Қазақстанда ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі қайта күн тәртібіне шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы бірінші Ұлттық экономика вице-министр Азамат Әмрин айтып, ЕТЖ-ны медианалық жалақының шамамен 50 пайызына жақындату керек екенін жеткізді. Алайда нақты қашан өсетіні әзірге белгісіз. Үкіметтің өз түсіндіруінше, шешім республикалық бюджеттің мүмкіндігіне және биылғы түсім қорытындысына байланысты болады. Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде тұр.
Сырт қарағанда бұл бастама халық табысын арттыруға бағытталған оң қадам сияқты көрінеді. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Көптеген әлеуметтік төлем мен салықтық міндеттеме дәл осы ЕТЖ көрсеткішіне байланып тұр.
Сондықтан мөлшер екі есеге жуық өссе, шағын бизнес үшін жүктеме де айтарлықтай ауырлауы мүмкін. Digital Business-ке пікір білдірген салық қауіпсіздігі жөніндегі маман Дмитрий Казанцевтің айтуынша, Қазақстанда шамамен екі миллион жеке кәсіпкер бар, ал олардың басым бөлігі өз қызметкерін ең төменгі жалақы деңгейімен көрсетіп келеді. Сол себепті база көтерілсе, кәсіпкердің өзі үшін де, жұмыскер үшін де төлем көлемі өседі.
Сарапшының ойынша, шағын бизнесте заң бойынша төлемнің бір бөлігі жұмыскерден ұсталғанымен, іс жүзінде барлық ауыртпалық бәрібір кәсіпкердің мойнына түседі. Сондықтан ЕТЖ-ның күрт көтерілуін ең алдымен ірі компаниялар емес, шағын және орта бизнес қаттырақ сезінеді. Оның пайымдауынша, табысы сол күйі қалып, тек есептеу базасы өскен жағдайда халықтың қолына тиетін нақты ақша көбеймей, бюджет алдындағы міндеттеме ғана артады.
Дмитрий Казанцев тағы бір маңызды жайтқа назар аударады. Оның айтуынша, мұндай өсімге дейін қызметкерге байланысты төленетін жиынтық салмақты жеңілдету керек еді. Қазір қоғамда жалақыны «аққа» шығару туралы жиі айтылады. Бірақ төлем үлесі жоғары болып қала берсе, мұндай мақсатқа жету қиын. Осы тұрғыдан алғанда, сарапшы ең төменгі жалақыны көтеру идеясының әлеуметтік жағынан дұрыс болғанымен, оның шығыны тағы да бизнеске түсіп отырғанын айтады.
Қазір билік жағы да асығыс шешім қабылдай қоймағаны байқалады. Азамат Әмриннің сөзінен ұққанымыз, 150 мың теңге – бірден енгізілетін норма емес, жақын мерзімдегі мақсат ретінде қаралып отыр. Яғни бұл мәселе әлі бюджетпен, экономикалық ахуалмен және үкіметтің қаржылық есебімен бірге пысықталады. Демек әзірге кәсіпкерлер үшін де, жалдамалы жұмысшылар үшін де нақты өзгерістен гөрі, ықтимал сценарий туралы әңгіме жүріп жатыр.
Қысқасы, ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге жеткізу бастамасы қоғамға бірдей әсер етпейді. Бір жағынан, ол әлеуметтік стандартты көтерудің амалы ретінде көрінеді. Екінші жағынан, шағын бизнес үшін қосымша шығын көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселенің түйіні бір ғана санда емес, соған байланған бүкіл салықтық және әлеуметтік төлем жүйесінде жатыр.
Айтқандай, Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі бұрынғыдан да қатаңдауы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







