Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты бастапқы үрей біртіндеп сейілгендей. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, салық реформасының қысқа мерзімді әсерін экономика 2026 жылдың басында-ақ еңсеріп үлгерген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр алғашқы тоқсан дерегін алға тартып, реформаның нәтижесі күткен бағытта жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, эмоция, күдік пен күмәннан бөлек, нақты көрсеткіш бар. Ал сол көрсеткіш бюджет кірісінің өсіп, бизнестің жаңа тәртіпке бейімделе бастағанын аңғартады.
«Фактілер қыңыр нәрсе, олар эмоцияға, қорқыныш пен күтуге тәуелді емес. Шындық басқаша болып шықты. Бірінші тоқсан қорытындысының өзінде салық реформасы біз күткен нәтижені бере бастағанын айтуға болады», — деді Жұманғарин.
Бюджетке түскен ақша көбейді
2026 жылға арналған салық түсімі жоспары 18,9 трлн теңге болып бекітілген. Былтырғымен салыстырғанда, өсім 4,4 трлн теңгеге көп.
Қаңтар-наурыз аралығында бюджет кірісі трансферттерді есептемегенде 4,159 трлн теңгеге жетті. Жоспар 101,8 пайызға орындалған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өсім 26,1 пайыз немесе 861,8 млрд теңге болды.
ҚҚС бойынша түсім 1,962 трлн теңгеге жетіп, 48,6 пайызға артқан. Ақшалай есептегенде, қосымша өсім 641,9 млрд теңге.
Басқа негізгі салық түрінен де өсім байқалды. Корпоративтік табыс салығы 16,9 пайызға, импортқа салынатын ҚҚС 24,2 пайызға, пайдалы қазбаларды өндіру салығы 35,7 пайызға көбейген.
Жұманғарин мұны жай ғана мөлшерлеме өсімінің салдары емес, нақты экономикалық белсенділік пен салықтық әкімшілендірудің жақсаруы деп түсіндірді.
Бизнес көлеңкеден шыға бастады
Министр назар аудартқан басты деректің бірі ҚҚС төлеушілер саны. Жыл басынан бері олардың қатары 12 мыңға жуық көбейіп, 146 мыңға жеткен. Былтырмен салыстырғанда, 20 мыңға көп.
Жұманғариннің пайымынша, осы көрсеткіш бизнестің бөлшектену схемасынан біртіндеп бас тартып, ашық жұмыс үлгісіне көшіп жатқанын көрсетеді. Яғни кәсіпкерлер бұрынғыдай салық жүктемесін айналып өту үшін қызметті ұсақ құрылымға бөліп тастау тәсілінен алыстай бастаған.
Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша елде 2,2 млн шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Олардың саны 5,3 пайызға азайған. Министрлік мұны бизнестің іріленуімен және қызмет формасының өзгеруімен байланыстырады.
Бір қарағанда, азаю алаңдататын белгі секілді көрінеді. Бірақ қатар жатқан басқа дерек бар: салық жүйесіне 410 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам тіркелген. Соның 348,5 мыңы бұрын ресми рәсімделмеген.
«Бұл жалаң статистика емес. Бұл мінез-құлық моделінің біртіндеп өзгеруі. Экономикалық белсенді азаматтардың көбі заңды форматты таңдай бастады», деді министр.
Шағын және орта бизнестен түскен салық артты
Шағын және орта бизнестен түскен салық көлемі 20,3 пайызға өсіп, 1,13 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде шағын бизнестегі өсім 29,9 пайыз, орта бизнесте 11,7 пайыз болды.
Мұнда Үкімет үшін маңызды сигнал бар. Реформа бизнесті тұншықтырмай, керісінше, бір бөлігін ашық алаңға шығарса, бюджет тұрақты кіріс көзін көбейтеді. Бірақ осы тұста тепе-теңдік керек. Әкімшілендіру қатайып, диалог әлсіресе, шағын кәсіпкер қайта көлеңкеге кетуге тырысады.
Сондықтан Жұманғарин салық жүйесі жазалаушы модельден сервистік модельге ауысып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін бір жыл талқылау барысында бизнес пен мемлекет арасындағы сенімсіздік деңгейін төмендетуге мүмкіндік туған. Енді кәсіпкерлерді сүйемелдеу, түсіндіру және консультация беру тәжірибесі кеңеймек.
Ұлттық қорға қол созу азайды
2026 жылы Қазақстан соңғы бес жылда алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферт алмады. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы мұндай трансферт көлемі 3,25 трлн теңге болған.
Жұманғарин мұны шикізат кірісіне тәуелділікті азайту және экономиканы орнықты үлгіге көшіру жолындағы маңызды қадам деп бағалады. Яғни Үкімет бюджет тапшылығын бұрынғыдай Ұлттық қор есебінен жауып отыруға емес, ішкі салық базасын күшейтуге сүйенбек.
Осы арада салық реформасының саяси салмағы анық көрінеді. ҚҚС көтерілгенде қоғамда баға өседі, бизнес әлсірейді, тұтынушыға ауыр тиеді деген алаң көп болды. Министр енді алғашқы тоқсан дерегін сол күдікке жауап ретінде ұсынып отыр.
ҚҚС әсері қысқа болды ма
Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі инфляциялық күтулерге әсер еткенін жоққа шығармады. Бірақ бизнес өзгеріске алдын ала бейімделгенін айтты.
«ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруінен болған қысқа мерзімді ауыртпалықты экономика еңсеріп қойды. Бұл әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. ҚҚС өсімінің ықпалы қысқа мерзімді болады және алты айға дейін созылады», деді ол.
Министрдің логикасы түсінікті: нарық салық өзгерісін бір рет бағаға енгізеді, кейін жаңа деңгейге бейімделеді. Бірақ халық үшін негізгі сұрақ әлі де ашық тұр. Бюджетке түскен қосымша ақша қарапайым адамның табысына қашан және қалай әсер етеді?
Келесі уәде халық табысы
Үкіметтің есебінше, қосымша 4,4 трлн теңге келесі кезеңге ресурс болады. Ол кезең халықтың нақты табысын арттыру.
Мамыр айында Үкімет азаматтардың нақты кірісін өсіруге арналған жаңартылған бағдарламаны таныстырмақ. Онда жұмыс орнын ашу, өнеркәсіпті қолдау және экспортты дамыту шарасы қамтылуы тиіс.
Жұманғарин Үкіметтің негізгі міндеті өзгермейтінін айтты. Экономикадағы өсім тұрғындардың табысына айналуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







