жаңаруы да сол саясаттың бір бөлігі. Табиғаты көркем жерге жол болмаса, ол әлеует қағазда ғана қалады. Ал жол тартылса, сервис келеді, шағын бизнес қозғалады, жұмыс ашылады.
Экология бағыты да назардан тыс қалмаған. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде үш экопарк салынып, 121 мың ағаш егу көзделген. Мұндай бастамалар кейде тек науқан ретінде қабылданады. Бірақ ұзақ мерзімде қарасақ, ағаш отырғызу мен қоғамдық кеңістікті көбейту облыстың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе туризм дамытамын деген өңір үшін табиғи ортаның күтімі мен тазалығы жай қосымша жұмыс емес, негізгі капиталдың бірі.
Исабаевтың жоспары
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді. Соның ішінде Қытаймен шекаралас «Достық» бекетіндегі және «Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы жұмысты тиімді ұйымдастыру міндеті бар.
Мұның астарында үлкен экономикалық есеп жатыр. Жетісу география жағынан жай ғана шет аймақ емес, транзит пен сауда ағыны өтетін маңызды белдеу. Сондықтан шекаралық инфрақұрылымның жүйелі жұмыс істеуі облыс үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де өзекті.
Президент сондай-ақ Алакөл мен Балқаш жағалауындағы демалыс орындарын, тау туризмін қарқынды дамытуға тапсырма берді. Бұл бағыт Жетісудың болашақтағы негізгі табыс арналарының біріне айналуы мүмкін. Себебі өңірде табиғи ресурс бар, географиялық мүмкіндік бар, енді соны сапалы қызметке, қауіпсіз жолға, заманауи инфрақұрылымға ұластыру міндеті тұр.
Жалпы көрініске қарасақ, Жетісу қазір тек есеп беріп отырған облыс емес. Өзіне тән экономикалық бейнесін қалыптастырып жатқан өңір. Қант зауыты мен мал бордақылау алаңы, газ құбыры мен жағалау инфрақұрылымы, шекара бекеті мен тау туризмі бір-бірінен бөлек дүние секілді көрінгенімен, бәрі бір стратегиялық арнаға тоғысып тұр. Ол арна, өңірдің тірегін әртараптандыру. Бір ғана салаға сүйенбей, ауылды да, өндірісті де, логистиканы да, туризмді де қатар дамыту. Жетісудың бүгінгі қарқыны осы бағыттың бос ұран емес, нақты іске айналып жатқанын аңғартады.
Жетісу облысында биылғы қант қызылшасын себу науқаны басталды. Өңірде тәтті түбір алқабы ұлғайып, биыл 13 мың гектар жерге қызылша егіліп, 585 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







